Бапи: Бергеймен бірлесіп ботқа пісіру мүмкін емес

none

**Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) төңірегінде дау ұлғайып барады. Партияға төрт айдан астам уақыт төраға болған журналист Ермұрат Бапи ЖСДП-ны шетелде қашып жүрген, әкім болған тұста сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сырттай сотталған Бергей Рысқалиев қаржыландырғанын, өзінің де одан қомақты ақша алғанын мойындады. **

text

Е.Бапидің айтуынша, Бергей Рысқалиевтің адамдары 100 мың долларды 2019 жылдың 7 мамырында інісі Ерік Бапиев арқылы әкеліп беріпті (2-суретте). Бұл жағдай ЖСДП-ның сотқа тартып, жауып тастау қаупін күшейте түсті. Себебі, саяси партиялар туралы заңда қоғамдық негізде құрылған кез келген ұйымның қылмысқа қатысы бар тұлғалар тарапынан немесе шетелден қаржы алуына тиым салынған.

ЖСДП мен Ермұрат Бапидің оқиғасына ұқсас жағдай екі-үш жыл бұрын болған: журналист Жанболат Мамай «шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязовтен ақша алып, газет шығарды» деген айыппен шартты жаза алып, басын бәледен әрең арашалап алған. Сол сияқты қашқын Бергей Рысқалиевпен тығыз байланыс жасаған ЖСДП ғана емес, Ермұрат Бапи де келешекте жазасыз қалмауы мүмкін. Әрине, жағдайдың ушыға түсуі немесе көзге ұрып тұрған фактіні елеусіз қалдырып кету ЖСДП мен Ермұрат Бапидің «саяси жоба» екеніне де байланысты өрбиді.

Журналист Ермұрат Бапидің ЖСДП-дан қуылуының себебі бұған дейін serke.org сайты жазғандай болып шықты. Ол Бергей Рысқалиевтің ЖСДП-ға бөлген қаражатын адресатына түгел жеткізбеген. Бұл болжамды Рысқалиевтің шетелдегі көмекшісі баспасөзге берген сұхбатында қуаттаған. Жағдайдың дәл солай болғаны осы дауға қатысты 8 қазанда арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Ермұрат Бапидің сөзінен де байқалады. ЖСДП төңірегіндегі дау-дамайға дейін Бергей Рысқалиевты жақсы жағынан сипаттап, оны ақтап бірнеше мәрте сұхбат берген Бапи 180 градусқа кілт бұрылды. Бапидің айтуынша, Рысқалиев шантаж жасағыш әрі ұсақ адам, Брюссель және Париж конференциясын қаржыландырған ол жиынға қатысушылардың ұшаққа алған билеттері мен қонақүйде жатқаны үшін төленген ақының түбіртектерін шұқшиып тексеріп, «тиын санап» мырзалық танытпаған. Журналист мұндай ұсақтықты Атырау облысының экс-әкімінен күтпеген сияқты. Сондықтан ол «бұдан былай Бергеймен бірлесіп ботқа пісіру мүмкін емес» екенін айтты.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Түтін 08.10.2019 94

Қатысты мазмұн