«Әлтаев ісінде» қандай гәп бар?

none

Кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметовтің мүддесіне қызмет еткені үшін 135 мың доллар пара алды деген күдікпен қамауға алынған Нұржан Әлтаевке қатысты соттың алдын ала тыңдауы аяқасты өтпей қалды. Себеп – бұл іске қосылған прокурордың сотқа қатысуға мүмкіндігі болмапты. Оның үстіне, тергеу изоляторының айдауылдары да айыпталушы Нұржан Әлтаевті сотқа әкелмепті. Сондықтан осындай екі себептің кесірінен сот процесті кейінге қалды. Мұнда қандай гәп бар? Осы мәселеге шұқшиып қарап, сәл-пәл сараптап жіберейікші...

Нұржан Әлтаевтың ісін антикор (коррупцияға қарсы күрес органы) тергеп жатыр. Тергеушілердің мәліметі бойынша, Н.Әлтаев Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қызметін атқарған тұста «Атамекен» төрағасы Абылай Мырзахметовке бұйыртпалап мемлекеттік тапсырыспен жарылқап отырған және сол «еңбегі» үшін пара алыпты. Нұржан Әлтаев Мәжіліс депутаты болған тұста да А.Мырзахметовтің мүддесін мемлекеттік түрлі деңгейде қорғаумен шұғылданып, сол жылдары «Атамекен» басшысынан жалпы сомасы 135 мың доллар пара алған. Сондықтан антикор Н.Әлтаевты маусым айының басында қамауға алған. Мұның алдында, мамыр айының басында антикор 30 млн доллар шамасында пара алды деген күдікпен Абылай Мырзахметовті қамауға алған еді. Сірә, «30 млн долларды қайда құрттың, қалай жоқ қылдың...» деп антикор А.Мырзахметовті тергеп қысқан кезде, «...пәлен мыңын Нұржанға бердім» десе керек... бір айдан кейін Әлтаев қамауға алынды.

Нұржан Әлтаев қызметін пайдаланып пара алу бабымен айыпталып жатыр. Заң бойынша, пара алушы да, пара беруші де жазасыз қалмайды. «Әлтаев ісінде» Абылай Мырзахметов – пара беруші, бірақ өзіне қатысты істе «пара алушы» деген күдікке ілінген. Пара болғанда да бақандай 30 млн доллар, бұл - аз ақша емес. Қазақстан заңдарында «прокурормен (мемлекеттік айыптауышымен) келісімге келу» және «келтірген зиянды толық өтеу» деген бап бар. Мұндай жағдайда айыпталушының жазасы жеңілдейді. Тіпті, пәлен млрд теңгені қайтарып, түрме жазасынан құтылып кетудің мысалы баршылық. Әрине, 30 млн доллармен салыстырғанда 135 мың доллар деген тиын ғой. Мұндай тиын-тебен үшін келісім жасауға құлшына кірісетін адам табыла қоймас. Ал 30 млн доллардың аз ақша емес екенін айттық. Абылай Мырзахметов Forbes Kazakhstan тізімдеген ең бай 50 адамның қатарында. Ол Боранбаевтан кем емес. Олай болса, әлдебір ымыра келіссөзі Абылай Мырзахметовпен болып жатыр-ау деп жобалаймыз. Сондықтан «Әлтаев ісі» бойынша алдын ала сот тыңдауына прокурордың және Нұржан Әлтаевтың келмей қалуын басқаша түсіндіру мүмкін емес.

Ораз Әлімбеков

(Материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Дүрбі 27.10.2023 68

Қатысты мазмұн