Бутя популист пе?

none

Болат Әбілев Ақтөбеге барған сапарында қатты соққы алды. Оның қазақша дұрыстап сөйлей алмайтынын жергілікті халық бетіне басты. Осы біздегі саясаткерлер әлі күнге шейін Қазақстанда саясатты таза қазақтар жасайтынын, олардың сеніміне кіру үшін қазақша сөйлеу керегін түсінбей келеді.

Әбілязов пен Дувановта қазақша үйренуге деген ниет жоқ. Болат Әбілев алғаш саясатқа келген кезде қазақшаға аз-маз төселіп қалып еді. Олигархтармен ауызжаласып бизнес жасауға бірнеше жылға кетті де сол жақта қазақшасын ұмытып, тағы орыстанып кетіпті. Саясатқа қайта келген Әбілевтің қазақшасы қазір тіпті нашар. Қазақы Ақтөбе халқы сол кемістігін бетіне басты. Бұл дұрыс – кім болса да қазақпен қазақша сөйлессін.

Қазақ тілін білу-білмеуге байланысты тағы бір гәп бар. Орысқол Әбілев те елдің-жердің атын ауыстыруға құмар. Қазақстанды Қазақия деп атағанда бірдеңе өзгере ме? Елдің, халықтың жағдайы жақсарып кете ме? Мәселе атауда емес, мазмұнда ғой! Дәл қазір ат ауыстырып жүретін мезгіл емес. Оның үстіне жер-судың атауын өзгерту жөнінде бастама көтеру, оны өзінің саяси-экономикалық-әлеуметтік бағдарламасының өзегіне салу ең оңай шаруа.

Бас-көз жоқ бірдеңе айта салу әркімнің-ақ қолынан келеді. Мұның саясатта популистік мәні ғана бар. Қазақша дұрыс сөйлей алмайтын Әбілев популизм арқылы қазаққа жағынам деп ойлайды-ау. Өті жарылып кетсе де, айтайын, өйтіп халықты, қалың қазақты алдай алмайды. Қазаққа ұлы өзгеріс керек. Ол өзгеріс өміріміздің барлық саласын қамтуы тиіс.

Ораз Әлімбеков

Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 23.09.2022 61

Қатысты мазмұн