Қазақстанның заңды билігін құлатуды армандап жүрген экс-банкир, алаяқ және олигарх Мұхтар Әбілязов Францияда жатып алып арандату әрекетін жасаудан шаршамай жатыр. Немесе шаршамаған кейіп танытуға мәжбүр. Өйткені Францияда саяси босқын мәртебесінен айырылғалы бері өзінің "демократия үшін күресіп жүрген оппозиционер" екенін дәлелдеуі керек. Бір жағынан, халықтан адвокат жалдауға ақша сұрап жатыр, екінші жағынан, Республика күні митингіге шығып, билікті алыңдар деп сенгіш адамдарды заңға қайшы әрекетке итермелеуге тырысып жатыр. Ақша жиналып жатыр деп, өзінің туыстары жіберіп, жалған аккаунттан жазған пікірлерді көрсетіп қояды. Онысы сенімді деп ойласа керек. Әбілязовтың өткен жолын білмейтін адам бұған сеніп қалуы да мүмкін, бірақ жұртшылықтың ол ойлағандай ақымақ екені анық. Бір жағынан, оған сенбейді, екінші жағынан, заңды сыйлайды. Қазіргі алмағайып заманның сын-қатерінен хабардар.
Оның "төңкеріс симфониясын" насихаттауды үдеткеніне сәйкесінше еліміздің ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха әлеуметтік желіде тараған 25 қазанда митингіге шақыру жөнінде пікір білдірді. Zakon.kz мәліметінше, әлеуметтік желілерде полиция көліктері колоннасының видеосы тарап жатыр: видео авторлары "құқық қорғау органдары 25 қазанда өтетін митингіге дайындалып жатыр" деген болжам жасап отыр. Бұл қауесетке ол үкіметте өткен баспасөз мәслихатында түсініктеме берді.
"Біздің елде әскери колонна бір жаққа қарай жүрсе, бұл (әлеуметтік желі қолданушыларының айтуы бойынша. – ред.) соғыс басталды, қандай да бір митинг болып жатыр дегенді білдіретіндей. Кім қай жылы қайда барғанын және 17 қазанда біз неге дайындалуымыз керек екенін білмеймін. 25-і біз үшін мемлекеттік мереке. Біз, әрине, оған дайындалып жатырмыз. Біз күшейтілген режимде жұмыс атқарамыз. Біз қазір барлық іс-шаралар туралы әкімдіктерден ақпарат сұрадық, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеміз. Ал 25 қазандағы шақыруларға (митингтерге – ред.) келсек. ҚДТ (Қазақстанның демократиялық таңдауы, тыйым салынған экстремистік қозғалыс. – ред.) мүшелерінің үндеулері бар. ҚДТ – елдегі қызметі заңсыз болып саналатын экстремистік ұйым және, әрине, біз оларға ешқандай митинг өткізуге рұқсат бермейміз" - деді Игорь Лепеха.
Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары әкімдіктермен келісілген митингілерге шыққандар ұсталмайтынын айтты. "Өтетін орны мен мақсаты заңға сәйкес болса, әкімдіктер рұқсат береді. Біз жергілікті атқарушы органдармен пысықталатын өтініштерді қараймыз. Рұқсат етілгенді қорғаймыз. Тыйым салынғанға, әрине, шара қолданамыз" - деді министрдің орынбасары.
Әлеуметтік желі арқылы митингке шығуға үндегендер жөнінде сөз қозғай келе, ол діни немесе әлеуметтік араздық тудыратын болса, полиция оған араласатынын атап өтті. Сондықтан экс-банкир тағы да "төңкеріс симфониясын" орындай алмайды, тек өзінің "революционер имиджіне" бір-екі штрих қосып, сотқа барғанда "режиммен күресіп жатқанын" көрсетіп қояды.