Бас мүфтилікке кандидат Меңлібековке кім кедергі?

none

Мадиярдың аяғынан шалатын Ақорда жақта кім бар? Жаңа Қазақстанда «дипломат» деген сөз өтімді ме?

Құрметті оқырман, Исматтулла пірдің қолынан көк шай ішіп есеңгіреп қалған Мадияр Меңлібековтің (суретте ортада) «зікірші» сопыларға ешқашан іші ағармайтынын «Дипломат Меңлібеков – Бас мүфти? Көк шай және «Исматулла тақсыр» мақаласынан білдіңіздер. Бұрын имам қызметін атқармаған, сопыларға сақтана қарайтын дінтанушы-дипломат Бас мүфти бола қалса, мүфтият пен ҚМДБ мешіттеріне аш кенедей жабысып алған нақышпандыларды да (Орталық Азиядағы беделді сопылық тариқат, Бұқара мектебі) аямайды, қазіргі Бас мүфти Наурызбай Өтпенов тықпалап жүрген ихсан ілімінің өзбекстандық нұсқасын Қазақстандағы діни идеологиялық трендтен түбірімен жұлып тастап, жоқ қылып жіберуі кәдік. Сондықтан Мадияр молдалар үшін қауіпті, жат адам, ҚМДБ ішінде оны қолдайтын ешкім жоқ. Оның үстіне, «жас келсе – іске» деген, Меңлібеков ҚМДБ жүйесін аударып-төңкеріп, сілкілеп шаңын қағып, ауқымды реформа жасауы мүмкін. Бұл ортодокс молдаларға ұнамайды, ұнамаса да іштей тынып отырады. Себебі, молдалар саяси шешімге қарсы шықпайтын қорқақ, уағыз айтқанда тілін безеп сөйлегені болмаса, мұндай кезде қойдан жуас бола қалады, жасық.

Бас мүфтиді сайлау саяси шешіммен жүзеге асатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Президент Тоқаев астындағы тағын бекемдеу үшін дипломатиялық корпустан адам тартып, оларды күшті лауазымдарға қойып жатқанын білеміз. Қай сала болмасын, түрлі ұсыныс-тілектен кейін кадр мәселесінде соңғы сөзді айтатын да - Тоқаев. Мадиярдың кандидатурасын Бас мүфтилікке ұсынғанда «Меңлібеков – дипломат» деген бір сөз үміткердің шансын еселеп жіберуі мүмкін. Себебі, соңғы екі-үш жылда «дипломат дипломатқа дос, жолдас және бауыр» деген тренд белең алды.

Әрине, Ақорда маңында Меңлібековтің кандидатруасына қарсы аргумент айтатын тілі ұзын кеңесшілер бар. Құдайдан жасыра алмайтын нәрсені көзі қарақты оқырманнан жасыра алмаспыз, сопылық идеологияны қолдайтындардың бірі ішкі саясатпен шұғылданатын секторға жетекшілік етіп отыр, тіпті ол Бас мүфти сайлайтын құрылтайдың төрінде қонжиып отыруы ғажап емес, тағы біреуі идеологиялық саланың білдей министрі болды. Елші болып Еуропа жаққа кеткен бұрынғы бас идеологтың әлі де Ақордаға сөзі өтімді секілді. Олардың сөзі өтімді екенін «зікіршілердің» пірі Исматулла тақсырдың түрмеден шыға сала шартты жазаның талаб-міндетін талақ қылып, еркінсіп ел аралап кеткенінен байқауға болады. Әзірге Исматтула пір «Пөтенжан» деп Ресей президентін еркелетіп, астына көпшік қойып, оны ақырзаман жақындағанда Жер бетіне атып шығып әлемде әділеттілік орнататын Мәдіге теңеп, «геосаясатпен шұғылданып» жүр. «Зікіршілердің» «зиялы шапан» киген тағы бірнешеуі қазақ қоғамын қайтадан сопылық шетін идеологиямен шырмап жатыр.

Кезінде «зікіршілер» де мүфтият билігін қолына алуды аңсаған, қазір де сондай амбиция болуы мүмкін. Осы тұрғыдан қарағанда, өздері Бас мүфти болмаса да «көк шайға» дес бермей кеткен ызалы Меңлібековтің ҚМДБ-ға басшы болып келуін, «зікіршілерден» кек қайтарғанын қаламайды.

Мадиярдың Бас мүфти болуына қарсы Қаңтар оқиғасын Дубаймен байланыстырып, Меңлібековтің дәл сол тұста БАӘ-де елші болғанын, Қазақстаннан ұрланған көп қаражаттың Дубайда, әмірліктің басқа қалаларына тастай батып, судай сіңіп кеткені жөнінде аргумент айтуы мүмкін. Әрине, Жаңа Қазақстанның Ақордасы мұның бәрін екшейді. Содан кейін ғана Бас мүфтидің кім болатыны жөнінде саяси шешім шығады.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 09.01.2023 188

Қатысты мазмұн