«Ақ жол» үшін Перуашев қауіпті қадам жасады

none

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев ішкі істер министрлігіне сауал жолдап, сайлауда партияға дауыс беруге үгіттеп үнпарақ таратушылардың ұсталуына байланысты түсініктеме беруді сұрапты. Айтуынша, үгітшілер партияға «жеке саяси көзқарасымыз үшін қуғындап, үгіт-насихат материалдарымызды тәркілеп, өзімізді жауапкершілікке тартып жатыр» деп арызданған. «Осы ақпарат расталған жағдайда аталған азаматтарға нақты қандай заң бойынша айып тағылып отырғанын, нақты қандай заңның нормаларын бұзғанын және бұл құқық бұзушылықтың нақты неден тұратынын хабарлауыңызды сұраймын» дейді А.Перуашев.

Оның ойынша, «Сайлау туралы» заңның 28-бабы кез келген азамат пен қоғамдық бірлестікке кандидаттар мен саяси партияларға қарсы немесе жақтап үгіт-насихат жұмыстарын кедергісіз жүргізу құқығын береді.

Перуашевтің айтып отырғаны шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязов дайындаған үгіт-насихат парақшасы екені белгілі. Онда «Ақ жолды» қолдап, сайлауда сол партияға дауыс беруге шақыру жазылған. Парақшаның ортасындағы «Нұр Отан» партиясы айқас сызықпен сызылған, яғни бұл партияға «дауыс бермеңдер» деген насихат бар. Рас, Перуашев сүйенген заңға сәйкес, «Ақ жолды» қолдап, «Нұр Отанға» қарсы насихат жүргізуге болады. Дегенмен, «Ақ жол» жетекшісі бір нәрсені түсінгісі келмейді, дәлірегінде жалпақ жұртқа белгілі нәрсені білмегенсіп отыр.

Біріншіден, он жылдан астам шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязов Қазақстанда ақша жымқыру бабы бойынша және банкир Е.Тәтішевті өлтіруге тапсырыс беруші қылмыскер ретінде сырттай сотталған. Сотталған адамның сайлауға араласуға қақы жоқ, ал «Ақ жолды» қолдауға шақыратын насихат парақшаның идеясын дайындаған Әбілязов екені белгілі.

Екіншіден, Әбілязов жеке бас мүддесін күйттеп, Ақорданы саяси шантажға алу үшін ҚДТ (ДВК) және «Көше партиясы» атауымен екі ұйым құрған. Бұл ұйымдар сот шешімімен экстремистік деп танылып, Қазақстан аумағында тыйым салынған соң, белсенділер астыртын әрекетке көшті. Әбілязовтің айтуымен «Ақ жол» патиясын қолдап, сайлауда соған дауыс беруге үгіттеп жүргендер де «қдтшылар» мен «көшеліктер».

«Қой терісін жамылған қасқырша» жосылып жүрген олар «Ақ жол» партиясының шын жанашыры емес. Мұны «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев жақсы біледі. Солардың кесірінен «Ақ жол» партиясы сайлауалды үгіт-насихатты қажет деңгейде жүргізе алмай келеді. Себебі, «Ақ жолға» дауыс беруге шақыратын кез келген насихат Әбілязовтің әдейі ұйымдастырған экстремистік әрекетіндей көрінеді. Олай болса, «Ақ жол» жетекшісі Перуашев «қдтшылар» мен «көшеліктерді» қолдағансып, ішкі істер министрлігіне хат жолдап, қалыптасқан жағдайға түсініктеме беруді неге сұрап отыр?» деген сұрақ туады. Бұл сұраққа бір-бірмен байланысты екі жауап бар. Біріншісі – «әбілязовшілердің» «Ақ жолды» қолдау «акциясынан» кейін «беті күйіп» халық алдына шыға алмай қалған Перуашев өзінің және партиясының бар екенін «оппозицияшыл кейіппен» ескертіп қою. Перуашевтің ойында бұдан басқа да үміт бар. Ол «әбілязовшілердің» «Ақ жол» үшін үгіт-насихат жасап жүргенін іштей қолдайды, экстремистермен күрес жүргізіп жатқан полиция сайлау науқаны кезінде «қдтшылар» мен «көшеліктерге» тиіспегенін қалайды. Оның жаман ойынша, «Ақ жол» партиясы «әбілязовшілердің» көмегімен сайлау туралы заңда көрсетілген 7 пайыздық кедергіні еңсеріп, Мәжілістен тағы да орын алудың кепілі секілді. Шынтуайтында, бұл ашу-ызаға булыққан, шарасыз адамның әрекетіне ұқсайды. «Әбілязовшілердің» үгіт-насихаты «Ақ жолға» пайдалы емес, керісінше, олар партияға орасан зор нұқсан келтірді. Перушевтің «Ақ жолға» жаны ашығансып жүрген жасырын экстремистерді - «әбілязовшілерді» қорғаштап, полицияның әрекеті үшін түсініктеме талап етуі билікті бей-жай қалдырмаса керек. Бұл талап «Ақ жолдың» басына төнген қара бұлтты одан бетер қоюлата түседі.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 28.12.2020 162

Қатысты мазмұн