«Бизнесмен Боранбаев «Азаттықтың» аузын бұзды. Тілшінің тісі сынды»

none

АҚШ бюджетінен қаржыланатын «Азаттық радиосы» арзан сенсация қуып жүр. Кейде сенсациялық мәні жоқ нәрседен де «жұрттың жағасын ұстататын» жаңалық жасағысы келеді. Мұндай өпірім алашапқын кезінде журналистика принципін аттап өтіп, қарапайым этиканы белден басып кету түк емес. Интервью алынатын адамға сұрақ қоя алмай, жұрт алдында масқара болып қалатын журналистің мүсәпірлігі де осы кезде әшкере болып қалады.

Жақында «Азаттық» журналисі Бағдат Асылбек Қарағандыдағы фармацевтика кешеніне барды. Дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорынның төрт қожайыны бар, соның бірі – Қайрат Боранбаев – марқұм Айсұлтан Назарбаевтың қайынатасы. Коронавирус індетіне қарсы күрес аясында кәсіпорын ресейлік "Спутник V" вакцинасын өндіруді бастады. Қазақстанда 1 ақпаннан бері осы вакцинаны коронавирусқа қарсы ем ретінде халыққа салып жатыр.

«Азаттық» журналисі Бағдат Асылбек кәсіпорын жұмысымен танысуға келген. Ол салған жерден кәсіпкер Боранбаевтан вакцинаның құнын сұраудан бастады. Ал Боранбаев вакцина құнын қайдан білсін?! Ол бұған дейін берген сұхбатында «вакцина өндірісін коммерциялық емес, әлеуметтік маңызы бар жоба» деп қарайтынын, бизнестің әлеуметтік жаупкершілгі үшін бұл шаруамен ерікті түрде айналысып жатқанын айтқан. Ол «Азаттық» журналисіне сол сөзін қайталады. Боранбаев вакцина құны Денсаулық сақтау министрлігінің құзырындағы шаруа екенін айта келе, «Мәселе бағасында тұрған жоқ. Президент вакцина тегін деген. Сондықтан вакцина салғызатын адамға оның қанша тұратыны маңызды емес,» - деді.

Журналист Бағдат Асылбек құлағын тығындап алған ба, әлде «түйе де түсінетін» жауапты әдейі естігісі келмей ме, Боранбаевты вакцина бағасы бойынша әбден қыжықтады. Бизнесмен Боранбаев вакцина өндірісінен «коммерциялық пайда көрмейтінін», «бұл істі Қазақстанда Covid-19 вирусына байланысты жағдай ушығып кеткендіктен қолға алғанын», «кіріс-шығысты әлі есептемегенін» тағы қайталап айтты. Бұл жауапқа қанағаттанбайтын Бағдат Асылбек «Жалғыз ауыз сөз ғой. Бағасын айта салыңыз» деп, ұрыс-керіс іздеген бәлеқордай қыжықтауын қоймады. Ал Боранбаев салмақты, мәдениетті адам екен, ол бәле іздеп келген журналистің арандатуына көнген жоқ, вакцина бағасын Денсаулық сақтау министрлігінен сұрап алуға тағы да кеңес берді. Журналист Бағдат Асылбектің қалайда кәсіпкер Боранбаевты масқаралап кетуді көздейтін сұрақтарының сыйқы сау адамның ақылына сыймайды, тіпті кейбірі күлкілі. Мысалы, журналист айтқандай, кәсіпкер Боранбаевтың "Спутник V" вакцинасын шығаруды қолға алуына оның құдасы Назарбаевтар әулетінің қандай ықпалы болуы мүмкін?! Иә, егер осы шаруа өте пайдалы жоба болса, «Боранбаев өзіне құда болып келетін Назарбаевтарға арқа сүйеді-ау» деген күмәнді сұрақ тастауға болады. Ал Боранбаев айтқандай, вакцина өндірісі - коммерциялық емес, яғни пайда табуды көздемейтін әлеуметтік жоба. Бұл жерден тамыр-таныс жағалайтындай пайдакүнемдік атымен жоқ қой...

Вакцина шығаратын кәсіпорынға экскурсияға келген «Азатттық» журналисінің кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың дүние-мүлкін, байлығын түгендеп, тақырыптан ауытқығаны тіпті ерсі көрінеді. Журналистің «Ahlan вилласы сізге тиесілі ме?» деген сұрағына «Иә, екеуі де. Екінші вилла да» деп жауап берді. Бұдан кейін журналист «Ahlan вилласында Назарбаевтың демалғаны жөніндегі» бұған дейін баспасөзде жазылған алып-қашпа әңгімені еске салды. Әрине, Боранбаев ол ақпартты жоққа шығарды... Мұнда журналистің сұрақ қоюдағы сауатсыздығы тағы көрініп қалды. Мейлі, оқиға журналисте күмән туғызғандай-ақ болсыншы, «Назарбаев Боранбаевтың вилласына демалуға барсын» делік. Сонда, «Азаттық» журналисі ойлағандай, Назарбаевтың Боранбаев үйіне барғаны қылмыс па? Екеуі құда емес пе, олай болса, олардың жеке өмірінде жақын туыстардай қарым-қатынас жасауына болады ғой. Әлде, құдасының үйіне құдасының туысшылап баруына заңмен тыйым салынып па еді?!. Бұл жерден қандай сенсация іздеуге болады?! Бұл журналистің алаөкпе болып босқа тыраштану емес пе?!.

Провинциал журналист Бағдат Асылбектің «Азаттық» редакциясынан Боранбаевты, қандай тәсілмен болмасын, қалай да мұқатып кетуге арнайы тапсырма алғаны оның одан кейінгі сұрақтарынан да байқалды. Ол Боранбаевты Қазақстанда бизнес жасап, басына «күн туғанда» шетелге қашып кеткелі жүрген адам ретінде көрсетпекші болып әуреленді. Журналистің жаман ойында кәсіпкердің шетелдегі мүлкі мен бизнесі елінен қашып кеткен жағдайда амалсыз барып тұрақтайтын «қосымша аэродромы» екен. Оның бұл сұрағына Боранбаев «тұмсық бұзатындай дәл соққы жасап», жауап қайтарды. Боранбаевтың айтуынша, оның шетелдегі бизнесіне құйған ақшасы барлық инвестициясының 5 пайызын ғана құрайды.

«Қонақ үй – "қосымша аэродром" емес. Мұның бәрі – инвестиция. Сіз одан да біздің әлеуметтік жобалар туралы айтыңыз. Бұл сізге қызық болар еді. Бізде ДЦП ауруына шалдыққан науқастарға арналған балабақша бар. Бұл мекемені 2002 жылдан бері қаржыландырып келеміз. Сол жаққа барып көріңіз. Сегіз баланы қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл мақтанғаным емес, бұл туралы жазбасаңыз да болады. Сіздер әр жобадан бірнәрсе іздеп тұрасыздар… Мен кәсіпкер адаммын, бизнесімнің көп қырлы болғанын қалаймын. Сондықтан кәсібімді Қазақстанда, Ресейде, Еуропада дамытып жатырмын», - деді ол.

Кәсіпкер Боранбаев Қазақстан азаматы ретінде шетелдегі мүлкі үшін барлық салықты Қазақстанға төлейтінін, өзінің елдегі ең көп салық төлейтін бестікке кіретінін айтты. Бұл ақпарат ашық, оны журналист Бағдат Асылбек те біледі. Солай бола тұра, ол Боранбаев компанияларының былтыр қанша салық төлегенін сұрап тықақтап қоймады...

text

Журналистерге бөлген уақыты аяқталғанын, әкімдіктегі жиналысқа бару керегін айтқан Боранбаев бәрімен қоштасып, сыртқа беттеді. «Азаттық» журналисі де онымен ілесіп шықты. Ол Боранбаевтың қапталында қатарласып келе жатып, ауыр кесел салдарынан қайтыс болған Айсұлтан Назарбаевтың өлімі туралы сұрады. Боранбаев мінетін көлік есігінің алдын кескестеген журналист микрофонын Боранбаевтың аузына тықпалап, «Как вы переживали утрату Айсултана?» деген сұрақ қойды. Ал Боранбаев тағы да сабырлық танытып, «Өтініш, былай тұрасыз ба?» деді де, көлікке отырып, есігін жауып алды да кете барды. Журналист сонда да қоймай «Жауап бересіз бе?» - деп, көліктің соңынан соңғы сөзін айтып қалды...

Әсілінде, журналистің Айсұлтан өліміне қатысты сұрақ қоюы нағыз сорақылық, оңбағандық еді. Бейшара баланың жазылмайтын дертке - наркоманияға шылдығып, сол дерттің әбден асқынуынан қайтыс болғаны дүйім жұртқа белгілі. Оның есі кіресілі-шығасылы масаң жағдайдағы мәлімдемесіне мән беріп, мазмұн іздеп, еске алудың да қажеті жоқ. Есі дұрыс адам «мұндай қайғыны басымызға бермесін» деп мүсіркеуден басқа сөз айтпаса керек-ті. «Тас түскен жеріне ауыр». Бейшара баланың өлімі оның жақын туыстары үшін ауыр қайғы. Марқұмның қайынатасы да күйеубаласының жастай қыршын кеткен өліміне іштей қайғырады. Сонда ол вакцина өндірісі мәселесін зерттеуге келген журналист Бағдат Асылбекке ішіндегі қайғысын ақтарып, жыламсырап отыруы керек пе?! «Азаттыққа» керегі сол ма? Әлде, бұл журналистің Айсұлтан өлімін алға тартып, Боранбаевты мұқатып, табалаған ісі ме?!

Қалай десек те, Қайрат Боранбаев тым салиқалы, сабырлы адам екен. Егер оның орнында басқа біреу болса, «Азаттық» журналисінің қолындағы микрофонын жұлып алып, аузына бір-ақ ұрып, тісін сындырып кетер еді. Журналистік этиканы аяқасты етіп жүрген тілшінің оңбаған қылығын бір сәтте тоқтату үшін жасалатын мұндай әрекетті мораль тұрғысынан да ақтап алуға болады. Дегенмен, Бағдат Асылбектің ұзынсонар, шала-шарпы шашыраңқы репортажына қарап отырып, оның немесе оған тапсырма беріп жіберген редакторлардың дәл сондай сенсация күткені байқалады. Олар кезекті мақаласына «Бизнесмен Боранбаев «Азаттықтың» аузын бұзды. Тілшінің тісі сынды» деген тақырып қою үшін жанталасқан секілді. Шынтуайтында, журналист репортажының әділетті бағасын «оңай шағылмайтын жаңғақты тістелеген тілші тісін батыра алмады, оның күрек тісі сынып қалды» деп беруге болады. Бұл - «Азаттық» тарихындағы журналистика этикасын белден басқан масқара жағдай. Мұндай масқарадан «кетік» тілшіге қатаң сөгіс беріп, жұмыстан аластатып жіберсе де арыла алмайды, «Азаттықтың» бетіне түскен қара дақ ешқашан өшпейді.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 17.02.2021 284

Қатысты мазмұн