
Нью-Йорк Федералдық соты Әбілязовке 140 мың доллар айыппұл салды. Ал Ілияс Храпуновқа салынатын айыппұл мөлшері әлі анықталған жоқ. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі хабарлады.
18 қазанда АҚШ округтік судьясы Элисон Натан Мұхтар Әбілязов пен Ілияс Храпуновтың әр түрлі қарсылығын қабыл алмай, оларға «БТА Банкі» мен Алматы қаласы әкімдігінің бірлескен талап-арызы бойынша өткізілген сот талқылауы кезіндегі заңға қайшы жүріс-тұрысы үшін санкция салды.
Судья Натанның шешімі сонымен қатар Әбілязов пен Храпуновқа санкция салған АҚШ судьясы Кэтрин Паркердің бұрынғы әр түрлі шешімдерін қуаттады.
Бұрынғы сот шешімдері сияқты, бұл шешімде де Мұхтар Әбілязов, Виктор мен Ильяс Храпуновтардың ортақ талапкерлерге миллиондаған АҚШ долларын жылыстатқаны үшін Әбілязов, Храпуновтар мен Triadou SPV SA жалған компаниясына қойған талаптары үшін үлкен маңызы бар дәлелдерді табуға кедергі жасағаны анықталды.
«Сот айыпталушылардың дәледемелерді жасырғанын, әдейі жойғанын, жалған куәлік бергенін, сот қаулыларын бұзғанын және сот процесіне мысық пен тышқанның ойыны деп қарағанын анықтады», - делінген хабарламада.
Айыпталушылардың нақты теріс қылықтарының ішінде сот мынаны атап өтті:
• Әблязов дәлел ұсынуды талап ететін сот қаулысын орындамаған;
• Әблязов өзінде ондай дәлел жоқ деп мәлімдеді, бірақ бұл мәлімдеме оның ант етіп берген куәлігіне қайшы;
• Храпуновтар ешқандай қаржылық есеп бермеді;
• Сот ақпаратты ашуға басты кедергі жасаған адам деп атаған Ілияс Храпунов талапкерлер сотқа арыз бергенге дейін өзінің барлық электрондық хаттарын жойып, орнына жүздеген шифрланған электрондық пошта мекенжайларын қолдана бастады, ал кейіннен олардың біріне де кіре алмай отырғанын айтып адам сенгісіз мәлімдеме жасады;
• Ілияс Храпунов сонымен қатар үшінші тараптарға өзі жіберген электрондық хаттарын мойындамай, ондаған не жүздеген миллион долларға жасалған қаржы транзакцияларын жасағаны есінде жоқ екенін айтты;
• Әбілязов өзінің меншікті капиталы 20 миллиард доллардан асатынын растады, бірақ бұл ақшаны иелену мен басқару жағынан өзіне көмектескен адамдардың атын айта алмайтынын мәлімдеді.
«Осы және осыған ұқсас теріс мінез-құлық туралы жасалған тұжырымдардың негізінде сот ортақ талапкерлердің пайдасына шешім шығарды және Әбілязов 140 115,16 доллар айыппұл төлеуге тиіс деп шешті. Сот Ілияс Храпуновқа қатысты санкция мөлшерін ортақ таларкерлерден оның жүріс-тұрысы салдарынан келген шығын туралы қосымша дәлелдеме алғаннан кейін анықтайды», -деп хабарлады Әділет министрлігі.
Сондай-ақ, сот қаулысына қатысты кез келген апелляция беруі оның бұл шешімді өз еркімен орындаудан бас тартуы ретінде қабылданады, деп мәлімдеді сот.
Нью-Йорктегі ортақ талапкерлердің атынан іс қозғалғанына бес жылдан астам уақыт болды, ол бойынша Әбілязов пен оның сыбайластарына ұрланған ақшаны АҚШ-та жылыстатты деген айып тағылды. «Бүкіл әлемдегі соттар анықтағандай, Әбілязов жалған несие беру арқылы «БТА Банктен» миллиардтаған доллар қаражатты жымқырды - бұл әрекеті үшін ол Қазақстанда бұрын сотталған және Ұлыбритания соттарында азаматтық жауапкершілікке тартылған», - деді министрлік.
Америка Құрама Штаттарындағы сот процесі кезінде талапкерлер Әблязовтың қылмыс жасағаны туралы қосымша маңызды айғақтар жинады, сондай-ақ бұл қылмыстардың көптеген куәлері мұны растап жауап берді. Қазіргі уақытта сот талқылауы 2022 жылдың ақпанында Нью-Йорктегі АҚШ алқабилері алдында басталады деп жоспарланып отыр.
Естеріңізге салсақ, Қазақстанда Мұхтар Әбілязовқа қатысты «БТА банктің» бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті өлтірді деген айыппен өмірлік бас бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шықты. Ол сондай-ақ өзі басқарған «БТА банкте» миллиардтаған доллар жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
2018 жылы Қазақстанда сот Алматының экс-әкімі Виктор Храпуновты сырттай 17 жылға, оның әйелі Лейланы 14 жылға бас бостандығынан айыруға кесті. Ал Алматы қаласының әкімдігі бірнеше жыл бойы АҚШ соттарын Храпуновтар мен олардың жалған компаниялары Калифорниядағы жылжымайтын мүлік пен қымбат автокөлікті Алматы бюджетінен ұрланған ақшаға сатып алғанына сендіруге дәлел ұсынды. Бұл мүлік түгелімен мемлекет кірісіне жатқызылады. Жалпы, Храпуновтар отбасы Қазақстанға шамамен 300 миллион доллар көлемінде нұқсан келтірді.