Әбілязов жауыз ба, алаяқ па?

none

Ұлыбританияның Times газетінде "Әкемнің өлімі, оның киллері және қашқын олигарх" атты мақала шықты. Онда Францияда қашып жүрген экс-банкир Мұхтар Әбілязов туралы жазылды. Басылым журналисі 2004 жылғы желтоқсанда аңшылық жасап жүрып оқ тиіп мерт болған банкир Ержан Тәтішевтің отбасымен сөйлескен. Times газеті Ержан Тәтішевтің 28 жастағы ұлы Алпамыс Тәтішевпен және марқұмның бауыры Еркін Тәтішевпен сұхбаттасқан.

Банкир Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде басына оқ тиіп өлген. Сол кезде сот мұны "аңшылық кезіндегі оқыс оқиға" деп танып, оның жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиді "абайсызда қазаға ұшырату" бабымен кінәлі деп танып, бір жылға бостандығын шектеген. 2017 жылы іс қайта қаралды, ал Тоқмади "Ержан Тәтішевті "ТұранӘлем" банкін иеленуді көздеген Мұхтар Әбілязовтің тапсырмасымен өлтірдім" деп мәлімдеген. 2018 жылғы наурызда сот оны "қасақана қылмыс жасағаны үшін" он жарым жылға соттаған.

Times басылымында жарияланған мақаладан Ержан Тәтішевтің ағасы мен ұлының соңғы соттың шешімін қуаттайды. Еркін Тәтішев ағасының қазасын тергеуде "әділдік іздеп", британ барлау қызметінің бұрынғы офицерлерінен, туысының өлімі кезінде көлікте не болғанын анықтау үшін сот-медицина сапаршыларынан көмек сұраған. Сол арқылы Ержан Тәтішевті өлтіруге М.Әбілязов Мұратхан Тоқмадиді жалдағаны анықталды.

Ал Алпамыс Тәтішев Қазақстан соты әкесінің өліміне кінәлі деп таныған адамды Еуропаның қалай паналатып отырғанын түсінбейтінін айтады. Әкесі өлгенде ол 12 жаста болыпты.

Сонымен қатар, басылым Мұхтар Әбілязовтің Қазақстан, Ресей және Украинада "әлемдегі ең бай қашқын-алаяқ" деп танылғанын жазды. Әбілязов БТА банктен 5 миллиард долларды жымқырған. Қаржының бір бөлігі АҚШ елінде жасырылған. Сондықтан Нью-Йорк федералды соты да оның үстінен іс қозғауы мүмкін. Ал Британ депутаттары Әбілязовті сот шешіміне құрмет танытпағаны үшін қайтадан Ұлыбританияға экстрадициялап, жазалағысы келеді екен.

Әбілязовтың өмірбаянына тоқталған басылым оның Мәскеуде білім алғанын, студент кезінде Ержан Тәтішевпен дос болғанын, екеуі қайта құру жылдары Қазақстанға оралып, ірі кәсіппен шұғылданғанын жазды.

Үкіметте қызмет жасап жүріп Әбілязов 2002 жылы наурызда "қызметін асыра пайдаланды, салық төлеуден жалтарды және ақша жымқырды" деп соттаған. Осы уақытта ол БТА-дағы активтерін тәркілеуден сақтау үшін Ержан Тәтішевке берді деген болжам бар. Түрмеден шыққан соң Мұхтар Әбілязов Ержан Тәтішевке «БТА банкті маған түгел бересің» деп талап қойған. Оған Тәтішев көнбеген соң, оны өлтіру арқылы БТА банкті иеленді деген болжам айтылады.

2004 жылғы 19 желтоқсанда Ержан Тәтішев аң аулап жүріп М.Тоқмадидің қолындағы мылтық оғынан қаза тапты. Оның өлімінен соң Мұхтар Әблязов елге оралып, БТА банк төрағасы болды. Кейін ол банктің ақшасын шетелге жылыстатып қашып кетті. Қазір Мұхтар Әбілязов Францияны паналап жүр.

«S»

Айдары: Дүрбі 04.07.2021 126

Қатысты мазмұн