Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төнді

none

Қазақстан бюджетінен қаржыландырылатын «Еуразия Бірінші арнасының» басшылығы мемлекеттік телеарнаның эфирлік саясатын жасақтауға өз елімізде маман құрып қалғандай, Ресейдің «Матч ТВ» телеарнасында продюсер болған, кейін ол жақтан дау-жанжалмен жұмыстан қуылған Наталья Биланды арнайы шақырғаны туралы бұрын жазғанбыз. Мақала serke.org сайтында ««Еуразия» арнасын Ресей азаматы билеп-төстейді. Неге?» деген тақырыппен жарияланған.

Бірақ «дағдарыстан құтқаратын менеджер» деген желеумен Биланды шақырған телеарна басшысы Сергей Киселев еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі үшін шетін мәселені реттеуге ынта танытпады. Ол ауруханадан шыға сала телеарнаға құстай ұшып келіп ұжым ішіндегі үнсіз қарсылықты одан бетер басып-жаншыды. Оның осындай бірбеткейлігіне арқаланған Наталья Билан бастаған ресейліктер телеарнаның идеологиясын түбегейлі өзгертуге қайтадан білек сыбана кірісіп кетті. Қазақстанның медиа нарығы мен көрерменнің талғамын былай қойғанда, өзі жұмыс істеуге келген елдің болмысынан мүлдем бейхабар Ресей азаматшасы енді телеарнаның жаңалықтар қызметінің жұмысына араласып жатыр. Тіпті қандай жаңалықты Ресей елінің позициясынан қалай беру керегіне шейін үйрететіні қазақ журналистерінің зығырданын қайнатуда. Өзімен бірге бірнеше адамды ертіп келген Билан «қазақтар телевидение дегенді әлі түсінбепті» деген ой айтып, ұжым ішінде араздық тудырып жатыр.

Биланның ресейлік командасы аса құпия жағдайда жұмыс жасайды. Олардың кім екені жөніндегі мәлімет те беймәлім. Құпия команданың тапсырмасын Наталья Билан мен Сергей Татаринов деген біреу журналистерге жеткізіп, талап етіп дікеңдейді. Бір ауыз қазақша білмейтін олар әсіресе қазақ тіліндегі бағдарламаларға қатты шүйлігіп жүр. Әр бағдарламада не айтылатынын өзіне орысшаға аударып беруді талап етіп, жұмысты көбейтіп әбігерге салады. Сөйтеді де өзі түсінбейтін тілдегі хабарларға өзінше баға береді.

Бұл «Еуразия Бірінші арнасын» Ресейдің келімсектері билеп-төстегені бірінші рет емес. 2010 жылдардың ортасында Александр Замыслов есімді Ресей азаматы да басында Киселевке кеңесші болып келіп, ақырында арнаны Мәскеуден скайппен басқаратын әдет шығарды. Қазақша жаңалықтарға қырын қарап, жаңалықтарды Ресейдегі оқиғалардан бастауды, Қазақстанда болған жаңалықты одан кейін беруге бұйырған. Ақырында «Еуразия Бірінші» арнасын Қазақстанның емес, Ресейдің арнасына, Ресей билігінің саясатын қолпаштайтын ақпарат құралына айналдырып жіберді.
Кейін ҚР президенті Әкімшілігінде елдегі идеология мәселесімен шұғылданған Бағлан Майлыбаев «Қазақстанның мемлекеттік құпиясын Ресейге жеткізді» деген айыппен, «отанға опасыздық жасағаны» үшін сотталған соң ғана «Еуразия Бірінші арнасы» Замысловтан құтылды. Егер әділдік салтанат құрғанда, Замыслов, Красиенко секілдідер Майлыбаевпен бірге айыпталушы орындығында отыруы керек еді. Қазақстан телеарналарын жаулап алған ресейлік «дағдарыс менеджерлері» еліне қашып кетіп, жауапкершіліктен құтылып кеткен.

Былтыр Ресей Думасының депутаттары Никонов-Федоров-Жириновскийлер Қазақстанның тәуелсіздігін жоққа шығарып, қазақтың жеріне көз алартқан импершіл мәлімдеме жасағаны белгілі. Осыдан кейін қазақ қоғамында антиресейшіл көңіл-күй күшейді. Әрине, бұл заңды құбылыс. Билан бастаған идеологиялық «десанттың» «Еуразия Бірінші арнасына» топ ете қалып, телеарнаны тізігіндеп алуы никоновтық саясаттың жымысқы тактикасы секілді. Ең сорақысы сол, Ресей саясатын жүргізуді кездейтін «десант» тобы Қазақстан бюджетінен қаржыландырылып, Билан секілділер қазақ журналистикасының түсіне кірмейтін мол жалақы алып отыр. Қазақстаннның идеология саласын Майлыбаев басқарған тұста дәл осындай жағдай болып еді. Ал қазір идеология саласында Майлыбаев жоқ - сотталып кетті. Әлде, Отанымызға опасыздық жасаған Майлыбаевтың құпия сыбайластары идеология саласында қалып кеткен бе? Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін бұзып бара жатқан бұл іске кім жауап береді?

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 10.02.2021 455

Қатысты мазмұн