Баспасөз еркіндігі – Қазақстандағы өзгерістердің индикаторы

none

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп келе жатқан демократиялық реформаларға қарсы мысықтілеулестерге биылғы жыл сәтсіздеу басталды. Алдымен, елді ғана емес, әлемді елең еткізген «қаңтар оқиғалары» орын алды. Мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің танауы тасқа тиді. Одан кейін Президенттің айналасынан жемқорлық белгісін іздегендердің әрекеттері де діттеген межеден шықпады. Ендігі кезек – отандық либералдардың одақтастарына тиген сияқты. Нақты айтқанда, «Шекарасыз репортер» ұйымының халықаралық рейтингтегі баспасөздің еркіндігі туралы мәлімдесі.

Қазақстан бұл рейтингте бүгінде 122-орында тұр. Өткен жылы ғана біздің еліміз Бруней мен Руанда елдерінің арасында 155-ші орында еді. Яғни, Президент Тоқаевтың жүргізген реформалары нәтижесінде бір жылдың ішіндегі ілгерілеу процесі бұл. Жалпы рейтингте әлемнің 180 елі бар екенін ескерсек, біздің алға жылжу қарқынымыз тіпті де жаман емес. Алайда бұны либералдарға түсіндіру мүмкін емес. Олар мысал ретінде ТМД аумағындағы елдер ешінде рейтингте 106-орында тұрған алған Украинаны, 89-орындағы Грузияны, 72-орындағы Қырғызстанды, 51-орындағы Арменияны, 40-орындағы Молдованы, 22-орындағы Латвияны, 9-орындағы Литва мен 4-орындағы Эстонияны алға тартады. Әлемдік экономика мен саясаттан аз-маз хабары бар, біздің жақын көршілеріміздегі оқиғаларды қадағалайтын адамдар Қырғызстан мен Украинадан озу мақтанышы – елдегі тыныштық пен тұрақтылықты құрбан етуге тұрмайтынын түсінсе керек еді.. Алайда, дақпырты көп аламан мен бос мақтанды ғана ойлайтын либералдар үшін елдің бейбіт өмірі есеп емес.

ТМД-дағы басқа елдердегі жағдайды да айта кетейік. Рейтингте Өзбекстан – 133-орын, Тәжікстан – 152-орын, Беларусь – 153-орын, Әзірбайжан – 154-орын, Ресей – 155-орын. Салыстырмалы түрде қарағанда Қазақстан шын мәнінде демократиялық өзгерістерге жол ашқан елдің үлгісін көрсетіп келеді және бұл оң көрсеткіш соңғы жылдардағы жұмыстың жемісі.

Мысалы 2018 жылы біздің ел рейтингте 158-орында тұрганы белгілі. Сол кезде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл индексті объективті емес, ал Қазақстандағы БАҚ-да шектеу жоқ дегені есте.

Абаев мырза 2020 жылдың мамыр айында Ақпарат министрі қызметінен кетіп, оның орнына Аида Балаева келді. Аида ханымның қызмет жолына үңілгендер оның өмір бойы идеология саласында еңбек еткенін және медиа саласында тікелей жұмыс істемеген адам екенін түсінеді. Соған қарамастан, рейтингтегі ілгерілеушілік – Балаева мен оның командасының еңбегінің нәтижесі екені анық. Аида ханым Министр ретінде әлеуметтік желілерде белсенді болды және өзіне жүгінген журналистердің барлығымен де тікелей байланыс жасай білді. Осы кезде журналистердің құқығын қорғайтын Ереже қабылданды, пандемиядан зардап шеккен БАҚ-қа көмек көрсетілді. Мұның барлығы әрине елдің БАҚ еркіндігі рейтингісінде үлкен серпіліс жасауына тікелей әсер етті. Тіпті, қаңтар кезінде орын алған ақпараттық кедергілер де оған зиянын тигізе алмады.

«Қаңтар оқиғаларынан» кейін Ақпарат министрі креслосына тәжірибелі журналист Асқар Омаров отырды. Оның тағайындалуы кейбір ақпарат алаңында біраз келіспеушілік тудырғанымен жаңа министрі кәсіби журналист ретінде ақпарат саласы мен әріптестерінің құқығын лайықты қорғайды деп сенім білдіреміз. Әрине бәріне уақыт төреші. Бірақ, бүгінгі мәселе басқада. Қазір ерінбегеннің барлығы Президент Тоқаевтың атына қатысты қисынды, қисынсыз сын айтуды әдетке айналдырып алды. Тіпті қызды-қыздымен «Тоқаев режиміне» сын садағын кезейтіндердің қатарынан кешеге дейін саясаттың иісі мұрындарына бармаған пиарщиктер мен эсэмэмщиктерді, бьюти-блогерлер мен инста-бикештерді де көретін болдық. Тіпті арасында өз уақытында Бас партияның сойылын соққан танымал қоғамдық пікір көшбасшылары да табылып қалады.

Бірақ барлығы бірауыздан Қазақсатнның сөз бостандығы бағытындағы қолға алынып жатқан оң өзгерістері туралы естіп-білмеген сыңай танытады. Тек «қаңтар қасіреті» туралы жазуға әуес. Толық түсініп, терең ұғынып терең сараптамалы талдау жазса кәнеки.. «Қаңтар қасіреті» демекші, бұл оқиғаға қатысты терегу амалдары тереңдеген сайын, бейбіт шерушілер туралы айтқыштардың көпшілігі Елбасы әулетінің қолынан жем жеп үйренгендер санатынан екені анықталып жатыр. Қазіргі Президент Тоқаевтың кемшілігін көруге әуес бұл топтың өкілдері, бірінші Президент кезінде қоғамдық-саяси салада орын алған олқылықтар туралы жақ ашуға жарамаған еді. Біз әрине, күдіктеілерді тергеп-тексеретін арнайы қызмет өкілдері емеспіз. Біз тек сырттан бақылап, байқағанымызды айтамыз.

Тек, бір анық нәрсе бар. «Шекарасыз репортер» рейтингісіндегі еліміздің жаңа көрсеткіші – Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолға алып жатқан рефомаларының оң нәтижесі екені даусыз. Және саяси реформалардың барлығы да түптеп келгенде Қазақстанды одан ары демократияландыру мен азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған шаралар. Бұл туралы Президенттің өзі же үнемі айтып келеді. Естір құлақ, ұғар құлық болса, әрине.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Дүрбі 21.05.2022 96

Қатысты мазмұн