
Бүгін Қонаев қалалық соты жазасын жеңілдету туралы қамаудағы Ермек Нарымбайдың өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.
Оның айтуынша, мерзімінен бұрын босап, 11 айға жуық пробациялық бақылауда болатын болды. Біз айыппұл төлеп шығаруды сұрадық. Бірақ прокурор пробациялық бақылау қажет екенін айтты. Судья прокурормен келісіп, қатаң шектеумен шығаруға келісті. Баспасөз маслихаты, митинг пен шеру сияқты қоғамдық істерге қатысуға тыйым салды.
Адвокаттың сөзінше, прокуратура қарсылық білдірмесе, 15 тәуліктен кейін Ермек Нарымбаев түрмеден шығуға тиіс.
52 жастағы Ермек Нарымбай саяси белсенділігі үшін бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылған. 2015 жылдың қазан айында азаматтық белсенділер Ермек Нарымбай мен Серікжан Мәмбеталин Мұрат Телібековке тиесілі «Көшеден соққан жел» кітабынан үзіндіні қайта жариялағаны үшін сотталған болатын. Нарымбай «өшпенділік тудырды» деген айыппен үш жылға, Мәмбеталин екі жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін екі белсенді де өкініш білдірген хаттарын жариялады. Апелляциялық сот Нарымбаевты үш жылға бас бостандығын шектеу түріндегі нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Бірақ 2016 жылы Нарымбай тыйымға қарамастан Қазақстаннан Украинаға кеткен. 2022 жылы ақпан айының басында Қазақстанға оралғанда полиция оны Алматы әуежайынан ұстап әкетіп, қамауға алған. Адвокаттың айтуынша, 2,5 жыл түрмеге кесілген Нарымбай жазасының үштен бірін өтеген.
Таяуда белсенді 54 күн аштық ұстап, кезектен тыс президент сайлау қарсаңында сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап еткен.