Әблязовты Франциядан шығару: ҚР Бас прокуратурасының позициясы

none

ҚР Бас прокуратурасы Мұхтар Әблязовке 30 күн ішінде Франциядан кетуді талап еткен ұйғарым қағаз берілгені туралы өздерінде ақпарат жоқ екенін мәлімдеді. "М.Әблязовты елден шығару туралы қабылданды деген Франция билігінің шешімі туралы ақпаратқа келетін болсақ, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында бұл деректерді растайтын немесе жоққа шығаратын нақты мәліметтер жоқ екенін хабарлаймыз", делінген ведомствоның ресми жауабында.

Бас прокуратура шетел азаматтарын елден шығару мәселесі, олардың көші-қон заңнамасын сақтау-сақтамауы тек Франция Республикасының ішкі ісі болып табылатынын баса атап өтті.

"М.Әблязов ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін Қазақстанның құқық қорғау органдары тарапынан іздестірілуде" деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Өкілетті орган ретінде Бас прокуратура Әблязовты экстрадициялау бойынша қылмыстық процессуалдық заңнамада және халықаралық шарттарда қамтылған шараларды қабылдап жатқаны да нақтыланады. Сондай-ақ ҚР Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабы 1-тармағына сәйкес, аталған сотқа дейінгі тергеу, оның ішінде қылмыстық іс бойынша халықаралық құқықтық ынтымақтастыққа қатысты мәліметтер жария етуге жатпайды. Сондықтан бұл сауалға қатысты тыңғылықты ақпарат ұсынылмайтындығы да баса айтылады.

7 наурызда Францияның Экс-ан-Прованс қаласының апелляциялық соты Мұхтар Әбілязовке сотқа келмегені үшін айыппұл салу туралы шешім шығарды. Сот Әбілязовтың саяси қуғынға ұшырау туралы уәждерін сылтау ретінде қабылдаудан бас тартты. 5 шілдеде Франция соты Мұхтар Әблязовқа 30 күн ішінде елден кетуді бұйырғаны туралы ақпарат пайда болған еді. Қазақстанда Мұхтар Әбілязов қылмыстық қоғамдастық құрып, «БТА Банкінің» 7,5 миллиард доллардан астам қаржысын жымқыру айыбы бойынша кінәлі деп танылды. Қазір экс-банкир елімізде экстремистік ұйым деп танылған, тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі ретінде Қазақстанның заңды билігін төңкеруге үгіттеумен айналысып келеді.

Айдары: Дүрбі 14.07.2023 58

Қатысты мазмұн