Боқаев саясатта «... сасып» қалды ма?

none

Жақында түрмеден шыққан атыраулық белсенді Макс Боқаевтың қоғамға «ұлттық ымыра мен диалог қажет», «ақша мен русурс бәріне жетеді», «Назарбаевты кешірейік» деген сыңайда үзіп-жұлқып жеткізген ойы оппозицияшыл қауымның бір қанатында ашу-ыза туғызды. Әсіресе, қашқын банкир Мұхтар Әбілязов пен оның жақтастары Макс Боқаевқа қарсы ақпарат майданын ашып, қатты шүйлігіп, оның ісін сатқындыққа балап жатыр. Боқаевты саяси тайғанақтығы, конъюнктурашылдығы да айтылып қалды. Осы орайда былайғы жұрт «ұлт батыры», «табанды күрескер», «принципшіл саясаткер» деп кесімді баға беріп тастаған Мак Боқаев феноменіне көз жүгіртіп өтуді жөн көрдік.

Кең-байтақ Қазақстанның батыс түкпірінде өмір сүрген Макс Боқаевтың ең басты кемшілігі - провинциалдығы. Ол республикалық деңгейдегі саяси ортаны көрмеген. Алматыда өткен республикалық жиындарға бір-екі мәрте қатысқан шығар, бірақ ол оппозицияның құрылымдық жүйесінің астарын тәжірибе жүзінде сезіне алмады. Қазақстан - Еуропа емес, мұндағы саясат астыртын, жартылай құпия жағдайда жүреді. Соны түсінбеген ол Қажыгелдин, Әбілязов, Рысқалиев, Мамай, Садықов және басқа да саясаткерлерді ымыраға келтіру жөнінде болуы мүмкін емес ұсынысты тықпалап жіберді. Тіпті ол ұлттық диалогқа билікті де қатыстырмақшы. Бұл – утопия. Оппозиция тарихында бұған дейінгі біріктіру идеясы іс жүзінде ымыраға емес, керісінше оппозицияның одан бетер бөлініп-жарылуына итермелегенін білеміз. Қазіргі жағдай тіпті жаман, бірнеше қауымға бөлінген оппозициялық күштер өзара қырқысып жатыр. Ал Макс Боқаев жағымсыз осы процестен хабарсыз қалды деп айта алмаймыз. Оның қателігі сонда – ол шынайы ахуалды өзі үшін іштей сараптап, жөндем позиция таңдай алмай қалды.

Белсенді Макс Боқаев – саясаткер ретінде ішкі мазмұны жұтаң, жалын күжірейткен сиволдық тұлға. Оппозицияшыл түсініктің түкпірінде «Макс Боқаев пен Талғат Аян – қазіргі заманның Исатайы мен Махамбеті» деген ой жатыр. Атыраулық құқық қорғаушы Ринат Рафхаттың оларды "святой" (киелі) және «золотой» (асыл адам, алтын) деп атауы бекер емес. Ақиқатында, қарабайыр, саяси қасаң ойлы екі жігіттің - Макс пен Талғаттың бір сәтте «ұлт батырына», «мұқалмас күрескерге» айналуы Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңында «дәл уақытында, дәл мезгілінде» «Жер мәселесі» митингісін ұйымдастырумен байланысты. Олардың «Исатай-Махамбет» образынан қай тұста айырылып қалғанын айтпас бұрын атыраулық белсенді, «Демос» ұйымының жетекшісі Тұрарбек Құсайыновтың Макс Боқаев түрмеден босап шыққан күні жазған ақыл-кеңесіне назар салайық.

Оппозиция мен ұлтшыл патриоттар ішіндегі бықсық интриганың сипатымен жақсы таныс Тұрарбек Құсайынов (шынтуайтында, бұл белсендінің өзі де оңып тұрған жоқ, нағыз интриганның бірі осы жігіт) «ұлт батырын» бостандыққа шығуымен құттықтай келе, «Макс Боқаевқа әділдік пен күрес жолында тек көрегендік пен қырағылық, саяси тәуелсіз көзқарас тілеймін» деп жазды. Мұны әбілязовшіл Құсайыновтың Макс Боқаевты Мамай секілді күмәнді саяси жобаның жетегінде кетпеуге шақыру тұрғысында да тәпсірлеуге болатын шығар. Дегенмен, бұл жазбада Макс Боқаев ұстануға тиіс ең дұрыс позиция жөнінде айтылған. Ол позиция тергеу изоляторында қайтыс болған астаналық белсенді Дулат Ағаділдікіне сәйкес болу керек еді. Дулат Ағаділ үшін оппозицияшыл қауым ішінде «баррикада» болған жоқ, ол ұлтшыл-патриоттық күштермен де, әбілязовшілермен де, мамайшылармен де жақсы қарым-қатынаста болды, бірақ өзінің саяси тәуелсіз көзқарасын, өзіндік күрес жолын сақтап қала білді. Ал Макс Боқаев өзінің жерлесі Тұрарбек Құсайыновтың тілегінде айтылғандай, көрегендік пен қырағылық таныта алмады, саяси тәуелсіз көзқарас ұстана алмады. Соның кесірінен Боқаев оппозициялық топтар арасындағы «көкпар» ойынның талас-тартысы үшін додаға тастай салған кебенектің күйін кешіп жатыр. Оған қарсы ақпараттық шабуыл енді бәсеңдемейді, қайта уақыт өткен сайын күшейе түседі. Оның саяси тұлғасы күн өткен сайын көмескіленіп, бұлыңғырланады...

Саясат - өте қатал орта. Посткеңестік кеңістікте халықты соңынан ерте алатын саясаткер болу тіпті қиынның қиыны. Мың сан кедергіні білікті, сарабдал, минут сайын өзгеріп тұратын саяси ахуалды жіті бақылап, ең тиімді жол таңдай білетін саясаткер ғана еңсере алады, сол жүйрік аттай суырылып алдыға шығады. Саясатқа белшешіп кіріскен адам саяси күрес жолында бала-шаға, туған-туыстың мүддесін де былай ысырып қоюы керек. Мұны басқаша айтқанда, ең асылы мен ең жақынын құрбандыққа шалуға дайын болуы тиіс. Ал Исатай-Махамбет образына еніп алған Макс пен Талғат позициясын түрмеде жүргенде-ақ жоғалтып алды. Қараусыз қалған бала-шағасының қамын күйттеген Талған Аян қылмысын мойындап, кешірім сұрап, жаза мерзімінің қалғанын шартты түрде өтеу үшін бостандыққа шығып алды. Саяси күрестің қатал әрі әділетті принципі бойынша, Талғат Аянның қарабасын ойлаған бұл әрекеті саяси тайғанақтыққа, сатқындыққа баланып, Макс Боқаев тарапынан қатаң сынға ұшырауы тиіс еді. Ол Талғат Аянға «саяси талақ» жариялау керек еді. Өкінішіке орай, «принципшіл» Боқаев олай істеген жоқ, қайта Талғат Аянның бала-шағасын мүсіркеген кейіп танытып, «түсіністік» білдіріп, бата беріп түрмеден шығарып салды. Саясатта қазақы көңілжықпастықтың салдары саясаткер имиджіне орасан нұқсан келтіретінін біле-тұра Макс пен Талғат осылайша өздерінің Исатай-Махамбет образының тас-талқанын шығарды.

Әрине, Макс Боқаевтың Талғат Аянға қатысты көңілжықпастығын – саяси қателігін бір мәрте кешіруге де болатын шығар. Дегенмен, бұдан кейін Талғат Аян түрмеде қалған «Исатайын» бостандықта сарылып күтіп тыныш отырмай, басын анда соқты, мұнда соқты. Ол президенттік сайлуаға түскен Әміржан Қосановтың кандидатурасын қолдаушылардың қатарында болды. Егер Боқаев көреген әрі қырағы саясаткер болса, күмәнді Қосанов кампаниясына қосыла шауып былғанған, сол күйесін Исатай-Махамбет образына баттастырып жағып жатқан Талғат Аянмен «ат құйрығын кесісу» керек еді... Боқаев тағы да саяси солқылдақтық танытты.

Ақиқатын айтсақ, Макс Боқаевты Жанболат Мамайдың демократиялық партиясына ылықтырып жіберген де Талғат Аян. Ол түрмеде жатқан Максті Демпартияға кіруге үгіттеумен болды. Нәтижесінде, Макс Боқаев «биліктің саяси жобасы» деген жаманатты топтың ішіне аңдамай кіріп кетті.

Боқаев тұлғасын Талғат секілді күмәнді белсенділердің күйелештеп кеткені жөніндегі саяси өксікке ұқсайтын өкінішті жайттарды тізбектеп кете беруге болмас. Саяси сана, саяси қырағылық пен көргенедік индивидке тән нәрсе. Сарабдал саясаткер айналасындағы адамдардың, қоғамның өзіне жасайтын жағымсыз ықпалына қарсы қырағы иммунитетін қарсы қоя біледі. Өкінішке орай, саясат алаңына Исатай-Махамбет образында шыққан Макс Боқаев қасаң ойлады, қатаң принципті ұстана алмады. Оның түрмеден шыға сала Исатай-Махамбет алаңында Талғат Аянмен құшақтасып суретке түскені сөзімен де, ісімен де әділетсіздікке қарсы жанкешті күрес жүргізіп шейіт болған ұлы бабалардың әруағын қорлағандай әсер қалдырды...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 18.02.2021 267

Қатысты мазмұн