Қаңтар оқиғасы Наурызбай қажының түбіне жетті ме?

none

Бас мүфти Наурызбай хазірет Өтпенов Қанды Қаңтарда қайда болды? Саяси билік осы сұрақтың мәнісін енді түсінді ме? ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің күні таяды. Ол Қазақстан мұсылмандарының алдағы құрылтайында қатты сынға ұшырайды, оның қызметіне байланысты бірнеше айыптау айтылады. Сондықтан «Өтпеновтің кандидатурасы ҚМДБ төрағасын сайлау кезінде қарастырылмайды» деп хабарлайды мүфтият маңында жүрген құпия дереккөз.

Құпия дереккөздің айтуынша, Наурызбай Өтпеновке қарсы сын екі бағытта болады. Біріншісі оның жеке басына қатысты: Құранды қате оқиды, араб тілінде шала-жансар сөйлейді, қате жазады, қызметін пайдаланып туыстарын ҚМДБ жүйесіне жұмысқа орналастырған, дүниеқоңыз боп кетті және т.б.с.с. Мұның бәрі ҚМДБ жарғысында жазылған Бас мүфтиге қойылатын талапқа кереғар.

«Шүріппені басуға құланның қасынуы дәл келгендей» тағы бір нәрсе бар. Жамағаттың есінде болар, 2022 жылдың 14 қазанындағы жұма намаз алдында Бас мүфтидің тапсырмасы бойынша ҚМДБ-ға бағынышты мешіттердің бәрінде тәңіршілерге қарсы уағыз айтылды. Тәңіршілерді діннен безген кәпірге теңеді. Қазақстан Конституциясындағы азаматтардың наным-сенім бостандығын аяқасты етіп таптаған жұма-уағыздың мәтіні ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайдың ФБ-дағы парақшасында да жарияланған. Осы оқиғаның артынша ҚМДБ тәңіршілерді Құранда айтылған «адасқандар» мен «қаһарға ұшырағандар» санатына жатқызып, кәпір санап, арнайы пәтуа шығарған. Пәтуа мүфтияттың сайтында жарияланды.

Зайырлы мемлекеттің заңын бұзып, Бас мүфтиі өзін Иранның аятолласы сезініп жүрген мүфтиятты тәңіршілер сотқа берді. ҚР Жоғарғы соты бұл істі қарауды Алматыдағы сотқа жолдады. ҚМДБ және оның басшысы жауапкершіліктен енді құтыла алмайды. Ескі Қазақстанның мүфтиінен құтыла алмай отырған Жаңа Қазақстанның саяси билігі Наурызбай Өтпеновті тағынан тайдырудың негіздемесі ретінде тәңіршілердің арызын пайдаға асыруды жөн көріп отыр. Бұл саяси биліктің осы салаға жауапты идеологтары үшін Өтпеновке «бәрін бүлдірген өзің ғой, өзіңнен көр, біздің кінәміз жоқ» деп мүләйімсіп қалуға таптырмайдың оқиға (тәңіршілердің арызы) болды.

Мүфият маңындағы құпия дереккөздің мәлімдеуінше, ақиқатында Наурызбай Өтпеновті қызметінен ысырудың басты себебі - Қаңтар оқиғасы. Қасіретті Қаңтар оқиғасы қызған тұста Бас мүфти Наурызбай Өтпенов жамағатын тағдыр тәлкегіне тастап, өзі Дұбайға тайып тұрған. Кейбір мәліметте Қаңтар қырғынын ұйымдастырушылар Дубайда болған, сол жерде алақанын ысқылап, қырғынды сырттай қызықтап отырғаны айтылған. Осы жағдайда есесі кетіп қалған Жаңа Қазақстан есін жиып күшейген соң саяси ревизия жасап жатыр. «Наурызбай Өтпеновті қызметінен кетірудің негізігі себебі – осы» дейді мүфтият маңында жүрген құпия дереккөз.

Жаңа Қазақстанның жаңа мүфтиі кім болады?

Қазақстан мұсылмандарының құрылтайына екі кандидат шығады. Біріншісі – Еркінбек Шоқай. Ол Алматының бас имамы болған, жамағат оны Наурызбайдың бітіспес оппоненті деп санайды.

Екінші кандидат – дінтанушы-дипломат Мадияр Меңлібеков. Ол қазір Қазақстанның Біріккен Араб әмірлігіндегі елшісі.

Наурызбай Өтпеновті тағынан тайдыруды ойластырып жатқан саяси билікте бірінші кандидатқа да, екінші кандидатқа да қарсы қыжыл бар...

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 06.01.2023 129

Қатысты мазмұн