ЛГБТК+ тақырыбындағы Selftanu.kz сайты бұғатталды

none

Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТК+ тақырыбындағы Selftanu.kz сайтын бұғаттады.

Ведомствоның интернет-ресурстарды тексеретін парақшасында сайт "баланың денсаулығына, рухани және адамгершілік тұрғысынан дамуына зиян келтіретін ақпарат жариялағаны үшін" бұғатталғаны жазылған.

"Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан халқы арасында ЛГБТ қозғалысы идеясын тарататын интернет ресурсты бұғаттады. Бұл шешімді шығарғанда балаларды психологиялық жасының ерекшелігі, балалар ақпараттардың теріс әсеріне әлсіз екені, Қазақстан қоғамы мен мемлекеттің мәдениеті, дәстүрі ескерілген. Бұған қоса, балаларды дұрыс әрі толық тәрбиелеу мақсатында сайтқа шектеу қойылды" деп жазылған министрлік түсіндірмесінде.

Министрлік "Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы", "Бала құқықтары туралы" заңдарға, сондай-ақ "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңдарға сілтеме жасайды. Ведомствоның хабарлауынша, "сайт заңға қайшы деп танылған мақалаларды өшірсе, қайта жұмысын жалғастырады".

2015 жылы "Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы" заң қабылданды. Онда балаларға ЛГБТ-ға ұатысты ақпарат көрсетуге тыйым салынған. Заңға президент қол қоймай тұрып, Конституциялық кеңес бұл жоба негізгі заңға сай келмейді деп тапты.

2024 жылы қаңтарда ашылған Selftanu.kz сайты жастарға денсаулық, қарым-қатынас, жыныстық бағдар туралы қазақша және орысша ақпараттар жариялаған. Жоба авторлары — Саша Казанцева мен Мүтәлі Москеу. Олар бұғаттау бойынша 13 ақпанда баспасөз жиынын өткізетінін хабарлады

Айдары: Бақ-бақ 12.02.2024 59

Қатысты мазмұн