Каспий тағдыры қыл үстінде тұр

none

Мұнай өндіру мен экспортқа шығару құқығын әлемнің бірнеше трансұлттық компанияларына беріп қойған Қазақстан бүгінде мұнай нарығына тікелей ықпал ете алмай отыр, әрі мұнай өндіретін елдердің келіссөздеріне де қатыса алмайды. Терең ойластырылмаған қадамдардан, ашық экономика саясатына шексіз жол беруден опық жеп отырған жайымыз бар.

1916 жылдары орыс жазушысы Константин Паустовский өзінің «Су астындағы дауыл» атты еңбегінде былай деп жазып еді: «Ерлік жайлы ұғымға үстірт қарауға болмайды. Каспий теңізі айналасындағы маң даланы шарлап жүріп, менің көзім жеткені мынау: нағыз ғажайып ерлікті мұнайшылар жасап жатыр! Мұнда мұнай үшін толассыз күрес жүруде, бейнеткеш мұнайшылар түндер бойы ұйықтамайды, өздері бір қиырда түйе үстінде келе жатып өндірістің мыңдаған ұсақ-түйегін дамылсыз ойлайды, олар шаршағандарын елең қылмай, тіршілік үшін күрестің зілбатпан жүгін өздерімен бірге көтеріп келеді...».

Биыл Қазақстанда алғаш мұнай өндірілгеніне 122 жыл толып отыр. Ал, осы ғасырдан астам уақыт ішінде көразап кешкен бейнетқор бәдәуилердің бүгінгі ұрпағының аузы аққа тиді деп айта аласыз ба? Осы қазына-байлық қазір кімдердің қолында? Өздерінің іс-тәжірибесін, білім-білігін жұмсап, бүкіл ғұмырын сарп етіп, жүздеген мұнай кеніштерін ашқан жанкешті қазақ геологтарының орнын бүгінде шетел инвесторлары басқан. Олар Қазақстан мұнайын рақымсыздықпен, өте жабайы әдіспен өндіреді. Жеңіл жолмен арзанға түсетін мұнайды алады да, оның орнын шала-шарпы толтырады, ал қаражат керек ететін ілеспе газды «пұл болмаса, күл болсын» деп өртеп жібереді.

Иә, «Өзеннің басындағылар су ішеді, аяғындағылар у ішеді» деген мақал дәл біздің бүгінгі мұнай саласына қаратып айтылғандай. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы тәжірибесіздігімізді, шалағай келісімдер мен солақай шешімдерімізді түзейтін кезең енді келді. Алайда, «ұзын арқан, кең тұсауға» үйреніп қалған, әбден көбеңсіп кеткен шетелдік инвесторлар біздің заңнамаға пысқырып та қарайтын емес. Мамандардың есептеуінше, әлемде қазір 82 мыңнан астам трансұлттық компаниялар бар көрінеді және олардың 900 мыңдай филиалы жер шарын өрмекшінің торындай шырмап тастаған. Біздегі мұнай саласы да осы торға түскен шыбын тәріздес. Бүгінде Батыс Қазақстан, Каспий аймағы жемтікке үймелеген қарақұстардай шетелдік алпауыт компанияларға толып болды. Бір баспасөз мәслихатында геология-минералогия ғылымдарының докторы, «Қазақойл» Ұлттық мұнай компаниясының бұрынғы президенті Балтабек Қуандықов: «Қазір Каспийдің солтүстік-шығыс қайраңынан мұнай өндірудің қауіпсіздігіне бір Алладан басқа ешкім кепілдік бере алмайды. Мұның өзі өмір мен өлім арасындағы көзсіз әрекеттің бірі», ­ деген еді.

Осы теңіз төңірегіндегі құрлықта өгізден қан сорған таскенедей 4 мың скважина тұр. Соған қанағат қылмай, енді теңіз қайраңына бұрғы салынды. Қайраңға бұрғы салғаны ештеңе емес, енді дәндеген компания Каспий түбін қопарып, 56 шақырымдық екі канал қазбақшы!? Мына сорақылыққа жол беретін болсақ, көп ұзамай жер бетінде 25 миллион жылдан бері толқып жатқан көгілдір Каспий тірі мақұлығы жоқ өлі теңізге айналмақшы!

Шетелдік экономистердің есептеуінші, Каспий қайраңындағы мұнайдан гөрі осы акваториядағы 2,4 триллион долларға бағаланатын қара уылдырық артық көрінеді! Міне, біз Құдайтағаланың берген қаншама қазынасын құрдымға жіберейін деп отырмыз!

Арал аузын бақадай ашып, жантәсілім хәлде, Іленің күретамырын Қытай байлап тастап, Балқаш та тартыла бастады!

Әр заманда Құлзым, Әбескүн, Хазар деп аталған кәрі Каспий суы әбден ластанғаны емес пе, Баку қаласы маңындағы суға шомылып жүрген адамдарға теңіз итбалығы шабуыл жасап, 50 адамды жарақаттаған. Бұл осы момын хайуанның қырылу, жойылу алдындағы соңғы бұлқынысы болар ма? Айтса айтқандай, ана бір жылы Каспийдегі итбалықтар топалаң тигендей қырылып қалды. Теңіз итбалығының адамға шабуылы Ақтау қаласындағы жағажайда да қайталанды. Мұның өзі теңіз суының әбден уланып болғанын Батыс елдері анық байқап, бірақ Каспий қойнауындағы қыруар байлықты түп қотара тонап болғанша осы шындықты жергілікті халықтан жасыра тұруды көздеген саясат сияқты.

Мұның бәрі бюджетті толықтыру үшін апатқа көз жұмуға дайын ҚР Энергетика министрлігі мен ҚР Экология министрлігінің үнсіз келісімімен орын алуда. Интернет желісінде құрылысқа деген наразылық өткен жылдың күзінен бері байқалады, алайда әлі күнге дейін олардың тарапынан ешқандай әрекет жоқ.

1998 жылы жазда француздың атақты мұхит зерттеушісі, эколог Жак Ив Кустоның командасы да Каспий айдынын біраз шарлап, басын шайқап-шайқап, үнсіз жөндеріне кетті. Осының бәрін ой елегінен өткізе келе, қаныңды қайнататын басты пәлекет мынау болып шығады: ол өзіміздің ымырашыл үкіметіміз шетелдік алпауыттарға ұлттық байлығымыздың бір бөлігін сата отырып, сонымен қоса жерді, ауаны, табиғи құндылық-қажеттіліктерді, экологияны қоса сататындығы. Әйтпесе, «Теңізшевройл», ОКИОК аяқтарын байқап басар еді ғой.

Қазір жұрттың аузына ә дегенде «экономика», «материалдық жағдай» түседі. Ал, осылар кім үшін жасалуы тиіс? Әрине, адам үшін! Бүгінгі таңда еліміздің экологиясын сауықтырудың құны – 110 миллиард АҚШ доллары шамасында. Бұл – ақырзаманды Алла жібермейтіндігінің, оны өзіміз қолдан жасайтындығымыздың айқын айғағы емес пе?

Кезінде Д.Менделеев жердегі зұлымдықтарға тиісінше жауап қайтарып отыратын ғарышта «әлемдік эфирдің» бар екені туралы егжей-тегжейлі айтқан болатын.

Ендеше, табиғат-ананың асқан сараңдықпен, онсыз да көзі әзер қиып берген теңіз, өзен, көлдерін талан-таражға салдырмай, қорқаулықпен тонауға тосқауыл қойылуы керек. Қарт Каспийдің флорасы мен фаунасын сақтап қалу – бәріміздің міндетіміз һәм парызымыз болмақ. Егер сіз елдің экологиялық қауіпсіздігіне бей-жай қарамасаңыз, онда сілтеме бойынша өтіп, петицияға қол қойыңыз ....

Жұмабай ҚҰЛИЕВ

КАСПИЙ ТҮБІНЕН КАНАЛ ҚАЗУ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ ТУДЫРМАЙ МА?

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ-Болашақ» экоальянсының төрағасы: Каспийден айрылатын болсақ, әлем табиғатына үлкен зияны тиеді

Қазір Каспийдің жағдайы өте күрделі. Өйткені, осы теңіздің Атырау жағалауында Кеңес одағынан қалған кен орындары, мұнай тартатын құрылғылар тұр. Оның астында мұнай таусылған, бірақ онда құрылғылардың көбі қалып кетті. Онда қалған тесіктен мұнай қалдықтары шығып, теңізге жайылып жатыр. Енді ол тесікті мұнай шықпайтындай етіп жауап тастау керек қой. Онымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Қазір Атырау жағалауының бәрі уланып, балығы қырылып жатыр. Бүгінгі күні онда қызыл балық жоқтың қасы. Енді оның маңынан тағы канал қазылатын болса, онда ол сол жердің табиғатына үлкен зардабын тигізеді. Мұның барлығын экологиялық ұйымдармен сөйлесіп, қоғамдық талқыға салып, дұрыс шешім шығаруға барынша ықпал ету керек. Өкінішке орай, қазір Қазақстанның табиғатына ешкім көңіл аудармайтын болды. Бүгінде тағы Каспий маңынан тағы кен орындары қазылып жатыр. Егер біз Каспийден айрылатын болсақ, әлем табиғатына үлкен зиянын тигізеді. Бұл жерде тек қаражатты ойлай беруге болмайды. Қазір ол жерден қыруар қаржы тапқанмен, ертеңгі күні одан да көп шығынға батамыз. Біздің тиісті органдар мұны ойлап отырған жоқ. Мұнай олигархтары табиғатымызға үлкен зорлық-зомбылық жасап отыр. Мұны шешу үшін халықаралық тәуелсіз экологтарды шақырып, қоғам белсенділерін қатыстыра отырып, мұны шешудің кешенді жолдарын қарастыруымыз қажет. Егер керек болса, ол жерден мұнай шығару жұмыстарын шектеуіміз тиіс. Қосымша канал қазып, кен орындарын аша берудің қажеті жоқ. Оны мейлінше азайтқан дұрыс. Атырауға экологиялық аймақ статусын беріп, кең көлемде қаражат бөліп, оның экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал еткен жөн. Атырауда қаншама итбалық қырылып қалды. Оның бәрі сол өндіріс орындарының кесірінен болып отыр. Егер бұлай кете берсе, Каспий де Аралдың күйін кешеді. Бірақ оған билік бас қатырып отырған жоқ. Бұл теңізден айрылсақ, онда әлемге зор экологиялық апат туатын болады.

Мақсат ЖАҚАУ, эколог: Каспийдің астын қаза беру, бұрғылай беру экологиялық апат әкеледі

Бізде өкінішке орай, экологиялық жағдайға мән бермей, экономикалық жағына, пайда табуға басымдық беріліп кетті. Негізі қай салада болмасын, тепе-теңдік сақталуы тиіс. Экономикалық мақсат-мүддеде жасалатын жобалар экологиялық жағына зиянын тигізбеуі қажет. Экологиялық ахуалға да мән берілгені дұрыс. Өйткені, қазір Каспийдің жағдайы мәз емес. Оның 5 мың шаршы метрден астам аумағы құрғап кетті. Аралдар мен шығанақтар пайда болды. Су деңгейі 1,5 метрге төмендеді. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Сондықтан Каспийдің астын қаза беру, бұрғылай беру экологиялық апат әкеледі. Оның бәрін кейін немен толтырамыз? 30 жылдан бері осы үлкен проблемаға айналып отыр. Дегенмен қазіргі жағдайда ондай үлкен жобаларды жүзеге асырғанда отандық қана емес, халықаралық экологтардың да пікірін ескеру керек. Себебі, бұл біздің елімізді табиғатына ғана емес, көрші елдердің де экологиясына кері әсер ететін болады. Оны ескеретін кәдімгі Каспийді пайдаланушы көрші елдер экологтарының айтқаны міндетті түрде орындалуы тиіс. Комиссия арқылы бақылауға алынуы қажет. Халықаралық комиссия негізінде баға берілуі тиіс. Себебі, бұл бір ғана мемлекеттің проблемасына айналмайды, көрші елдерге де ауыр зардап әкелетін болады. Сондықтан бұл жерде экологтардың дабылы орынды. Оны ескерген жөн. Кез келген жобаның экономикалық жағын ойлай бермей, экологиялық зардабын да ескеруіміз тиіс. Сонда тепе-теңдік сақталатын болады. Егер тек пайда табуды ғана ойлай беретін болсақ, ертеңгі күні оның экологиялық шығыны тапқан пайдадан әлдеқайда асып кетуі мүмкін. Батыс, Еуропа елдері мұндай кезде ең бірінші экологиялық жағына көп мән береді. Қоғамдық талқыға салады. Ғылыми баға береді. Ол жердегі ландшафт, флора мен фаунаға кері әсері толық ескеріледі. Біз де осыған келуіміз қажет.

Айдары: Дүрбі 06.04.2021 276

Қатысты мазмұн