Гордон Әбілязовтың айтқанын шыбын шаққан құрлы көрмейді

none

17 маусымда Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ДХР» және «ЛХР» деп аталатын елдерге қатысты Қазақстанның позициясын тағы да қуаттады. Қазақстан бұл аумақтардың тәуелсіздігін мойындамайды. Президент пен Қазақстанның абыройын арттырған бұл оқиғадан кейін Әбілязовтың мазасы әбден кетті.

Ресей мемлекеттік телеарнасы RT және Russia Today медиа тобының бас редакторы модератор Маргарита Симонянның Қазақстанның Украинадағы «арнайы операцияға» көзқарасы туралы арандату сипатындағы сұрағына жауап бере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның негізгі екі қағидаты бар екенін атап өтті. Оның мәлімдемесі бойынша, ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы өзара қайшылыққа келді.

«Жалпы, егер халықтардың өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқығы бүкіл әлемде іс жүзінде жүзеге асатын болса, онда қазір Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 мемлекеттің орнына жер бетінде 500-ден астам немесе 600-ден астам мемлекет пайда болатыны есептелді.

Әрине, бұл хаос болады. Осы себепті біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Және бұл принцип біздің ойымызша, қазіргі Луганск және Донецк квазимемлекеттік аумақтарға да қолданылады», - деді Тоқаев.

Тоқаевтың мәлімдемесі дүние жүзінде ең көп талқыланып отырған тақырыпқа айналғаны белгілі. Сарапшылардың айтып жатқан пікірі әр түрлі.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев Тоқаев елдің ресми ұстанымын ғана білдірді деп санайды. Яғни Президент Қазақстанның ұстанымын дипломатиялық түрде жеткізді, бұл таңқаларлық нәрсе емес.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов Тоқаевтың мәлімдемесі Кремль тарапынан алдын ала мақұлданған деген пікірде. Мұндай деңгейдегі оқиға, әсіресе Путин оқшауланып қалған қазіргі кезде осынау саяси маңызы бар іс-шара екі жақтың ұстанымдарын алдын ала талқыланбай және келісілмей өтуі мүмкін емес, деп ойлайды ол.

Ресейлік саясаттанушы, Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов бұған дейін Ресейдің ешбір одақтасы «әр нәрсені өзінің атымен атай» алмайтын еді, яғни Тоқаев Қазақстан президенті ретінде ғана емес, БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары ретінде де сөз сөйлеп, шын мәнінде БҰҰ тұлғасындағы әлемдік қоғамдастықтың позициясын білдірді деген ойда.

Украиналық саясаттанушы, «Пента» қолданбалы саяси зерттеу орталығының басшысы Владимир Фесенко Президент Тоқаевтың тұжырымдаған позициясында жаңалық жоқ, бұл жердегі маңызды нәрсе: мұны Путиннің көзінше айтқаны болды деген пікірде.

Белгілі украиналық журналист Дмитрий Гордон да өзінің арнасында Президент Тоқаевтың бұл батыл мәлімдемесіне жағымды көзқарасын білдіріп, оны қатты сыйлайтынын, тіпті жақсы көретінін айтты.

Саясаттанушылар мен зерттеушілер сияқты емес, эмоциямен айтылған оның сөзі шетелде қашып жүрген экс-банкир Әблязовтың ұйқысын әбден қашырыпты. Қазақстан президентінің халықаралық аренадағы беделі жоғарылағанын көре алмай отырған, «шетелдегі опоозициялық дирижер» болмақшы ол елдің назарынан тыс қаламын деп үрейі ұшса керек, Гордонның сөзіне шүйлігіпті. Бәлкім, танымал адамдардан сұхбат алып жүрген оның Әбіләзовты елемегені де бұған себеп болған шығар. Иә, Гордон Әбілязовты жақсы көрмейді, одан сұхбат алуға асықпайды. Сондықтан қашқын экс-банкир оның жеке басын қорлауға көшіпті. «Назарбаев режимінің гейшасы. Енді мен Гордонды осылай атайтын боламын» - деп кеудесін соғып мәлімдеме жасапты.

Кезінде саясаттағы сәтсіз аяқталған интригалардан кейін БТА банктің қаражатын жымқырып, шетелде қашып кеткен, содан соң оппозиция кейпіне еніп, өзінің рөлін асыра бағалап жүрген ол елде тұрақсыздық орнатып, халықтың қолымен төңкеріс жасап, содан кейін шетелден келген Ленин ұқсап басшы креслосына жайғаспақ. Бірақ көшбасшы қасиеті болмаған соң, жұрттың назарын үнемі өзінде ұстауға шамасы келмей жатқан ол Дмитрий Гордонды қорлау арқылы ұпай жинамақшы. Әзірге танымал украиналық журналист бұған еш жауап берген жоқ. Ол Әбілязовтың айтқанын шыбын шаққан құрлы көрмей отырған сияқты.

Айдары: Дүрбі 24.06.2022 93

Қатысты мазмұн