БТА банкінің қаржысын жымқырып, шетелде соттан қашып жүрген экс-банкир Мұхтар Әбілязов Қазақстан ның заңды билігін құлатуды армандап, сенгіш адамдардан ақша жинауға дағдыланып алғаны белгілі. Бірақ онысы нәтижесіз болса керек. Енді ол жай ақша жібермесе, адамдар пайда тапқысы келіп, жобама елігеді-ау деген дәмемен жаңа ұран тастап жүр. «Мұхтар Әбілязовпен бірге көп ақша тап!» деп өзін-өзі жарнамалап жүр.
Әдеттегідей билікті әр түрлі сарынға салып жамандай отырып, өзінің салауатты өмір салтын ұстанып, күнде таңертең сән-салтанатты Парижде жүгіріп, жаттығатынын, елде төңкеріс жасап, ел билеуге кірісу үшін жақсы формада екенін аудиториясының миына құюға тырысып қояды.
Қармағына ілінген адамға қатты байып кететінін және «ескі режимнен» құтылатынына уәде бергендей болады. Әр адамнан сұрайтыны – кемінде 10 мың теңге, ал 100 млн теңге салса тіпті тамаша, байлыққа кенелудің мүмкіндігін жіберіп алмаңдар, деп үндейді.
Бірақ жас мемлекетте сыбайлас жемқорлықтың етек жаюына тікелей қатысып, оған «зор үлес қосқан», ақша десе ішкен асын жерге қоятын оның алаяқтығын білетін жұртшылықтың оған ермесі анық. Демек, авантюрашыл, алаяқтық қанына сіңген оның халықты алдап-арбау өнерін меңгеруге шындап кіріссе де, оған ақша салып пайда тапқысы келетіндер жоқ.