Кәрім Мәсімов қанша жылға сотталуы мүмкін

none

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілісте ҚР Бас прокуроры Берік Асылов айтты.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева еліміздің Бас прокурорынан «Әлеуметтік желілерде депутаттарға халықтан көптеген сұрақ келіп жатыр. Соңғы күндердегі ең өзекті сұрақтардың бірі - «Егер Кәрім Мәсімовтің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа қызметкерлерінің кінәсі дәлелденсе, олар қандай жазаға таратылуы мүмкін?» Соған байланысты қылмыстық іс қай кезеңге келді?», - деп сұрады.

Осы орайда Бас прокурор Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның үш орынбасарына, екі бөлімше бастығына қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатқанын айтты.

«Оның ішінде мемлекеттік опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу үшін билікті асыра пайдалану және пара алу бойынша қылмыстық істер тергелуде. Бұрынғы төраға мен оның орынбасарлары қамауда. Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық бағаны сот береді. Бірақ, алдын ала айтар болсақ, аталған қылмыстар үшін Қылмыстық кодекспен 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Қазір тергеу әлі жүргізіліп жатыр», - деді Берік Асылов.

Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы толқын тәрізді болған.

"Бірінші толқын - бейбіт митингілер. Олармен полицияның ешқандай қақтығысы болған жоқ. Керісінше, билік бейбіт митингілер өткізуге мүмкіндік берді. Алайда содан кейін наразылық білдірушілер қатарына түрлі экстремистер қосылды, олар наразылықты радикал бағытқа бұрды. Олардың қозуына байланысты алғашқы қақтығыстар басталды. Бұл - екінші толқын. Үшінші толқынға қылмыстық топтар қосылды. Бұзақылық, өртеу басталды", - деді Асылов.

Оның айтуынша, түрлі нысандарға шабуыл жасаған қарулы радикалдар хаосты пайдаланған.

"Яғни, біз экстремизм, қылмыс және діни радикализмнің ұштасқанын көрдік. Егер мемлекеттің шешуші әрекеттері болмаса, басқалар да осы толқынға қосылуы мүмкін еді. Түпкі мақсат билікті күшпен басып алу болды. Барлық әрекет келісілген сипатта болды. Жоспарланған акция бар", - деді бас прокурор.

Айдары: Дүрбі 14.03.2022 88

Қатысты мазмұн