
Қытай-қазақ шекарасын заңсыз кесіп өткен этникалық қазақ Бағашар Мәлікұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқарған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі хабарлады.
ҰҚК шекара қызметінің хабарлауынша, шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындаған Бағашар Мәлікұлының үстінен 23 қарашада Қылмыстық кодекстің "Шекараны заңсыз кесіп өту" бабы бойынша іс қозғалған. Осы күні оның Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өту әрекетінің анық-қанығын білу мақсатында іс-шаралар жүргізілген.
Шекара қызметі Бағашар Мәлікұлының үстінен қозғалған іс 23 желтоқсанда тоқтағанын мәлімдеді. Орган ресми жауабында Мәлікұлына қозғалған қылмыстық істің қысқартылу себебін, "шекараны заңсыз кесіп өту әрекетін анықтау шараларында" не белгілі болғанын түсіндірмеді.
37 жастағы Бағашар Мәлікұлы өзінің 2017 жылы қаңтар айында Қытайдың Шыңжаң өлкесі Моңғолкүре ауданы аумағынан Қазақстанның Алматы облысы Райымбек ауданына дейін екі күн жолда қонып жаяу келген.
Ол 2015 жылы отбасымен бірге Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданына қоныстанған. 2016 жылы Қытайда қалған әке-шешесіне қыдырып барған кезінде жергілікті құқы қорғау орган өкілдері оның жеке бас құжаттарын алып, кері қайтармай қойған. Өзінің айтуынша, жергілікті полиция бөлімшесінде істейтін таныстарының бірі лагерге қамалатынын айтқан, содан кейін ол Қазақстанға қашуға бел байлаған.
Бағашар Мәлікұлының әйелі мен үш баласы Қазақстан азаматы. Өзі Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, Алматы облыстық көші-қон полициясына арыз түсірген. Ресми орган Шыңжаң қазағының арызын қабылдап алғанын растады.