Әлтаев «аяқ киімін ауыстыра ма»?

none

«Өмірімде бұдан асқан сандырақты естіген емеспін», - деді тергеудегі тіркелмеген El Tiregi қозғалысының басшысы Әлтаев. Ол көп мөлшерде пара алды деген күдікке ілініп, екі айға қамауға алынған. Оның партиясының әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жарияланған. Оны Әлтаев уақытша оқшаулау орнынан жазыпты. «Қылмыстық іс материалдарында маған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметовтен «крыша болған» және жалпы қамқорлық жасағаны үшін жүйелі түрде пара алды» деген айып тағылғанын қатты таңданыспен оқыдым» дейді оппозициялық саясаткер.

«Өмірімде бұдан асқан сандырақ пен бос сөзді естіген емеспін. Қазақстанда соңғы сәтке дейін құдіретті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың қашанда «оң қолы» болған және оның қорғауында жүрген Абылай Мырзахметовтің ең қауқарсыз министрліктердің бірі – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сол кезде ешкім білмейтін вице-министріне ақша төлегенін елестете аласыз ба. Мені Құлыбаев пен Назарбаевқа «крыша» болды деп жазбағанына шүкір», - делініпті Әлтаевтың атынан.

«Ескі Қазақстан» мен «Жаңа Қазақстан» арасында саяси текетірес жалғасып жатқан тұста жазалау машинасының доңғалағына түсу қаупі қазір өткір сынап жүрген жүйенің шенеунігі болған және саяси ойындарға белсене араласып жүргендердің барлығына төнетіні сөзсіз. Өзара қырқыстың ауқымы енді кеңейіп отыр. Қанша уақытқа жалғасатынын ешкім нақты айта алмай отырған бұл кезеңде кімнің кім екенін, кімге сенерін білмей отырған жұртшылық басым бөлігі фейк, өзіне өзі пиар жасауға құрылған ақпаратты електен өткізіп, өзіндік қорытынды жасайды. Қазір өзін демократ, автократтық режимге жұмыс істеп жүргенде де іштей оған қарсы болғанын және қазір онымен күресіп жүрген кейіп танытып жүрген саясаткерлердің бұрынғы өткен жолын біле бермейтін, немесе бұрынғы жүйенің өз рөлі болған «бұрандаларының» уақыт өте келе сана-сезімі өзгерістке ұшыраған шығар деп ойлайтындар олардың популистік ұрандарына сеніп, соңынан еріп жататыны да бар.

Жемқорлық қылмыс жасады деген күдік процестің беткі жағындағы ресми тезис қана. Шын мәнінде оның астарында қандай себеп жатқаны жария етілмейді. Әлтаев саяси амбициясы бар Нығматуллиннің командасындағы адам, соның тапсырмасын орындап жүр деген болжам шындыққа ұқсайды. Қазір Әлтаев «аяқ киімін» ауыстырып, саяси оппозиционер ойынып жалғастыра ма, яғни оның түпкі тапсырыскері өзгере ме немесе ұзақ уақытқа қамалады ма, бұл мәселе алдағы уақытта белгілі болады.

Айдары: Түтін 19.06.2023 63

Қатысты мазмұн