Алматыда феминистер шеру өткізді

none

Алматыда феминистік белсенділер аты шулы бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа өмірлік жазаны талап етіп наразылыққа шықты. Жалпы үлкен қоғамдық резонанс тудырған осы істен хайп жасауға тырысқан олардың бұл мүмкіндікті пайдалануы заңдылық. Өздерінің бар екенін мәлімдеп, өзін-өзі дәріптеп, көрсетуінің бірден-бір жолы осындай.

Дүйсенбі күні кешке қарай Астана соты әйелін қатігездікпен өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевты 24 жылға бас бостандығынан айырғаны белгілі болды. Оның туысы "қылмысты жасырды, хабарламады" деп айыпталған Бақытжан Байжанов төрт жыл түрмеге кесілді. “Власть” сайтының жазуынша, сот үкімі шыққаннан кейін Алматыда “Феминита” бастамасы өкілдері Арбаттан Қазақ ұлттық опера және балет театрына дейін шерулетіп жүрген. Олар Қуандық Бишімбаевқа одан да қатаң жаза тағайындауды талап еткен.

“Сот үкіміне келіспейміз, ол өмір бойы түрмеде отыруы керек. Ол бәрібір мерзімінен ерте шығып алады, сіздерді үнсіз қалмауға шақырамыз. Егер сіздерде ерік пен жігер болса, күресіңіздер” деді “Феминита” бастамасының өкілі Жанар Секербаева. Бұған дейін жәбірленуші тарап Бишімбаевқа өмірлік жаза берсе, әділ үкім болады деп санайтынын айтқан. Сот үкімі оқылғаннан кейін Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді "Бишімбаев 68 жасында түрмеден шығады, бұл өмірлік жазамен пара-пар" деп мәлімдеп, үкіммен келісетіндіктерін жеткізді. Ал Бишімбаевтың адвокаттары үкімге шағым түсіретінін айтқан.

Шеруді ұйымдастырушылар өздерін феминистік белсенділер деп атайды, бірақ іс жүзінде барлық әйелдерді емес, "таңдаулыларын" ғана қорайды. Ұйымның сайтында айтылғандай, феминистік бастама Қазақстан халқының ең қысымға ұшыраған топтары (лесбиян, бисексуал, квир, мүгедек әйелдер, секс жұмысындағы (жезөкше) әйелдер) үшін әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени салаға өзгеріс енгізуге қабілетті әйелдер құқықтарын және белсенді қоғамдастықтарды құруға және нығайтуға бағытталған қарапайым квир-феминистік ұжым болып табылады.

Былтырғы мамыр айында Қазақстандағы ЛГБТ белсенділері, «Феминита» қозғалысының жетекшілері Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Халықаралық лесбофобия, квирфобия, гомофобия, трансфобия және бифобияға қарсы күрес күнін атап өтетінін хабарлап желіде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі алдында 6 түсті кемпірқосақ үлгісіндегі ЛГБТ туын ұстап тұрып түскен видеоны таратты. Олардың бұл әрекеті қазақстандықтардың ашуын келтірген болатын. Биыл бұл акциясын қайталауға жүрексінген болу керек, уақыты жағынан лесбофобия, квирфобия, гомофобия, трансфобия және бифобияға қарсы күрес күніне сәйкес келген резонансты сот үкімінің шыққанын пайалануды жөн көрді.

Айдары: Дүрбі 13.05.2024 59

Қатысты мазмұн