Ғалымдар Pfizer, AstraZeneca және Moderna вакциналарының тиімділігін салыстырды

none

Ұлыбританиялық ғалымдар COVID-19-дың "дельта" нұсқасына қарсы Pfizer-BioNTech, Oxford-AstraZeneca және Moderna компаниясы шығарған вакциналар тиімділігіне зерттеу жүргізді.

Ұлттық статистика басқармасы (ONS) және Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету департаменті (DHSC) серіктестігімен жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, Pfizer-BioNTech және Oxford-AstraZeneca вакциналары "дельта" штамынан жақсы қорғайды, бірақ олардың тиімділігі "альфа" штамына қарсы қорғанысымен салыстырғанда төмендеген.

Оксфорд университетінің сайтында хабарланғандай, зерттеулер "дельта" Ұлыбританияда басым штамға айналған 2021 жылдың 17 мамырына дейін және одан кейінгі тиімділік нәтижелерін салыстырған. Ғалымдар 1 желтоқсаннан 16 мамырға дейін 18 жастан асқан 384 мыңнан аса адамның 2,6 миллионға жуық ПТР-сынамасын және 17 мамыр мен 1 тамыз аралығында 360 мыңға жуық адам тапсырған 810 мыңнан аса сынама нәтижесін талдаған.

Зеттеу нәтижесі вирус жұқтырып, жазылғаннан кейін вакцина алған адамдар бұрын коронавирус жұқтырмай екпе алған адамдарға қарағанда жоғары қорғанысқа ие болғанын көрсеткен.

Зерттеуден алынған басқа да маңызды нәтижелер:

— Moderna вакцинасының бір дозасы басқа вакциналардың бір реттік дозасы сияқты "дельтаға" қарсы тиімді немесе тиімдірек;

— Pfizer-дің екі дозасы вирус жұқтыруға қарсы жоғары тиімділікке ие, бірақ тиімділік AstraZeneca-ның екі дозасына қарағанда тез төмендейді;

— Төрт-бес айдан кейін екі вакцинаның тиімділігі ұқсас, бірақ зерттеушілер ұзақ мерзімді әсерден қорғауды зерттеу керек дейді;

— Дозалар арасындағы интервал инфекцияның алдын алу тиімділігіне әсер етпейді, бірақ жастар егде жастағы адамдарға қарағанда вакцина алғанда жоғары қорғанысқа ие болады.

"Вакцинация COVID-19 жұқтыру мүмкіндігін төмендетсе де, оны жоя алмайды. Ең бастысы, бұл мәлімет вакцина алған адамдардың COVID-19-ды басқаларға жұқтыру әлеуетін көрсетеді және ауруды азайту үшін тестілеу мен оқшауланудың маңыздылығын көрсетеді", - деді Наффилдтегі Оксфорд университетінің қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің аға ғылыми қызметкері Коэн Пауэллс.

Айта кетейік бұған дейін Ресей Федерациясының денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко "Спутник V" вакцинасының "дельта" штамына қарсы тиімділігі шамамен 83 пайыз деп мәлімдеді.

Дереккөз: Tengrinews.kz

Айдары: Дүрбі 20.08.2021 82

Қатысты мазмұн