«Бутя» қайда болса, ақша сонда!»

none

Президент сайлауы иек астында тұр. Бұл саяси додаға оппозицияшыл белсенділерді ұсына алатын бір саяси ұйым жоқ. Ресми тіркеуі бар Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) жай-күйі белгілі – оппозицияшыл басқа топтар былай тұрсын, партия өз ішінде итің-қыржың, ортақ кандидат шығара алмайтын секілді.

Әнеукүні Жасарал Қуанышәлі «мені сайлауға кандидат қылып ұсына алатын саяси ұйым бар ма екен» деп жоқ іздеп жүрген. Жоқ нәрсені таба алмайтыны айдан анық. Оппозиция алақан жайып осындай дәрменсіз күйге түскенде қазақтың саяси тарихында ізі қалған «Нағыз Ақ жол» мен «Азат» партиясы еске түседі. Екі партия да Әділет министрлігінің тіркеуінен өткен, Орталық сайлау комиссиясының реестрінде былтырға шейін тұрды. Осы екі партияның «басына су құйып» жоқ қылып жіберген кім? Ол – екі партияның да басшысы болған Болат Әбілев. Енді келіп «Біздің таңдау» деген атаумен партия құрамын деп жанталасып жүр. «Кеттім» деп алып қайта айналып келе беретін оның бұл талпынысы шын ба, өтірік пе? Мұндай сұрақтың тууы бекер емес.

«Нағыз Ақ жол» конструктившіл «Ақ жол» партиясына тақасып құрылған. Себебі – түкке тұрғысыз басараздық. Әбілевтер Бәйменовпен келіспей қалып, соны мұқату үшін жаңа партия ашып алған. Осыны «саясат» деп қалайша ауыз толтырып айтуға болады? Қарап тұрып, қарның ашатын тірлік.

Әсілінде ұқсас атаумен саяси ұйым құруға Әділет министрлігі тарапынан шектеу бар. Өзінің алғашқы саяси карьерасын «Отан» партиясының белсендісі болып бастаған Болат Әбілевке бұл шектеу әсер етпеді. «Нағыз Ақ жол» партиясы тіркелді, бір-екі саяси науқанға қатысты. Осыдан кейін «халық «Нағыз Ақ жол» десек те, партияны «Ақ жолмен» шатастыра береді» деген сылтау айтып, өз еркімен партияның ресми тіркеуін тоқтатты.

Әбілевтер «Нағыз Ақ жол» атты партия құрамыз дегенде жанашыр саясаттанушылар мен журналистер «бұл болымсыз шаруа» деп талай рет айтты – «Ақорданы ғана тыңдайды-ау деймін, жанашырлардың сөзін құлағына қыстырмады.

Бұдан кейін Әбілевтер «Азат» деген партия құрды. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында «Азат» беделді республикалық қозғалыс болған. Сол атауды дәлме-дәл алып отырса да, Әділет министрлігі «Азат» партиясын тіркеуге алды. Әбілевтер бұл партияның ЖСДП-ны «жұтып қою» үшін құрған секілді, бірақ ол ойы жүзеге аспады. Жеткен жетістігі - Жармахан Тұяқбайдың орынбасары болып жүрген Әміржан Қосановты азғырып «Азатқа» қосып алды. Басқа тындырған түгі жоқ.

Оппозиция алаңындағы рөлі мен ойынын аяқтап бизнеске кетпек болған Болат Әбілевке сол кезде оппозицияның кейбір белсенділері «Азаттың» саяси кеңесіне өзгерту енгізіп, партияны бізге тастап» кет деген. Бұған Болат Әбілев көнбеді, партияның құжаттарын астына басып алып бермеді. «Азат» Әділет министрлігінің реестрінде бірнеше жыл тұрды. Қимылсыз тұрған партия екі саяси науқанға қатыспаса, автоматты түрде жойылатынын Әбілев білді, біле тұра солай істеді. Кім білсін, «Нағыз Ақ жол» да, «Азат» та Ақорданың саяси жобасы шығар, оған Әбілев өкілеттік ете алмай дымы құрыған шығар. Дегенмен, бұл жағдай өзін саясаткер санайтын Әблевті ақтап алатын уәж емес.

Болат Әбілевтің қазір құрып жатқан партиясы мен қорына күмән бар. Соның төңірегінде Оразалы Ержанов, Евгений Жовтис, Сергей Дуванов, журналист Асылжан Абдуловтың жүруі күдікті қоюлата түседі. О.Ержанов қаржы махинациясына әбден шатылған адам. Е.Жовтис пен С.Дувановты «саяси импотенттер» деп атаса артық емес. Олар қазақ тарихында болған оппозицияшыл саяси ұйымдардың төңірегінде жүрді, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Ал А.Абдулов «кімнің тарысы піссе, соның тауығы» болатын журналист. Ол кеше ғана Тоқаевтың жарнамасын жасап фильм түсіріп жүр еді, қазір бизнесмен «Бутяның» қасынан табылыпты. Бұлардың біразы «Нағыз Ақ жол», «Азат» атты саяси жобаға қатысқан. Енді Болат Әбліевтің жаңа саяси жобасын төңіректеп жүргені оңаза ойға қалдырады. Совет Одағы тұсында «Партия қайда болса, жеңіс сонда!» дейтін пропаганда болушы еді. Олар мұны сәл-пәл өзгертіп «Бутя қайда болса, ақша сонда!» деп әндететін секілді.

Бір сөзбен айтқанда, Болат Әбілев - нәтиже үшін емес, процесс үшін ғана жұмыс істейтін адам. Мұндай саясаткерден үміт күтуге бола ма?

Oraz Alimbekov

Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 27.09.2022 85

Қатысты мазмұн