«Аманатқа» "әй" дейтін Тоқаев, "қой" дейтін Қошанов Астанада бар ма?

none

Астананың Алматы ауданы бойынша №1 округінен мәслихат сайлауына қатысып жатқан тәуелсіз кандидаттарға қаланы ордалы жыланша орап алған «аманаттықтар» көпекөрінеу кедергі жасап жатыр. Олар оншақты жылға жуық Астана мәслихатының депутаты болған «нұр-аманаттық» Владислав Сергеевті қайтадан депутат қылмақшы.

Бұл құйтырқы заңсыздыққа қала әкімдігінің коммуналды шаруашылығына қарайтын «Алтын Ғасыр», «Ертіс» ПӘК, «Компания Теремок» ЖШС секілді кәсіпорындар мен медициналық мекемелердің басшылары жұмылдырылған. Сергеевтен басқа тәуелсіз кандидаттарды мекеме ұжымымен қалай да кездестірмеуді, кәсіпорындарға маңайлатпауды, үгіт-насихат жасауға мүмкіндік бермеуді №1 ОСК төрайымы В.Г.Абдрахманова мен аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Сухих үйлестіріп отыр деген мәлімет бар. Тіпті олар тәуелсіз кандидаттарға үгіт-насихат жасайтын аумақтың картасын бермей сарсалаңға салып қойды. Мұндай өзімбілер менмендік демократиялық «Жаңа Қазақстанның» саяси тарихында болмаған оқиға шығар...

Ал кандидат Владислав Сергеевтің жалдамалы жандайшаптары саяси бәсекелестердің заң бойынша белгіленген тақтада тұрған үгіт-насихат палакаттарын жұлып тастап, оның орнына «нұр-аманаттық» үміткердің тоңмойын келбетін жабыстырып жүр. Сергеевшілер тарапынан жасалып жатқан басбұзарлық негізінен осы округтегі Сергеевтің басты бәсекелесі, тәуелсіз кандидат Қонақбай Сапеновке қарсы ұйымдастырылуда.

Әкімдікте тірегі жоқ, тұрғындардың мүддесін қорғайтын тәуелсіз кандидаттың плакаттарын жұлып тастап, орнына Сергеевті жабыстырып жүрген Сәулет Әбуов деген біреу көшедегі видео камераларға жазылып қалыпты. Астананың Алматы аудандық полициясы видео айғақты негізге алып, тағы да заңсыз іспен шұғылданып жүрген жерінен Сәулет Әбуовты 13 наурызда ұстады. С.Әбуов «Сапеновтің плакатын жұлып таста, орынына менікіні жабыстыр» деп тапсырма берген кандидат В.Сергеевтың нақ өзі екенін мойындаған. Бұған байланысты полиция хаттама толтырып, істі тиісті мекемелерге жолдаса да, заңдылықты қадағалау органы және ОСК тарапынан кандидат Сергеевке ешқандай шара қолданылмай жатыр.

Ақорданың «демократиялық «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген декларациясына сеніп қалған тәуелсіз кандидат Қонақбай Сапенов Астанадан әділеттілік таппай, амалсыздан ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арызданды. Ол Конституцияны қорғауға тиіс Президенттен мәслихат депутаттығына кандидат Владислав Сергеевке қатысты қатаң шара қолдануды талап етіп жатыр. Тәуелсіз кандидаттың жанайқайы Ақордаға жетті ме, жетпеді ме, білмейміз, әзірге Президент әкімшілігі «әу» деген жоқ.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 15.03.2023 119

Қатысты мазмұн