«Құсният операциясы», Стамбұлдағы «Путиннің қайын атасы» және АҚШ-тағы «Нойс»

none

Нью-Йорктегі жесір келіншек Қалбынұрдың қайнысы Құсният пен оның бажасын «бет-әлпетің, кір-қожалақ киімің туристке ұқсамайды» деп Дубай әуежайы Бразилияға ұшырмай қойғанын «Тілек оперциясында» жазғанмын. Енді АҚШ-қа құштар болған «ауылбайский» екі оралманның әлқиссасын жан-жақты баяндап берейін.

Кәсіпкер Ерлан Бекмырза Серікжан Бияштың өтінішімен Қалбынұрға Қазақстанда қалып кеткен қызы Силаны жеткізіп беру барысында жол қиыншылығын ескеріп, өзінің әйелін жас баласымен Эквадордан Дубайға қайтарып жібергені «Сила операциясында» жазылды. Дубайда Ерланның офис-үйі бар. Ерлан офисіне оралған әйелін АҚШ-қа алдыруды қайта ойластыра бастайды. Осы тұста бір нәрсені баса айтқым келеді. Серікжанның «Силаны шешесіне әкеп бер» деген тапсырмасына шейін Ерлан Бекмырза Қалбынұрды танымайтын. Ерлан «Сила операциясын» сәтті жүзеге асырған соң оған «Мен - Құсниятпын, Қалбынұрдың қайнысымын, Силаның кіші әкесі болам, бажам екеуіміз АҚШ-қа барайық деп едік, Сенің әйелің де барады екен, бәріміз бірге жол жүрсек оңай болады ғой» деп қолқа салады. Бұған Ерлан келіседі, оларға «Дубайға ұшып келіңдер» дейді. Құсният пен оның бажасы Дубайдан Бразиялиға, одан әрідегі бірнеше елді басып өтетін Мексикаға дейінгі жолкүрені, яғни билеттерді онлайн рәсімдеп тұруға Нью-Йоркте жүрген Ерланға 7 мың доллар жібереді...

«Ауылбайский» екі оралманды әуе компаниясы Дубай-Бразилия ұшағына мінгізбей қоюының себебін айттық. Дегенмен, олар Ерланның келіншегіне «бізді тастап кетпеші» деп жалынып-жабысып қоймайды. Сол екеуінің кесірінен Ерланның әйелі де ұшаққа міне алмай қалады, билеті «күйіп» кетеді. Осы оқиғадан кейін Құснияттың бажасы (суреті комментте) қолын бір сілтеп, Алматыға қайтады. Құсният бір-екі күннен кейін, әлдекіммен қайта-қайта телефонмен сөйлескен соң, аяқасты «Путиннің қайын атасы көмектесетін болды» (Құснияттың сөз ләмінен спортшы А.Кабаеваның әкесі деп ұқтық) деп Стамбұлға ұшады. Ал Ерланның әйелі жаңадан билет алып, Оңтүстік Америка құрлығы арқылы АҚШ-қа баруға жинала бастайды.

Бір-екі күннен кейін Құсният Ерланның әйеліне хабарласып, оның Стамбұлға жетуін, содан кейін «Путиннің қайын атасының» көмегімен сол белгілеген жаңа маршрутпен бірге жолға шығу керек екенін айтып езеуреп қоймайды, «мың рет ызбандайды». Ерланның әйелі бұл ұсыныстан бас тартқанда Құсният дікеңдеп, доқ көрсете сөйлеп, жас балалы келіншекті сыбап тастайды... Бұл әңгіме Нюю-Йорктегі Ерланның құлағына сол мезетте жетеді. Ол Құсниятқа «енді өз білгеніңмен жүре бер, менің әйелімді мазалама, оңбаған...» дейді. Осы тұста екеуара ұрыс-керіс басталады. Ерлан Құсниятқа онлайн билет алып, АҚШ-қа шейін бағыттап отырудан да бас тартады. «Дубайда пәтер беріп сендерді оншақты күн асырағанымды да, сендердің кесірлеріңнен әйелімдегі Дубай-Бразилия билетінің «күйіп» кеткенін де бұлдамаймын, бірақ сен әйелімнен кешірім сұрамасаң, 7 мың долларың қайтпайды» деп ашуланып, қыжықтаған әңгімені шорт кеседі...

Содан Ерлан Бекмырза Нью-Йорктегі бизнесін қамдап бейқам жүрсе, «Нойстың» кіләстәсімін» деп бір қазақ телефон шалады. Бірақ ол Стамбұлдағы «Путиннің қайын атасының» атынан емес, Құснияттың тікелей арызы бойынша «разборка» жасауға келіпті. Олар бір кафеде кездеседі. «Кіләстәспен» бірге тағы бір «нойсшы» кіреді кафеге, Ерлан – жалғыз. «Разборкаға Құсният онлайн қосылып отырады. «Кіләстәстің» айтуынша, «Нойс» сыртта, бірнеше жігітпен машина ішінде қалыпты, «разборка» жасауды екеуіне тапсырыпты...

«Разборка» барысында Құсният кінәлі болып шығады. «Нойстар» да белден басып, кәсіпкерді «сындырып» тастауға дәті бармайды, Нью-Йорк полициясынан жасқанады. Себебі, АҚШ «жердің бір жеріндегі» Қазақстан емес, тіпті Түркия да емес, онда «Дикий» болсаң да, «Нойс» болсаң да, аяғыңның ұшымен жүріп, аңдап басуың керек. Мұндай «сабақты» «Нойс» Түркияда жүргенде алған... Разборканың соңында «Нойстың» жігіттері Құсниятқа «басқасы басқа, енді сен біздің келіп-кету жолкүремізді төлеуге міндеттісің» дейді. Стамбұлда «Путиннің қайын атасының» қасында отырған Құсният «Нойс» жігіттерінен құтылу үшін Ерланға жалына бастайды: «3,5 мың доллар берші соларға, Құдай үшін»... Бәрін фактімен қаттап жүретін Ерлан Бекмырза Құснияттан өтінішіне сәйкес видео жіберуін (видео – төменде тұр) талап етеді, ал «Нойстың» жігіттеріне «ақша алдым» деген қолхат (қолхат пен екі жігіттің кім екені жөніндегі мәліметі төменде тұр) жаздырып алады. Кәсіпкердің дәлелді сөзі мен ісіне көңілі толған «Нойстың» «кіләстәсі» «Ерлан, жүр машина жаққа, сені «Нойспен» таныстырып қояйын, бірде болмаса, бірде керек болады» дейді. Ерлан «рахмет, менің өмір жолым басқа» деп сыпайы түрде бас тартады...

Әрине, бұл жазбадағы «Путиннің қайын атасы» деген бекер әңгіме, ол Құсниятты жолға салып бағыттап, «Стамбұлға бар» деп бұйырған құпия адамның қиялынан туған дүние. Путиннің шын қайын атасы «ауылбайский» Құсниятты маңайлатушы ма еді?!. Құпия адамның Қалбынұр емесі де анық. «Ол - «ФБР-да жұмыс істеп, айына 10 мың доллар жалақы алатын» Серікжан Бияш деп болжадық. Ол Құсниятты «Нойстың» Стамбұлда қалып кеткен өте жақын танысына жіберген-ау, сірә, себебі АҚШ-та «аяғының ұшымен» аңдап басып, абайлап жүрген «Нойс» әлдекім айтақтады екен деп, бас-көз жоқ Нью-Йорктегі «разборкаға» ұрынбайды ғой...

Ораз Әлімбеков

(материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Дүрбі 19.02.2024 105

Қатысты мазмұн