Бұзақы белсенді түрмеде де бұзақылық жасады

none

Бір жылға бас бостандығына айырылып, Алматының тергеу изоляторында отырған Санавар Закирова төбелес шығарды. Тергеу изоляторының әкімшілігі оны «15 қыркүйекте камерада бірге отырған үш әйелді ұрып-соқты» деп айыптап, бес күнге карцерге қамаған. Ал Санавар Закирова өзіне шабуыл жасап, жабыла кеткен үш әйелден қорғанғанын, сондықтан заңсыз жазаға тартылғанын айтып, прокуратурадан өзін ақтауды сұрады, жазаға наразылық ретінде аштық жариялады.

Қыркүйектің 17-і күні түрмедегі жанжалды зерттеген прокурор сотталушы С.Закированың үш әйелдің бәріне емес, бір ғана адамға дене жарақатын салғанын анықтап, оны карцерден шығаруға шешім қабылдаған.

Карцерден шыққан Закирова өзін қамаудағыларға қоспай бір адамдық камераға жатқызуды және өзін төбелесте жәбірленуші деп тануды, кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен. Әйтпесе, аштықты тоқтатпайтынын мәлімдеді.

Белсенді Закированың талап қойып, аштық жариялауында гәп бар. Жақында оның аудандық сот үкіміне қарсы апелляциялық шағымы Алматы қалалық сотында қаралуы тиіс. Түрмеде төбелес шығару оның аудандық сот үкімімен белгіленген жазасын жеңілдетуге кедергі болғалы тұр. Себебі, 15 шілдеде сот Закированы «Нұр Отан» партиясының мүшесі Т.Ш. есімді азаматтың 39 жастағы қызы Д.Ш.-ның «денсаулығына орта дәрежеде қасақана зиян келтірді» (Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 2-бөлімі, 7-тармағы) деп тауып, оны 12 айға бас бостандығынан айырған еді. Айыптауға негіз болған оқиға Т.Ш.-ның үйінің маңында болған. Санавар Закирова сол оқиғаға байланысты кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге сотталды.

Белсендінің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, түрмедегі төбелес бойынша Закированың үстінен қылмыстық іс қозғалған жоқ. Ол әкімшілік іс бойынша жауапкер ретінде танылған. Дегенмен, тергеу изоляторындағы оқиға Санавар Закироваға шығарылған үкімді жеңілдетуге кедергі болады, қоғам белсендісінің бостандықта жүргенде де бұзақы, төбелесқой екенін дәлелдей түседі. Сондықтан, Санавар Закирова тергеу изоляторындағы төбелесте өзін жәбірленуші деп тануды талап етіп, бір адамдық камерада аштық жариялап жатыр.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 29.09.2020 84

Қатысты мазмұн