Әлтаев әпенді ме?

none

Тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының көсемі Нұржан Әлтаев 27 қарашада Жалпыұлттық құрылтай өткізу үшін жанығып жатыр. Бұл жиынға саяси күрестің тактикасы ретінде құрылтай өткізу идеясын таңдап алған Балташ Тұрсымбаев пен Рысбек Сәрсенбаев қатыспайды. Ішкі қыжыл, қызғаныш та бар, бұған дейін екі құрылтай ұйымдастырған олардың жолын әбжіл қимылдаған Әлтаев орап кеткелі тұр. Соған қарамай Сәрсенбаев пен Тұрсымбаев 27 қараша дейін, егер үлгермей қалса, Әлтаевтан кейін құрылтай өткізуді жоспарлап жатыр.

Әрине, жалпыұлттық құрылтай өткізуді Р.Сәрсенбаев пен Б.Тұрсымбаев меншіктеп алған жоқ. Дегенмен, астанадан ат арылтып Алматыға арнайы келген Н.Әлтаев жалпыұлттық құрылтайды бірігіп ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтып Р.Сәрсенбаевпен кездесу өткізген. Кездесу барысында екеуінің сөзі жараспай қалған секілді.

Р.Сәрсенбаевтың айтуынша, ол Әлтаевқа қиын талап қойған. Оның талабы бойынша, Н.Әлтаев «биліктің саяси жобасы» әрі «олигарх Тимур Құлыбаевтың адамы» деген «жаманаттан» арылу үшін арнайы мәлімдеме жасауы тиіс. Сонда ғана Р.Сәрсенбаев пен Б.Тұрсымбаев «Ел тірегі» көсемімен бір үстелдің басында отырып, ұлттың мәселесін талқылауға көнеді екен. Бұл талапты Әлтаев орындай алмайтындай сыңай танытыпты.

Рысбек Сәрсенбаевпен сөзі жараспаған Нұржан Әлтаев өз жайына кетпеді, ол астанаға орала сала асығыс-үсігіс құрылтай өткізетін күнді жариялап жіберді. Құрылтайға шақыру жарнамасына Б.Тұрсымбаев пен Р.Сәрсенбаевтың бұрын баспасөзге берген сұхбатының тақырыбын пайдаланып, оны әлеуметтік желіде таратқан. Күріштің арқасында су ішетін күрмектей болған оның құйтырқы бұл қылығына Р.Сәрсенбаев қатты ренжулі.

Құрылтайды саяси күрес тактикасының құралына айналдырып алған Р.Сәрсенбаев пен Н.Әлтаевтың жиынға қатысты, жиынның мақсат-мұраты мен мазмұнына байланысты позициясы әртүрлі. Р.Сәрсенбаевтың ойынша, халық билікпен текетірес күреске дайын емес. Оппозициялық күштер де ала-құла, әркім «көрпені» өзіне қарай тартады. Ең бірінші мақсат – шашыраңқы күй кешкен оппозицияның басын біріктіру, оларды бір бағытқа қарай жұмылдыру. Бұған дейін Б.Тұрсымбаев пен Р.Сәрсенбаев ұйымдастырған екі құрылтай да осы мақсатты көздеген. Дегенмен, екі құрылтайдан да оңды нәтиже шыққан жоқ. Тіпті, астанада өткен екінші құрылтайда болмашы сын сөзді көтере алмай қалған жиынға қатысушы екі белсенді төбелесіп қалды. Оппозициялық күштерді бір мақсатқа жұмылдыру әлі орындалмайтын арманға ұқсайды, қайта саяси ұйымдардың арасы күн өткен сайын алшақтап, кейбір жағдайда қоғам белсенділері бірін-бір жау санап, жағдай ушығып кетеді.

Құрылтай өткізу мәселесі бойынша кеңесуге келген Н.Әлтаевқа көңірегінен итергендей талап қойған Р.Сәрсенбаевтың қылығы да «елдегі қоғамдық ұйымдардың басын біріктіру керек» деген өз ұстанымына кереғар болып тұр. Осындай, әлдекімге деген жеке бас арыздық айтылған жерде ешқашан ортақ мәміле болмайтынын, ыры-жырың тоқтамайтынын ол да толық сезіне алмай келеді.

Саясаттағы алғашқы қадамын әнтек басқан Әлтаев жалпыұлттық құрылтайды да ортағасырлық жиынға айналдырып жібермекші. Оның жоспары бойынша, құрылтайға республиканың әрбір өңірінен отыз делегаттан келуі тиіс. Әрбір ру шұғыл жиын өткізіп, биін сайлап алады, би ру ақсақалымен бірге құрылтайға келеді. Құрылтайға шақыру жарнамасында қазақтың үш жүзінен қатысатын делегаттардың да балансын сақтау айтылып қалды. Әлтаев командасындағы діндар белсенді молдалар мен мешіт жамағатын «Отанды қорғау құрылтайына» шақырып жатыр. Мұның бәрі Әлтаев үшін тарихи сабақтастық пен ұлттық дәстүрді қолдайтынын көрсетіп қойғысы келген саяси ноу-хау шығар, бірақ, бұл зайырлы әрі демократиялық мемлекет құруға бет алған қазіргі Қазақстанда трайбализмді насихаттау, хан басқаратын мемлекет құруға шақырып жатқандай болып көрінеді. Оның үстіне, заң бойынша, нәсілдік, ұлттық, діни көзқарас бойынша саяси ұйым құруға тиым салынған. Соны біле тұра, осындай мазмұнда құрылтай ұйымдастырып жатқан Әлтаевтың бұл қылығы оның әпендінің образына кіріп алған жеңілтек саясаткер екен көрсетіп тұр.

Құрылтайда талқыланатын мәселе, күн тәртібінің сұрақтары да пысықталмаған. «Тәуелсіздікке қауіп төніп тұр», «Ата жолын жалғастырып құрылтай өткіземіз», «Қазақтың күші бірлікте!» деген айқайшыл ұранның мазмұны жоқ. Әлтаевшылар әлеуметтік желіде «Құрылтайдың күн тәртібіне қандай мәселе қойылады?» деген сұраққа, «ауыл шаруашылығынан бастап еліміздегі барлық өзекті проблема талқыланады» деген сыңайда қашыртпа жауап беріп жатыр.

Рудың биін сайлау, онымен бірге аймақтардан құрылтайға қатысатын делегаттарды сұрыптайтын жиналыстар қашан өтуі тиіс, ол да белгісіз. Сөз – бар, оны негіздейтін нақты іс жоқ. Әлтаев жоспарлап отырған жалпыұлттық құрылтай бұған дейін соның басшылығымен өткен күлкілі көп жиынның бір болып қалатыны анық.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 15.11.2021 137

Қатысты мазмұн