Инганың сөзіне имандай сенуге болмайды

none

Дүйсенбі күні «Жас Алаш» газетінің бас редакторы тағы ауысты. Осы жаңалықпен қабаттаса, басылымды бар-жоғы бір айдан аса басқарған Инга Иманбай әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Оның сөзіне қарағанда, газет құрылтайшысы – Салтанат Атушевамен (Алтынбек Сәрсенбайұлының жары) арадағы әңгімеде Инга Иманбайды қызметінен босатпаса, Сәрсенбаевтар әулетіндегі бір адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамалатыны туралы ескерту жасалған көрінеді. Сол үшін де газет құрылтайшысы бас редакторды босатуға мәжбүр болған-мыс.

Бұл қаншалықты рас? Шынымен де, билік тарапынан Сәрсенбаевтар әулетіне қысым жасалып жатыр ма? Жасалса, кімге жасалып жатыр? Қандай себеппен? Біз бұл сұрақтарды «Жас Алаш» газетінің бұрынғы бас редакторы, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлына қойғанды жөн санадық.

–Инга Иманбайдың әлеуметтік желідегі мәлімдемесі жұртты екіұдай күй кештіріп отыр. Бұдан хабарыңыз бар ма?

–Әрине, Инга Иманбайдың «Жас Алаш» газетінің бас редакторлығынан кеткен кезде жасаған мәлімдемесі мені таңдандырды. «Редакция саясатын бірден өзгертіп, өткір материалдар бергендіктен, орнымнан алып тастады» дегені – көңіліме аса қонып тұрған жоқ. Рас, Назарбаевқа, оның отбасына, немересіне қатысты материалдар жарияланған көрінеді. Бірақ дәл соған бола, аяқастынан апай-топайын шығарды деу – қисынсыздау.

Тағы бір мәселе, «мені алып тастардың алдында Салтанат Атушеваға генералдар келіпті» дейді. Генерал демейді, генералдар дейді. Ол қандай генералдар? Екеу ме, үшеу ме? Мүмкін бесеу шығар? ҰҚК-нің генералы болады немесе ІІМ-нің генералы болуы мүмкін. Осының қайсысы? Бұл жағы айтылмаған. Сондықтан маған Инганың генералдарды қаптатып, қысым жасады, қорқытты дегені – сенімсіздеу естіледі.

–Туыстарыңыздың ішіндегі бір адамға шынымен де қысым жасалуы немесе әлдеқандай себеппен қамалу қаупі тууы мүмкін бе?

–Жоқ. Біздің туыс-туғанның ішінде, төңірегімізде тәртіп бұзатын, заң шеңберінен шығатын, қылмысқа баратын адам жоқ. Мемлекеттік қызметте жүрген ешкім жоқ. Бизнесте жүрген адам тағы жоқ. Барлығы қарапайым адамдар. Ендеше, олардың үстінен қалай қылмыстық іс қозғайды? Егер қолдан жасалатын қысастық болса, ол маған бағытталуы керек еді. Олай жасаған жоқ. Ал туыстарыма ше? Өзім танымайтын, білмейтін адамдар жалаға ұшырап, қысастық көріп жатқанда ара түсіп, күресіп жүрген мен өз жақындарыма келгенде үйде қарап отырмаймын ғой. Мен оларды қалайда қорғаймын, жаладан, бәледен арашалаймын. Ол үшін бәріне дайынмын. Мұны билік басындағылар да жақсы білетін болса керек. Егер ондайға барса, менен қатты соққы алады. Онда халық көтеріледі, көпшілік өре түрегеледі. Қоғамда дүрбелең туады. Бұл басқа емес, биліктің өзіне қолайсыз.

Сондықтан қысым туралы пікір – жаңсақ. Өйткені ондай оқиғалар болған жоқ. Ал ондай қауіп-қатер жоқ кезде, сондай сылтау айту – меніңше, орынсыз.

–Қалай ойлайсыз, Инга Иманбайдың қызметінен кетуіне не себеп болуы мүмкін?

–Инга да көпке танымал. Жұрт алдында біршама абырой-беделі, амбициясы бар. Сондықтан мынадай қызметке кеше тағайындалып, бүгін босауы оған ауыр тиді. Мен осы жағдайды қолдамаймын. Қолынан келмей жатыр десе, бір ай бола ма, үш ай бола ма, өзін көрсетуге, жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек еді. «Құрылғалы жатқан демократиялық партияның газетіне айналып кету қаупі төнді. Сондықтан оған жол бермес үшін редакторды ауыстырдық» деген сөз құрылтайшыға керек болған шығар. Не айтса да өздері білер, бірақ қоғамдағы кейбір пікір, түсінік бәрібір осыған саяды.

Дегенмен биліктің қысым жасау мүмкіндігін мен басыбүтін жоққа шығара алмаймын. Қысым жасалуы әбден мүмкін. Кезінде бізге де талай қысым жасалған. «Тартып аламыз, сатып аламыз, жауып тастаймыз, құртып жібереміз» дегендер аз болмаған. Сол қоқан-лоқының бәрінен өткенбіз. Иілген жоқпыз. Газетті сақтадық, оқырманның қажетін өтейтін басылымға айналдыра білдік. Ал қазіргі жағдайда, мүмкін басқа да бір себептер болған шығар.

–Жұрт арасында сізді де «Жас Алаштың» маңында жүр деп ойлайтындар аз емес секілді. Әлеуметік желідегі пікірлер легінен осыны меңзейтін ой-тұжырымдарды жиі кездестіреміз.

– Иә, көп адам дұрыс түсінбей жүр. Рысбек Сәрсенбайдың қатысы бар, ол неге араласпайды? Газетті неге дұрыс жолға қоймайды? Газеттің дейгейі түсіп кетті. «Жас Алаш» азуынан айырылды, өткірлігін жоғалтты, жасқаншақ болып қалды дейді. Кейбір адамдар бұл сұрақты кездескен сәтте өзіме де қойып жүр. Олардың барлығына айтатын жауабым – біреу: 2017 жылдан бері қарай менің «Жас Алашқа» ешқандай қатысым жоқ. Газетте ешқандай қызмет атқармаймын, құрылтайшысы емеспін. Сондықтан ол сұрақ маған қойылмауы тиіс.

nege.kz

Айдары: Бақ-бақ 26.02.2020 206

Қатысты мазмұн