Қазақстандағы сәләфизмнің саяси әлеуеті қандай?

none

Мәжіліс сайлауы қарсаңында Түркиядан Қазақстандағы әлдебір тойды сылтауратып елге жетіп келген сақалды екі жігіт – Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабеков әзірге саяси резервте тұр. Тілеухан жөнінде әңгіме жоқ, бірақ Тазабековтің саяси әлеуеті күшті әлдебір кандидатқа қарсы «түлкі шалатын тазыша» дүбірге қосылатыны айтылған. Сондықтан діни нанымы бір екі туысқанның сайлаудағы шансын есептейік. Мұнда алдын ала айта кететін басты нәрсе, Мұхамеджан дегенде Бекболатты, Бекболат дегенде Мұхамеджанды қаперде ұстау ләзім, екеуін бөліп-жарып қарау жоқ.

Арабиядан желі тартып отырған сәләфилік діни идеологияның әлеуеті күн санап күшейіп келеді. Солай бола тұра, өзінің арман-тілегі мен шынайы анализді араластырып қойыртпақтап жіберетін кейбір сарапшылар Бекболат Тілеуханның Қаңтар оқиғасы қарсаңында депутаттық мандатты тәрк еткенін, Түркияға тайып тұруын, Қайрат Сатыбалдының сотталуын және т.б.с.с. оқиғаны Қазақстанда сәләфизмнің күні батып бара жатқандай қылып тәпсірлейді. Бұл қате тәпсір, халықты адастыратын, әрқашан сақтықпен жүруі тиіс қоғамды беймарал күйге түсіріп, буын-буынын босаңсытып қоятын құйтырқы әдіс-айла болуы да мүмкін.

Шындығында, сәләфилік діни көзрасты ұстанатын қауымның маргиналдану процесі қарқынды жүріп жатыр. Рас, олар көзге түсе бермейтін жабайы базарларды, сауда-саттық саласының көлеңкелі жағын ықтап кетті. Қазақ саясаттануы іліміне кіріккен «түрменің исламизациясы» ұғымын қазір тура және ауыспалы мағынада қатар қолдана берсе болады. Қазақ руханиятындағы бітік жараның беті жарылмай ішмерездеген ірің секілді ішке түсіп, кеулеп бара жатқандай әсер қалдырады.

Санадағы шетін идеяны хирургия әдісімен кесіп алып тастауға зайырлы мемлекеттің күшін пайдалану мүмкін емес. «Діни радикалдарды сауықтырамыз, экстремистік секталардың жолын кесеміз» деген ҚМДБ дым да бітірген жоқ, пітір-садақа жинап, «дінбасылар» «қарынын қампайтып» жатқанына риза, тіпті дәстүрлі жамағатының азайып баратқаны молдаларды ойландырмай да. Бас мүфти шоу жасап, «адасып кеткен» Мұхамеджан Тазабековтің «Матруди ақидасына, Ханафи мазхабына оралғанын» жаһанға жариялағаны секілді негізі жоқ декларативті мәлімдемеден әріге бармады. Діни идеологияның конъюнктурасында жиі қолданатын такыйа тактикасын қаперде ұстасақ, мұның бәрі бекер, көзбояушылық...

Ислами діни идеологиялық ағымдардың Солтүстік Африкада, Таяу Шығыс пен Иранда бірнеше мәрте зайырлы мемлекетті төңкеріп тастағанын, Осман империясын құлатқан «ұлт-азаттық қозғалыста» да басты рөл атқарғанын еске алып уақыт өлтіріп жатпаймыз. Қазақ қоғамының маргиналды қатпарында бұйығып жатқан діни ағымдар ерте ме, кеш пе, саясатқа белсенді араласады. Қаңтар оқиғасынан кейін «зікіршілер» деп аталатын сопылық тариқат қайтадан саяси карт-бланш алған секілді. 2010-шы жылдары «зікіршілерді» басып-жаншып, тақсырларын соттатып жіберген репрессивті науқанға сәләфи көзқарастағы кейбір қоғам қайраткерлері мен түбі Түркиядан бастау алған сопылардың тікелей араласқаны өтірік емес. Қаңтар оқиғасынан кейін, одан берідегі Мәжіліс сайлауының қарсаңында «зікіршілердің» саяси белсенді әрекеті бұйығып қалған сәләфи көзқарастағы жамағатты бей-жай қалдырмайды. Оның үстіне, «сәләфизмге заңмен тиым салу керек» деген ұранды сөз жиі айтылатын болды. Салдары қандай болатыны белгісіз осы айқай-сүреңге «зікіршілер» ғана емес, тәңіршілер де, мүфтият жүйесіндегі сопылық бірнеше тариқаттың көсемдері де алақанын ысқылап қуанып отыр. Олар діни идеологиялық текетірес кезеңінде қазақ қоғамын қандай қауіп-қатерге ұрындыратынын сезінбейді де.

Талай сектаға кіріп-шығып тәжірибе жинаған, қазір тәңіршілердің абызы болуға шақ қалған Тұрарбек Құсайынов «Мен қалай рухани жаңғырдым» және «Шырмауық» деп аталатын кітабында қолдан діни тариқат жасап, оны радикал ислами ағамдарға қарсы қою арқылы елдегі күрделі ахуалды түзету мүмкін емес, бос әурешілік екенін айтады. Дінтанушы-имам Қайрат Жолдыбай «радикал» сәләфи мен «байсалды» («жуас») сәләфидің арасына теңдік белгісін қойып тастаған. Талай жыл діни радикализмнен сананы сауықтыру орталығында жұмыс істеген дінтанушы-ғалым Асқар Сабдиннің ойынша, «байсалды» сәләфидің уағызымен «радикал» сәләфидің «бетін бері қаратып алу» - түбегейлі қате методология. «Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап» алған ҚМДБ-ның дәрменсіздігін жоғарыда айттық.

Ислами діни идеологиялық ағымдар іштей тынып, бұйығып қалғанымен, күндердің күнінде саясат алаңына шығады. Біз осы заңдылықты 2023 жылдың 19 наурызында өтетін Мәжіліс және мәслихаттар сайлауының қарсаңында анық байқап отырмыз.

(жалғасы бар)

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 04.02.2023 129

Қатысты мазмұн