«Еуразия» арнасын Ресей азаматы билеп-төстейді. Неге?

none

Қазақстан бюджетінен қаржыландырылатын «Еуразия Бірінші арнасы» тағы да мемлекеттің ақпарттық қауіпсіздігін тәрк ететін бұралаң жолға түсті. Телеарна басшысы Сергей Киселев Қазақстанда маман құрып қалғандай Ресейдің «Матч ТВ» телеарнасында продюсер болған, кейін дау-жанжалмен жұмыстан қуылған Наталья Всеволодовна Биланды кеңесшілік қызметке шақырды. Ол «дағдарыстан құтқаратын менеджер» кейпіне еніп алып, телеарнаның идеологиясы мен стратегиясын түбегейлі өзгертуге кірісті.

Қазақстан медиа нарығының сұранысынан мүлде бейхабар, жергілікті жағдайды түсінбейтін Ресей азаматшасы жаңа жылдан кейін эфирге шығуы тиіс медиа жобалардың бәрін тоқтатып тастады. Әсіресе, Наталья Билан мемлекеттік тілде жасалып, қазақтілді аудиторияға арналған жобаларға қатты шүйлігіп отыр. Ол өзіне дейінгі телеарна басшылығы мен шығармашылық кеңестің сұрыптауынан өтіп, стартта дайын тұрған телевизиялық бағдарламаларды көреременге «қажетсіз» деп тауыпты. Оның ойынша, кез келген бағдарламаның авторы орыстілді журналист болуы тиіс. Себебі, олар қазақшадан туалай мақұрым Биланға әрбір хабарда айтылатын ойды тәпсірлеп түсіндіріп отыруы керек екен.

«Дағдарыс медиа менеджері» Биланның әуселесі белгілі. Ол Ресей телеарналарында «33 квадратных метра», «Это любовь», «Любовь и прочие глупости», «Превратности любви», «Ищите маму», «Сватьи» атты хабарларды дайындауға қатысқан. «Тауықты танитыны - тары» демекші, Билан «Еуразия Бірінші арнасын» шетелден «қоныс аударған», қазақтың салт-дәстүрі мен менталитетіне жат «Қалаулым», «Татуласайық», «Қалаймын» секілді азғындыққа бастайтын хабарларды «балалатып» тастағысы келеді-ау. Есесіне, ол қазақ қоғамына дамытуға бағытталған саяси-экономикалық-әлеуметтік-мәдени-құқықтық бағдарламаларды жоба-жөргегінде тұншықтыруды бастап жіберді. Ол қазірдің өзінде-ақ қазақ тіліне қысым жасап жатыр, қазақ аудиториясын жөндем ақпараттан аластап жіберуді көздейді.

«Еуразия Бірінші арнасының» басшысы бұған дейін де дәл осындай әрекет жасаған. Ол 2010 жылдардың ортасында Александр Замыслов есімді Ресей азаматын өзіне кеңесші етіп, оның қолына телеарнаның тізгінін түгел ұстатып қойған. Қазақстанда анда-санда бір келіп, көбіне Мәскеуде отырып скайппен редакцияны басқарған ол телеарнаның жаңалықтарының орысшасы қазақшасынан кейін шығатынын көріп, «мынау орыс тіліне жасалып жатқан қысым» деп шалқасынан құлай жаздапты. Замыслов дереу қазақша жаңалықтардың хронометражын қысқартып және оны анонс-жарнамадан алғызып тастап, қорытынды хабар көрсетілім уақытын түнжарымға қойған. Онысымен қоймай, жаңалықтарды Ресейдегі оқиғаларды бастауды, Қазақстанда болған жаңалықты одан кейін беруге бұйырған. Солай болды да – мысалы 2014 жылдары бірінші кезекте Путиннің Қырымды Ресейге қосып алғанын ұлы жеңіске балап көрсетіп болған соң ғана Қазақстандағы жаңалыққа көшіп, «Президент Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізді» деген сияқты кадр сыртындағы мәтінмен сыдыртып өте шығатын. Оның түсінігінде қазақстандықтарға Ресей шетел емес, Қазақстан халқы Путиннің қандай саясат жүргізіп жатқанына елеңдеп құлақ түріп, көз тігіп отырады-мыс...

Сол жылдары «Еуразия Бірінші арнасының» қылығы қазақ журналистерінің қатты сынына ұшыраған. Оған телеарна басшысы Сергей Киселев те, оны «қамқорлығына алып жүрген» Дариға Назарбаева селт еткен жоқ. ҚР Президенті әкімшілігінде елдегі идеология мәселісмен шұғылданған Бағлан Майлыбаев «Қазақстанның мемлекеттік құпиясын Ресейге жеткізді» деген айыппен, «отанға опасыздық жасағаны» үшін сотталған соң ғана «Еуразия Бірінші арнасын» уысында ұстаған Ресей азаматы Александр Замысловтың жолы кесілді. Кейбір ақпаратта Замысловқа көп жалақы төлеп, қазақстандық телеарнаны билеп-төстетіп қойған Майлыбаев, ал Киселевтің «сүттен ақ, судан таза» екені айтылған. Шынтуайтында, бұл жұртты шатастыру үшін әдейі айтылған бекер сөз сияқты. Ресей думасының депутаттары Никонов, Федоров, Жириновский Қазақстанның тәуелсіздігін жоққа шығарып, қазақтың жеріне көз алартқан импершіл мәлімдемесінің артын ала бере мемлекеттік «Еуразия Бірінші арнасында» Замыслов секілді идеологиялық саясат жүргізу пиғылы бар Наталья Биланның телеарна басшысы Сергей Киселевке кеңесші болып келуі күдікті қоюлата түсті.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 13.01.2021 566

Қатысты мазмұн