Қаңтар оқиғасын ұйымдастырғандар арасында "Дикий Арман" бар

none

Қазақстан бас прокуратурасы елдің әр аймағынан 27 адамды Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы деп санайды. Бұл туралы 20 маусымдағы брифингте бас прокуратураның қылмыстық тергеу қызметінің басшысы Серік Шалабаев мәлімдеді.

«Бас прокуратура қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық істердің тергеу барысы туралы мәліметтерді жариялап жатыр. Белгілі болғандай, сол қайғылы күндері Алматы, Шымкент қалаларымен Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында қирату, мемлекеттік объектілері өртеу, мүлікті жою және терроризм актілері болды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. Оның атап өтуінше, прокуратура органдарының қадағалауында 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеп-тексеру бар.

Бас прокуратураның ақпаратынша, жұрт арасында "Дикий Арман" деген лақап атпен белгілі Жұмагелдиев пен оның жанындағылар 6 қаңтарда Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйінде "қылмыскерлерге" "Глок" және Макаров тапаншасын таратқан.

"Қолдарына қару тиген қылмыскерлер ұйымдастырушы мен оның жанындағылардан нақты тапсырма алған. Қылмыскерлер он-он адамнан тұратын топқа бөлінген. Топта "басшылар" тағайындалып, оларға бронежилет, басты қорғайтын каска, қару және 200 мың теңге берілген" деді прокуратура өкілі.

Шалабаевтың айтуынша, Жұмағалиевтің тобы адамдарға суық қару мен шоқпар берген. Сондай-ақ "өздерінің адамы" екенін білдіретін белгі ретінде қолдарына ақ мата байлап алуды тапсырған.

"Қаланың түкпір-түкпірінен келген қарулы қылмыскерлердің бұл топтары 24 азаматты ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, Ritz Carlton және "Қазақстан" қонақүйлерінің автотұрағында ұстаған. Артынша жәбірленушілер қаланың шетіне жеткізіліп, темір контейнерге қамалған. Жарақат нәтижесінде жәбірленушілердің бірі қайтыс болды", - деді ол.

Бас прокуратура өкілі адам ұрлау фактісі бойынша 40 күдікті ұсталғанын, басқа адамдардың бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, Қаңтар оқиғасы бойынша қазір бес мыңнан аса қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасынан соң жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, қаруды заңсыз сақтау және адамды заңсыз түрде бостандығынан айыру күдігімен қамауға алынған.

Бас прокуратура ақпанда "Дикий Арман" қасындағы серіктестерімен бірге көшеде жүрген 24 адамды ұрлап әкетіп, полицейлерге шабуыл жасады деп мәлімдеген.

Айдары: Дүрбі 20.06.2022 39

Қатысты мазмұн