Kaspi bank халықтың қамын ойламайды

none

«Қазақстан нарығында дау-дамайы бітпейтін, «тасжүрек» банк қайсы?» десеңіз, кез-келген клиент ойланбастан «Kaspi bank» дер еді. Өйткені, сарапшылардың айтуынша, бұл банк жеке тұлғалармен жұмыс істейтін ең ірі банк. 2019 жылғы Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда, жеке тұлғалардың салымы бойынша еліміздегі банктер арасында үшінші орын, ал жеке өз капиталы бойынша алтыншы орынды иемденген.

Жеке тұлғаларға түрлі өнімдерді жиі ұсынатын болғандықтан, банк жұмысында олқылық жетіп-артылады. Ең алғашқы ірі дау 2013 жылы бұрқ ете қалды. Заңгер Ермек Нарымбаевтың жанына топтасқан 300-ден астам банк клиенті кредит карталарының проблемасы, алынған несиелер кешіккен жағдайда қарыз сомасының ғарыштық жылдамдықпен өсетінін айтып зар илеген еді. Ол кезде Kaspi bank өзіне тағылған айыпты мойындамастан, Ермек Нарымбаевты «жала жапты» деген айыппен сотқа тартты. Заңгер соңында Украинаға қашып барып, жан сауғалады. Бірақ дау-дамай мұнымен де бітпеді.

VK әлеуметтік желісінде «Біз Kaspi bankке қарсымыз!» («Мы против Kaspi bank») деген топ ашылып, банктің негізсіз істеріне көңілі толмайтындар небір түрлі жазба қалдыруда. Шымкент қаласының тұрғыны Елена Лаврова «400 мың теңге кредит алып, 2 млн теңге етіп жаптым» дейді. Сергей Городецкий деген азамат «500 мың теңге несие алып, бір жыл бойы ай сайын уақытылы құйып отырдым. Бірақ сома азайған жоқ. Қазір жұмыссыз қалдым. Ал банк болса күн сайын телефон соғып, 500 мың теңгені үстеме ақысымен қоса төлеуімді талап етіп отыр» деп шағымданады. Мұндай тізімді жалғастыра берсек, парақ та шақ келмес. Өсімқорлық, біреудің есебінен баю, ашкөздік не істетпейді? Ермек Нарымбаевтың дауынан кейін, банктің имиджін қайта жақсарту үшін топ-менеджерін ауыстырды.

Kaspi bank клиенттерді көптеп тарту үшін біздегі банк секторында жоқ қызмет пен өнім түрлерін ұсына бастады. Оның бір-екеуі – «Каспи-жұма» мен «Каспи-дүкен». Яғни, жалаулатқан жарнамасына сенсек, жұма күндері «Каспи-дүкендегі» тауарлар жеңілдікпен сатылады. Бізге аты-жөнін атағысы келмеген банк менеджері біраз нәрсенің бетін ашты. Оның айтуынша, «Каспи-дүкендегі» тауарлардың бағасы жұмаға жақындағанда қымбаттап, оған белгілі бір жеңілдік жасалады. Айналып келгенде, қымбаттатқан зат қайтадан айналып, өзінің бастапқы, пайда әкелетін құнына сатылатын көрінеді. Немесе сатылымнан мүлдем алып тасталады. «Бұл өзгерістерді сырт адамдар байқамайды. Оны күн сайын тауар бағасын кредитке сатып отырған менеджерлер жақсы біледі, - дейді Kaspi bankтың анонимді менеджері. Kaspi bankтың жаға ұстатқан екінші «жаңалығы» - төтенше жағдай уақытында төлемдері кейінге қалдырылған кредит мәселесі. Статистика бойынша, бүгінде бұл банктың 6 млн клиенті болса, соның 80 пайызы банк алдында борышкер.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты уақытша жұмысынан айырылғандар үшін банктер кредит төлеуді кейінге қалдыру мәселесін қарастырсын» деген тапсырма берді. Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Дәурен Абаев «Кредиттеріңіз үшін уайымдамаңыздар» деп елді тағы бір сабасына түсірді. Жағдайды пайдаланып, банктың басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе «Біз клиенттерімізді қолдау үшін уақытша жұмысынан айырылған жандар үшін ай сайынғы төлемді екі айға кейінге шегеретін бағдарламаны іске қостық. Клиенттерді қолдау бағдарламасына қатысамын деушілер банк қосымшасы арқылы 2 сәуірден бастап өтініштер бере алады», - деген бейнеүндеу жолдады. Сол сол-ақ екен, борышкерлер Kaspi bankке өтініштерді жаудырды. Бірақ банк клиенттерін тағы да әділетсіз жағдайда қалдырыпты. Өйткені, редакциямызға хабарласқан оқырмандар «кредитті үш айға ұзартқанымен, үстеме өсімін төлейді екенбіз» деп ашу-реніштерін білдіріп жатыр.

Журналистерге осы мәселе бойынша жауап берген банктың баспасөз қызметі: «Клиент ай сайынғы төлемді үш айға кейінге қалдыра отырып, кредитті құятын мерзімнен кешікпейді. Бірақ артық төлем өседі. Төлемдер көлемі бұрынғысынша қалады, сондықтан, клиент кез-келген уақытта несиесін мерзімінен бұрын жаба алады» деп сырғытты. Сондай-ақ, баспасөз қызметі «банк басшылығы бұл мәселені Ұлттық банк қызметкерлерімен ақылдасып жатыр. Егер, тағы өзгерістер болып жатса, клиенттерді хабардар етеміз» деп жылы жабуға тырысты.

Одан бері шамамен бір ай уақыт өтті. Ешқандай өзгерістен хабар жоқ. Демек, Kaspi bank төтенше жағдайда да клиенттер есебінен баюды, өсімқорлыққа одан ары қамшы салуды мақсат тұтқан демеске шара жоқ.

Статистикалық деректер бойынша, Kaspi bankтың 2019 жылғы 9 айлық табысы 2018 жылғы 9 айға қарағанда 34 пайызға өсіп, 363,2 млрд теңгені құраған. Ал таза пайдасы 61,4 пайызға жоғарылап, 134,8 млрд теңгеге жеткен!

Бірақ төтенше жағдай уақытында Елбасы мұрындық болған #Bizbirgemiz қайырымдылық шарасына ауыз толтырарлықтай үлес қоспағаны анық. Ал қарапайым халқына қайыры жоқ өсімқор банк клиенттерінің көз жасына шыланған көл-көсір пайдамен мұратына жете ала ма? Бұл сұрақтың жауабы уақыт еншісінде.

Тоқтар Жақаш

«Жас Алаш» газеті

Айдары: Түтін 28.04.2020 145

Қатысты мазмұн