Екі жоба – бір мақсат

none

Ресми тіркеуден өтпеген «Ел тірегі» партиясы саяси белсенді әрекетке көшті. Ұйымның жетекшісі Нұржан Әлтаев қаңтар айының соңында «балама үкімет» құратынын мәлімдеген. Оның ойынша, жаңадан жасақталған парламентте билікке балама пікір айтатын шынайы оппозициялық күш жоқ, парламентке өткен «Ақ жол» мен «Қазақстанның халық партиясы» - «Нұр Отан» бөлімшелері». «Балама үкімет» қазіргі үкіметтің жұмысын қадағалап, сынап, балама ұсыныстар жолдап отырады... Бұдан кейін «Ел тірегі» партиясы шашыраңқы күйдегі оппозициялық күштерді біріктіруді бастады, «оппозицияның ұлттық үйлестіру кеңесінің» жиынын өткізді. Әрине, Әлтаев екі мақсаттың үдесінен шыққан жоқ: әзірге «балама үкімет» сөз жүзінде қалды; «Ел тірегі» оппозициялық күштерді түгел біріктіре алмады.

Дәл қазір Әлтаевтың әлжуаз саясаткер екені рас. Ол әзірге «Ел тірегінің» оппозицияшыл келбетін сомдап жатыр. Бұл саяси жобаның түпкі мақсатында Қажыгелдин, Мамай, Әбілязов секілді танымал тұлғаларды, олардың жақтастарын «Ел тірегі» ұйымына ықпалдастыру жоқ. «Оппозицияның ұлттық үйлестіру кеңесі» жиынынан кейін «Біздің құқымыз» ұйымының жетекшісі Санавар Закирова мен «Алаш» ұлтшыл патриоттық партиясының төрағасы Әділет Ғабдолла «Ел тірегіне» фракция болып қосылғанын мәлімдеді. Уәлихан Қайсаров, Болатбек Біләлов, Қайырлы Омар, Мақсат Нұрыпбаев секілді белсенділермен қатар оппозицияшыл ЖСДП партиясы да саяси күресте «Ел тірегіне» арқа сүйейтінін байқатты. Бұған дейін Нұржан Әлтаев Украинада тұратын Ермек Нарымбаевпен де «тіл табысып» қайтқан.

«Ел тірегі» партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевтың бірінші кезекте өзіне қандай саяси имидж жасап жатқанын Санавар Закированың тағдырымен байланыстыра айта кетейік. Былтыр С.Закирова «Нұр Отан» партиясының мүшесі Т.Ш. есімді әйел мен оның қызы Д.Ш.-ның «денсаулығына орта дәрежеде қасақана залал келтіргені» үшін бұзақылық бабы бойынша бір жылға соталып, жарты жылдай түрмеде отырып шықты. Әйелдер арасындағы төбелес «Нұр Отанның» «беделіне нұқсан келтіретін» саяси салғыласудың ушығуынан басталғанын айта кету ләзім. Мұны басқаша айтсақ, С.Закирова – «Нұр Отан» партиясының кесірінен түрмеге қамалып шыққан қоғам белсендісі. «Бұзақы» әйелдің тура өзі сияқты «партия беделіне нұқсан келтіргені» үшін «Нұр Отаннан» қуылған Нұржан Әлтаевқа барып қосылуы бекер емес. Осындай саяси қадам жасау арқылы экс-вице министр әрі экс-депутат Нұржан Әлтаев билік партиясымен байланысын үзгенін, оппозицияшыл жолға түскенін «дәлелдеп» жатыр.

Әлтаев іргетасын қалауды былтыр бастаған «Ел тірегі» партиясының көздегені келесі президенттік сайлау екені, оның артында Елбасының миллиардер күйеубаласы Тимур Құлыбаев тұрғаны бұған дейін айтылған. «Оппозицияның ұлттық үйлестіру кеңесі» отырысының Нұр-Сұлтандағы қымбат қонақүйдің конференция залында өтуі, жиынға «Адал» партиясы өкілдерінің қатысып, белсенділік танытуы Құлыбаев пен Әлтаевтың байланысын одан сайын қуаттай түсті. Тұжырымды басқа да аргументпен негіздей алатын сарапшылар «Әлтаевтың» да «Мамай» секілді саяси технологиялық жоба екеніне күмән келтірмейді. Осы тұста «Оппозицияшыл наразы электоратты шатастыру үшін, режимнің күнін барынша созып, мемлекет тізгінінен айырылып қалмау үшін қазіргі билікке екі бірдей саяси жобаның не қажеті бар?» деген заңды сұрақ туады. Бұл сұрақтың жауабын «Әлтаев» пен «Мамай» жобаларының ерекшелігі мен саяси әрекетінен іздейміз.

Оппозицияшыл екі жобаның әрекетіндегі ерекшелікті айтпас бұрын, Тоқаевтың президент болып сайлануымен «билік транзиті жүзеге асты» деген иллюзиядан арылған жөн. Ол – өтпелі кезеңдегі номиналды саяси фигура ғана. Билік транзитіне дайындық постназарбаевтық кезеңде басталатыны анық.

«Мамай» жобасы халық наразылығының көшедегі форматына – митингілер мен жаппай қарсылық шеруін, баррикадалық теке-тіресті биліктің пайдасына ыңғайластыра отырып игеріп кетуге бағытталған. Оның қыр-сыры «Мамай қандай жоба?» атты мақалада жазылған. Қазіргі режимнің күнін созуды көздейтін жобаның сценарийі - «жаман варианттардың ішіндегі тәуірі» саналады. Мұндай жағдайда Қ.Тоқаевтан кейін Елбасының жақын туысын президент тағына отырғызу қарастырылмайды. Егер елдегі жағдай ушығып «Мамай» жобасына арқа сүйеуден басқа амал қалмаса, онда осы жоба бойынша Назарбаевтар әулетіне кепілдік бере алатын барынша бейтарап саясаткер саяси сахнаға шығады.

«Әлтаев» жобасы дәурені көшіп бара жатқан Елбасының жақын туысын билікке әкелуді көздейді. Бұл вариант партиялық жүйе арқылы, жалпыхалықтық кезекті сайлау арқылы жүзеге асады. Нұржан Әлтаевтың «Ел тірегі» партиясын құрып, оған оппозицияшыл сипат беріп жатуы сондықтан. Мұндағы тағы бір гәп – «Әлтаев» жобасы елдегі экономикалық-әлеуметтік ахуалға тікелей жауапты билік партиясы «Нұр Отаннан» іргесін аулақ салуды көздейді. Бұл партия тікелей Назарбаев есімімен байланысты және постназарбаевтық кезеңде «Нұр Отан» ыдырамаса да, билік элитасының бір бөлігі саяси ұйымнан кетуі мүмкін. Осындай жағдайда «Ел тірегі» билік элитасы үшін екінші саяси күш біріктіру алаңына айналады.

«Әлтаев» пен «Мамай» жобасын ерекшелеп тұрған тағы бір жайт бар. Жанболат Мамай бастаған белсенділердің сыны көбіне биліктен «өзі кетсе де, көзі кетпеген» Назарбаевқа және оның туыстарына қарсы бағытталған. Бұл мүмкіндігінше бейтарап позицияда тұрған Тоқаевтың маңында «Мамай» жобасына дем беріп отырған жасырын бір күштің бар екенінен хабар береді. Жоба авторлары бұрын идеология саласын басқарған, қазір шетелдегі елшіліктерге ығыстырылған саяси технологтар болуы мүмкін.

Нұржан Әлтаев пен «Ел тірегінің» мүшелері көбіне Мамин үкіметін сынап жатыр. Парламент сайлауынан кейін де ауқымды өзгеріс жасалынбаған бұл үкіметті сынау қалай десек те президент Тоқаев әкімшілігіне бағынышты. Яғни «Мамай» мен «Әлтаев» жобасы билікке қарсы «оппозицияшыл сын» үшін екі саяси субъектіні таңдап алған. Бұл екі түрлі саяси ойын болғанымен, бір мақсатты көздейді.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 25.03.2021 80

Қатысты мазмұн