Алматыдағы N12 ауруханадан шу шықты

none

Кеше түнде 31 арна журналисі Ирина Советжанқызына Алматыдағы N12 орталық ауруханананың қызметкерлері хабарласып, аурухананың науқастарды қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін бір медбике, бір санитар, бір травмотолог және бір хирургтан вирус табылғанын айтқан.

Дереккөзге сүйенген журналист өзінің Фейсбук парақшасында «Медбике мен санитар кісінің ауырғанына үш күн болған, тест нәтижесін бүгін алыпты. Бірақ Алматының денсаулық сақтау басқармасы Нұр-Сұлтанға хабарлауға асықпай отыр деп айтады. Егер хабарланса, аурухана covid ошағы ретінде карантинге жабылуы керек. Сонда ол ауруханада жатқан онсыз да денсаулығы дімкәс қаншама науқас пен бір ғана қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін 500-дей қызметкердің өмірі ойыншық па? Қазір төртеуі де 12-де жатыр, оқшауланған. Бірақ олармен контактіде болғандар қаншама адаммен байланысқа түсіп жатыр емес пе?...» деп жазды.

Алматыдағы N12 орталық ауруханана коронавирусқа шалдыққан науқастарды қабылдамайды, мұнда басқа кеселге тап болған адамдар емделеді. Дегенмен, коронавирус індетінің жайылуына қарсы күрес кезінде аурухана қызметкерлерінің бәрі тест тапсыру керек еді. Сондай-ақ, ауруханаға келіп-кетушілерге шектеу қойылып, карантин жағдайында жұмыс жасалады. Ауруханаға жеткізілген әрбір науқас алдымен жеке боксқа оқшауланып, оның індет жұқтырмағаны анықталған соң ғана емдеу бөлімшелеріне жіберілу тиіс. Аурухананың қабылдау бөліміндегі 4 қызметкерден коронавирус табылғаны күдікті тіпті күшейтіп тұр, бұл аурухананың төтенше жағдай мен карантин шарттарын орындамағанын байқатады.

11 сәуір түсте Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі N12 қалалық орталық клиникалық ауруханада істейтін 12 медицина қызметкері: 10 мейірбике және 2 дәрігерге коронавирус жұққанын растады.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, вирус жұққан екі медицина қызметкерінің жағдайы "полисегментті пневмонияға байланысты - ауыр, қалғанының жағдайы - бірқалыпты".

"Қазіргі кезде эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр.​ Қалалық шұғыл штаб жағдайды бақылап отыр. Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін белгілі бір шаралар атқарылып жатыр. Олармен байланыста болған барлық адамдар іздестіріліп, карантинге орналастырылады" деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Айдары: Түтін 11.04.2020 88

Қатысты мазмұн