Дүйсебаева «қазақтың Аружаны» ма, әлде «көлденең көк атты» ма?

none

Демократиялық партияда демократия бар ма? Тіркелмеген «Демократиялық партияның тізгіні Аружан Дүйсебаеваның қолына тиді, қазір оның саясаткер ретіндегі имиджін саяси жобаның кураторы жан-жақтан күш қосып қалыптастырып жатыр» дейді мамайшылардың ішінде жүрген құпия дереккөз. Дереккөздің мәліметіне сенсек, шартты жазамен сотталған Жанболат Мамай мырзақамақ жағдайында әрекет ете алмай омалып отыр, партияның ісі сылбыр тартып кетіпті-мыс, бұл – бір себеп, сондай-ақ ол бірнеше ай тергеу изоляторында қимылсыз, аяқ-қолды созып, бел жазатын жаттығу жасамай түңіліп отырғандықтан простатит кеселіне шалдығыпты. Бір себепті екіншісімен байланыста қараған жоба кураторы «Мамайға емделіп, тынығып алуға» кесімді кеңес беріпті.

Демократиялық партия бір отбасының ұйымы секілді құрылған. Саяси ұйым тарихына көз жүгіртсек, Жанболат Мамайға оның әйелі Инга Иманбай үнемі тіреніш болып, саяси белсенді әрекет етіп, Жанболат үшін «жан беріп, жан алатындай» жанығып жүретін. Оның үстіне, Инга Иманбай күйеуі секілді кәсіби журналист, екі-үш редакцияда екеуі бірге жұмыс істеген, бір-бірінің ойын айтпай-ақ түсінеді. Тіпті «Инга Иманбай - қазақтан шыққан Тихановская» деген ұшқары пікір де айтылған. Соған қарамай, Инга Иманбайдың саяси тәжірибесі қомақты болса да, «он екі гүлінен бір гүлі ашылмаған» Аружан Дүйсебаеваға демпартия тізгінін ұстата салу мамайшылардың ішінде оңаза ой туғызып тұр.

Аружан Дүйсебаева журналист емес, ол киім модельері мамандығы бойынша білім алған. Оның әзірге әлеуметтану саласы бойынша қосымша білім алуға ниеті байқалмайды. Ол «Жанболат пен Инганың саяси маршын жалғастыра берсем, тәжірибелі саясаткер болып шығам» деп ойлайды-ау. Мұндай ой бір немесе бірнеше адамнан пұт жасап алып, соған көзсіз табынып кететін жаман әдетке апарады. Бір адамға табыну демократия мен либерализм құндылықтарына жат, саяси тоқырауға апаратынын Назарбаев режимінің нәтижесінен көріп отырмыз, соның зардабын әлі тартып отырмыз.

Ұйым жетекшісі Мамай демпартияны тіркете алмады, саяси ұйымның құрылтайын өткізгені рас, бірақ шешуші кезеңге келгенде себебін ашып айтпай шалт бұрылып, басқа шаруаны күйттеп кетті. Әлі күнге дейін партияның саяси-экономикалық-әлеуметтік-мәдени бағдарламасы жазылмаған. Мұны енді «қаршадай қыз» Аружан Дүйсебаева жасай ала ма? «Саяси жобаның тасада тұрған жетекшісі Төлеген Жүкеев бәрін (бағдарламаны, ұйымның тактикасы мен қысқа мерзімдегі стратегиясын) өзі реттеп береді» деп уәж айтатындар бар шығар. Дегенмен сырттан таңылған, әлдебір топтың құйтырқы мүддесін көздеген саяси бағдарламаның демпартияға тұтқа болу мүмкін бе, халық оны жаппай қолдай ма?!. Мәселенің осы тұсына келгенде «Ұйым тізгінін әмісе саяси амбициясын байқатып жүрген Инга Иманбайға, яғни Жанболат Мамайдың өмірлік һәм сенімді саяси серігіне неге бермеді?» деген сұрақ туатыны анық. Аружан Дүйсебаеваның Жанболат пен Ингаға көзсіз табынып кеткенін айттық. «Инга Иманбайдың қайсарлығы, еліне деген махаббаты, кейбір еркекте жоқ рухы, бірбеткейлігі мен үшін үлгі... 2018 жылы Ингамен танысқалы бері одан үйренгенім көп болды, әлі де үйреніп келемін. Жанболат қамалған уақытта арамыз бауырдан да артық жақын болып кетті. Инганың маған жасаған жақсылығы көп. Алматыда ата-анамнан жырақта жүрген маған арқа сүйерім болды. Үйінде өнегелі келін, балаларына мейірімді ана, достарына адал жан, жұмысында сыйлы, саяси ортадағы беделін мен айтпасамда жақсы білесіздер... Мен дәл осы саяси ортада кішкене жеңіске жетсем, абыройым көтерілсе оған бірде-бір себепкер жандар Жанболат пен Инга екендігін айтайын!» дейді ол.

Инга Иманбай да өз кезегінде «Қазақтың Аружаны ерекше қыз. Мінезіне, батылдығы мен қайтпас қайсарлығына, адалдығына тәнтімін. Қиындықта да, жақсылықта да қасыңнан табыла білетін, қызғаныш пен арам ойдан ада, таза адам. Күрес жолында жүрген адамға ондай серік, дос, құрбы табу өте қиын... Сол кішкентай қыздың осындай курескер азаматшаға айналуына қосқан үлесімді мақтан тұтамын. “Ең үздік шәкіртім” деп қалжыңдаймын өзіне» дейді. Әрине, осы сөзге қарап, Дүйсебаева «қазақтың Аружаны» деп лақап ат жабыстырған И.Иманбай екенін жоққа шығара алмаймыз, бірақ демпартияның тізгінін А.Дүйсебаеваға беру жөніндегі шешімді Инга мен Жанболат емес, жобаның кураторы қабылдағаны анық. Мамайшылар ішіндегі дереккөздің пікірінше, баяғыдан солай болып келеді, қазір де демпартияның құрылымдық жүйесіне әсер ету әдісі өзгермеді.

Саяси белсенділердің «батырлығы мен қайтпас қайсарлығы...» мәселесіне келсек, Мамайдың қасында «сен тұр, мен атайын» деген талай азамат болды. Олардың есімін түгел атамағанның өзінде, соңғы кезде демпартиядан шеттетілген журналист Әйгерім Тілеужан мен Абзал Достияровты айтса артық болмайтын шығар. Бұл екеуінің саяси әлеуеті А.Дүйсебаевадан артық болмаса, кем емес екенін жұрт біледі. «Қызғанышқа бой алдырған «қазақтың Аружаны» Әйгерім мен Абзалды түртпектеп, саяси интриганың құрбаны қылды, демпартиядан қуып шықты» деген болжам айта алмаспыз. Сірә, демпартияны ойсыратып кеткен бұл жағдай Инга Иманбайдың мінезіне байланысты секілді. Ол мамайшылдардың бәрін демократия принципіне сай тең санамағанына талай мәрте куә болдық. Саяси жобаның кураторы да Мамайды «демалысқа» жіберіп, оның орнына Инга емес, А.Дүйсебаеваны қоюды көздеп отырғаны демпартия ішіндегі тұрақтылықты қалпына келтіруге ниетті екенін байқатады. Бірақ бұдан ішкі интрига жойылып кетпейді, Ингаға табынып, оны саясаттағы ұстазы санап алған «қазақтың Аружаны» бір кездері өзімен бір шепте қатар тұрған белсенділерді қайтадан демпартияға ықпалдастырудан гөрі «бөліп ал да билей бер» деген ұстанымын байқатып жүр. «Әуежай ісі» бойынша нақақ 4 жылға сотталып, қапаста қамығып жатқан журналист Әйгерімге жылы сөз арнап, араша сөз айтуға «қазақтың Аружаны» демпартия басшыларынан жасқана ма, әлде Ә.Тілеужанды өзіне әлі де саяси бәсекелес ретінде көре ме, түсініксіз. Ал ол қызылордалық жерлесі жөнінде «Абзал Достияров өз жолымен кетті...» дегендей кекесінге ұқсайтын сөз айтып жүр. Бұл «саясатқа өмірімді арнадым» дегенге саятын әңгіме гөйітетін адамның мақсат-мұратымен ұштаса ма? Әзірге бұл сұраққа жауап бере алмаймыз, Аружанның аяқ алысын аңдаймыз...

Ораз Әлімбеков

(Материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Дүрбі 08.08.2023 132

Қатысты мазмұн