АҚШ Әбілязовтің «жанды жерінен» қысты

none

Нью-Йорк қаласының оңтүстік округтік сотының судьясы Джон Кёльтл Мұхтар Әбілязовтің ықпалындағы «Triadou SPV» компаниясынан 193 миллион долларды қазақстандық БТА банкке қайтару жөнінде шешім шығарды. Сот тергеуі барысында «Triadou SPV» компаниясын Әбілязовтің күйебаласы Ілияс Храпунов құрғаны анықталған. «Triadou SPV» компаниясы АҚШ-тың, атап айтқанда Нью-Йорк қаласының үй-жай нарығына 70 млн долллар инвестиция салған. Сот зерттеуінің нәтижесі көрсеткендей, күйеубала қадағалап отырған «Triadou SPV» компаниясының активіндегі кем дегенде 115,3 млн доллар БТА банктен Әбілязов жымқырған қаржының бір бөлігі.

Ұзаққа созылған сот процесі кезінде Ілияс Храпунов «Triadou SPV» компаниясына менің қатысым жоқ, компания әлдебір Филипп Глатцқа тиесілі» деп басын ала қашыпты. Оның бұл сөзі бекер болып шықты. Тексеру барысында «Triadou SPV» компаниясына қатысты қаржы операцияларының бәрін Ілия Храпуновтың өзі жүргізген және ол қайын атасының қадағалауында болған.

АҚШ сотының бұл шешімі Әбілязовтер әулетіне ауыр соққы болып тиді. Франциядан «әне-міне қуылам» деп жан бағып отырған Мұхтар Әбілязовтің әке-шешесі, қарындастары, күйебаласы мен қызы АҚШ-та тұрады. Бұл жағдай олардың тұрмысын күрт қиындатып жіберуі мүмкін. Енді Мұхтар Әбілязовтің баратын жері, басатын тауы қалмаған сияқты.

Баяғыда БТА банктің талап арызы бойынша өткен Лондон соты Мұхтар Әбілязовті 22 ай мерзімге қамауға алмақ болғанда ол Англиядан түн жамылып қашып кетіп Францияда біраз уақыт жасырын жүрді. Француз полициясы да оны құрықтаған, ол Франция түрмесінде бірнеше жыл отырып шықты. Кейін әупірімдеп Франциядан саяси баспана алған болатын. Биыл Франция Әбілязовке берген саяси баспана статусын кері қайтарып алды. Қазір ол жоғарғы инстанцияға шағымданып уақыт созып жүр. Француз сотының шешімі өзгеріссіз қалса, онда ол бұл елде де тұрақтай алмайды. Жалпы, оның Еуроодақ елдері аймағында тұруына кедергі көп. Ол қазір Ресейдің басқыншылығына ұшыраған Украина елінің билігіне жағынып жүр, Украина телеарналарының эфирінен түспейді, өзін путиншіл Ресей мен Қазақстан бойынша баға жетпес сарапшы ретінде көрсетуге тырысуда. Оның АҚШ-қа неге бара алмайтыны енді белгілі болды. Сондықтан ол Франциядан қуылса, Украинаға қоныс аударуы мүмкін.

Ораз Әлімбеков

(Материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Түтін 03.08.2023 84

Қатысты мазмұн