Боқаев қандай саяси ойын бастады?

none

Қолында билік болып, Алматының ішкі саясатын басқарып, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрғанда журналистердің төбесіне бишік үйірген Санжар Боқаев биліктен кеткен соң оппозицияның кейпіне еніп алып, «Намыс» атты партия құрам» деп шулады. Тіпті ол саяси партия құрудың алғашқы этапын еңсерді, тізім өткізген соң Әділет министрлігі партияның құрылтай сиезін өткізуге рұқсат берген.

Зорайып мәлімдеме жасаған Санжар Боқаев енді партия құрудан бас тартып отыр. Айтуынша, Қазақстанда төменнен, яғни халықтың ғана қолдауымен партия құру мүмкін емес, партияны ресми тіркетудің кедергісі тым көп екен. Сондықтан ол да саяси трюкті жақсы меңгерген Мамайдың саяси тактикасын басшылыққа алып, аты бар, заты жоқ тіркелмеген партияның атынан түрлі мәлімдеме жасап жүре бермекші.

Санжар Боқаевтың жарты жолда райынан қайтып, сынып қалуының екі себебі бар. Біріншіден, «Намыс» партиясының сиезіне 429 адам ғана қатысты. Заң талабы бойынша мұндай жиынға 1000 адам қатысу керек. Заңда қарастырылғандай адам жинай алмағанын, сиезге шақырған делегаттарының «лақтырып» кеткенін Боқаевтың өзі де мойындап отыр. Осы ісіне іштей ұялған ол сиез құжатын Әділет министрлігіне апаруға беті шыдамапты. Сөйте тұра ол «партия тіркету қиынның-қиыны» деп оңды-солды сұхбат беріп, Әділет министрлігін сынап жүр.

Партиясын неге тіркеткісі келмейтінін Санжар Боқаев сұхбатында аңдамай айтып қойыпты. Партия құрылтайшыларының тізімін түзгені бар, сиез өткізгені бар, және басқа да жалаң саясаткердің саяси маршына көп қаржы жұмсалыпты. Мұның бәрі Боқаевтың көп жыл бойы жиған-тергені екен. Сол қаржы түгесіліпті. Ал халықтан қаржылай көмек болмай тұр. Сондықтан ол партиясын тіркету процесін орта жолда тоқтатып, бәрін жиыстырып қойған. Бір қызығы, ол саясатпен шұғылдана береді, тіркелмеген «Намыс» партиясының жетекшісімін» деп жаһанға жар салып жүреді.

Санжар Боқаевтың саясат алаңына шығуында бір гәп бар сияқты. Ол Әділет министрлігінің партия тіркету талаптарын біле тұра, партия тіркетпек болды. Енді сол шаруаны орта жолда тастап кетіп барады. Себебін «ақшам таусылды, партияны қаржыландыратын кәсіпкерлер жоқ» деп түсіндіреді. Бұл оның әлдебір олигархпен байланысы барын жоққа шығарудың алдын ала ойластырылған тәсілі сияқты. Оның сөзіне енді кім сенеді?

Ораз Әлімбеков

Фейсбук парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 28.07.2022 87

Қатысты мазмұн