Құрылтай қоғамды ыдыратушы жиынға айналды

none

27 қарашада Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында құрылтай өтті. Алматыдағы «Халық құрылтайы» деп аталған жиынды ұйымдастырған - Балташ Тұрсымбаев пен Рысбек Сәрсенбайұлы. «Ел тірегі» партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев ұйымдастырған жиын «Жалпыұлттық құрылтай» деп аталды.

Қазақ дәстүрінде «Құрылтай» деп аталатын ұлы жиын бүткіл елдің ортақ мүддесін қамтитын, бәрін бір мақсатқа жұмылдыратын. Ол үшін халық түгел қамтылуы тиіс. Алматы мен астанада өткен екі жиын бұл шарттың үдесінен шыққан жоқ. Екі қалада бір күнде жиын өткізудің өзі бұл құрылтайлардың біріктіруші емес, қоғамды ыдыратушы әрекет екенін көрсетті, бірі екінші топқа деген тақастықтықтың, саяси қысастық пен бақталастықтың бар екенін тағы да паш етті.

Кейінгі саяси тарихта құрылтай дүниеге шашырап кеткен қазақтардың басын біріктірді, оларды Қазақстанға жинауды көздеп ұйымдастырылып жүр. Бірінші президент Н.Назарбаевтың төрағалығымен ұйымдастырылатын «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайының» мақсаты айқын. Осы құрылтайдың мақсатына сәйкес шетелдегі қазақтарды елге оралту жөнінде арнайы көші-қон заңы да қабылданған. «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайының» маңызын жоққа шығару мүмкін емес, бұл жиын қазақтардың басын біріктіру үшін, шетелде жүрген қандастарымызды қолдау үшін өзекті жиын болып қала береді.

«Құрылтай» деген маңызға ие сөзді кейінгі жылдары саясаткер Жармахан Тұяқбай өзінің саяси пиар акциясына пайдаланып көрді. Ол саясаттан қол үзген соң, «құрылтай» деген атаумен жиналыс жасауды Балташ Тұрсымбаев пен Рысбек Сәрсенбайұлы қолға алып жүр. Олар бұған дейін «Халық құрылтайы» деген атаумен екі мәрте жиын өткізген. Бұрын Б.Тұрсымбаев пен Рысбек Сәрсенбайұлы өзара жарасымды әрекет еткен жоқ. Оппозицияның бөлініп-жарылуы кезеңінде Б.Тұрсымбаев Ж.Тұяқбайды қолдаса, Р.Сәрсенбайұлы үнемі Болат Әбілев жағында болды. Екі топтың арасындағы кикілжің кезінде қазір тізе қосып, егіз қозыдай бірігіп құрылтай өткізіп жүрген екеудің де ілігісіп қалғанын білеміз. Сол бір араздықты қойып, Б.Тұрсымбаев пен Р.Сәрсенбайұлының біріге қалуы олардың «Мамай» жобасының қосалқы бөлшегіне айналғанынан хабар береді. Сондықтан олардың ұйымдастырған құрылтайына «мамайшылдар» ғана қатысып жүр. «Халық құрылтайын» өткізудің шығыны да «Мамай» жобасына бөлінген қаржы есебінен өтелетін сияқты. «Ала қойды бөле қыратындай» әсер қалдыратын бұл жиынға оппозицияшыл қауымның бір бөлігі наразы. Соңғы құрылтайда сол наразы топ «Халық құрылтайының» шырқын бұзып, «бізге неге сөз бермейсіңдер» деп тағы да айқай-шу шығарып кетті.

«Құрылтай» деген сөзді иемденіп алғандай «терісіне толып, сыймай жүрген» Б.Тұрсымбаев пен Рысбек Сәрсенбайұлына қараша айының ортасында тағы бір саяси жобаның жетекшісі Нұржан Әлтаев сөз салып келген. Р.Сәрсенбайұлының айтуынша, ол құрылтайды бірігіп Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жөнінде ұсыныс айтқан. Дегенмен, Н.Әлтаевтың ұсынысы қабыл болмады. Ол өзінің әрекет ететін аймағына – астанаға орала сала, 27 қарашада «Жалпыұлттық құрылтай» өткізетінін жариялады. Сөйтіп, ол «құрылтай» деген атаумен жиын өткізу инициативасын қолына алмақшы болған. Бірақ, Б.Тұрсымбаев пен Р.Сәрсенбай әбжіл қимылдап, олар да 27 қарашада құрылтай өткізіп жіберді. Алматыда өткен «Халық құрылтайы» секілді, Н.Әлтаевтың астанада өткізген «Жалпыұлттық құрылтайы» да қазақ қоғамын түгел қамтымады. «Ел тірегі» партиясының жетекшісі де ондай ұлы мақсат қойған емес, жиын асығыс-үсігіс саяси пиар акция түрінде ұйымдастырылды. Сірә, ол «Мамай» жобасын әлсірету үшін, «мамайшылдардың» ішіне іріткі салып, ыдырату үшін әрекет еткен секілді.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 30.11.2021 87

Қатысты мазмұн