Думан Мұхамметкәрімнің қолы жарақаттанған. Неге?

none

Талдықорғанда тергеу изоляторында отырған саяси белсенді Думан Мұхамметкәрім 9 қыркүйекте қол жарақатына байланысты ауруханаға апарып, қайта әкелінген, деп жазды Азаттық. Бұл ақпаратты адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлаған. Ол Мұхамметкәрімнің қалай жарақаттанғаны жөнінде біле алмай отырғанын айтты.

"Бүгін Думанның қолы жарақаттанғаны туралы ақпарат түсті. Оның қалай жарақаттанғанын әзірге біле алмадым. Оның қолына бірдеңе болған. Думан денесін жарақаттады деп ойламаймын. Кездейсоқ болуы да мүмкін. Дәл осы жарақаттың салдарынан Думанды бүгін ауруханаға тексеруге апарған. Оған медициналық көмек берілген. Екі сағаттан астам уақыт ауруханада болған. Кейін тергеу изоляторына қайта әкелген" – деді адвокат.

Оның сөзінше, 8 қыркүйекте тергеу соты журналистің қамау мерзімін тағы бір айға, яғни 22 қазанға дейін созған. Адвокаттың айтуынша, 1 қыркүйектен бері аштық ұстап жатқан журналистің денсаулығы нашар. "Ол тұра алмайды. Кездесуге шыға алмайды" деді Ғалым Нұрпейісов. Қыркүйек басынан бері журналист өзін дәрігерлерге қаратуды талап етіп, аштық жариялаған.

Бір күн бұрын қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) "журналист Талдықорғандағы көп салалы ауруханаға жеткізіліп, терапевт дәрігерге қаратылды" деп хабарлаған. Алайда адвокаттың айтуынша, оны тиісті дәрежеде тексеріп, ауруханаға жатқызбаған, сол себепті журналист аштығын жалғастырған.

ҚАЖК 8 қыркүйек күнгі хабарламасында журналистің денсаулығын "орташа қалыпты" деп бағалап, "дәрігерлер оны ауруханаға жатқызуға қажеттілік жоқ деп тапты" деп хабарлаған. Ал журналистің жақындары мен жақтастары Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығына алаңдап отыр. 7 қыркүйекте журналистің әкесі Алмаз Тілепов шамамен 230 шақырым жердегі Талдықорғандағы тергеу изоляторына барып, ұлына жолықпақ болған. Алайда ол ұлын көре алмай қайтқан. Айтуынша, ұлы әлсірегендіктен кездесу бөлмесіне бара алмаған.

Оған дейін 9 тамызда Ирина Петрушованың «Республика» басылымы редакцияға Думан Мұхаметкәрімнен тергеу изоляторынан жазған хат келгенін хабарлады. «Егер Тоқаевқа қан керек болса, оны алады» - деп жазған Мұхаметкәрім өзіне тәулік бойы бақылау жасалатынына қарамастан, жолын тауып, наразылық ретінде саусағын кесіп тастайтынын, кейін оны Ақордаға жіберетінін ескертті.

22 тамызда Думан Мұхаметкәрімнің адвокаты Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырған оған барып, «жексенбі күні Думан саусағын кеспек болғанын, бірақ оған мұны соңына дейін жасауға рұқсат бермегенін» айтты. Мұхаметкәрімнен «тергеу изоляторының пікірінше, зиян келтіруі мүмкін барлық құралдар» алып қойды. Нұрпейісов айтқандай, «Думанның өзіне зиян келтіруге тікелей ниеті жоқ». Сонда бұл жолы Мұхамметкәрім жоспарын іске асырған ба?

Думан Мұхамметкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне ел аумағында тыйым салған.

Айдары: Бақ-бақ 09.09.2023 52

Қатысты мазмұн