Bek Air ұшағы апатына не себеп болды?

none

Нұр-Сұлтанда үкімет комиссиясы Bek Air ұшағы апатына байланысты комиссияның алдын ала қорытындысын жариялады. Комиссия жетекшісі премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша, ұшаққа мұз қату апаттың басты себебі ретінде қарастырылып отыр. Комиссия төрт болжамды қарастырған.

"Біріншіден - әуе кемесіне коммерциялық жүкті тиеу кезінде ереже сақталмауы, ұшақтың тепе-теңдігінің бұзылуы, екіншіден - ауа райы жағдайы, үшінші - ұшақты басқаруда экипаж қателігі, төртінші - техникалық ақау" деді Скляр.

Оның айтуынша, коммерциялық жүк тиеу бойынша ереже бұзылмағаны анықталған. Комиссия мүшелері желдің екпіні тұрақты болғандықтан ол ұшаққа әсер етпеген деп санайды.

Склярдың айтуынша, ұшар алдында Bek Air ұшағын мұз қатырмайтын арнайы сұйықтықпен жартылай ғана сыланған. Ұшақтың қанаттарына сұйықтық тимеген.

"Комиссия тұрақта шамамен екі тәулік тұрған әуе кемесінің бетіне мұз жиналып қалу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Метеорологиялық ақпараттар мен борттық тіркегіш деректерді талдай отырып, ұшаққа мұз қату апаттың басты себебі ретінде қарастырылып отыр" деді Роман Скляр.

Роман Скляр тергеу орындары Алматы әуежайының санитарлы қорғау аймағында жер телімін заңсыз үлестіргенін анықтады деп мәлімдеді.

"Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары 2015-2019 жылдары қосалқы шаруашылықпен айналысу үшін (арасында тұрғын үй құрылысы да бар) жер телімдерін заңсыз үлестірген" деді Роман Скляр 10 қаңтарда өткен баспасөз жиынында. Оның айтуынша, "ережеге сәйкес, ұшу-қону жолағынан төрт шақырымға дейінгі аралықта нысан салу үшін әуежай комиссиясының келісімі керек. Алайда [жер телімінің иелері] мұндай келісімнен өтпеген" деді Скляр. Ол тергеу кезінде бұған кінәлі лауазымды тұлғалар да анықталады деді.

Алматы әуежайы маңында заңсыз жер үлестіру фактісі бойынша тергеу амалдарын жемқорлықпен күрес іс-қимыл бюросы жүргізіп жатыр. 30 желтоқсанда бас прокуратура Алматы әуежайындағы ұшу-қону жолағына жапсарлас жатқан жер телімдерін үлестіру мәселесі тексеріледі деп айтқан.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлап, сол маңдағы үйге соғылған. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түскен. Ұшақ соғылған үйдің жаңадан салынып жатқаны, апат кезінде үйде ішінде адам болмағаны хабарланған.

30 желтоқсанда Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген Bek Air әуе компаниясының өкілдері Fokker-100 ұшағының "техникалық жағдайы жақсы болған" деді. Компания басшылығы "Fokker-100" ұшағы әуеге көтерілерден бір минут бұрын ұшқан ауыр салмақты Airbus-321 ұшағының ілеспе толқыны әсер етіп, ұшақты басқаруды күрт қиындатқан болуы мүмкін" деген болжам айтқан.

Айдары: Дүрбі 10.01.2020 68

Қатысты мазмұн