Әбілязов қаймана қазақ па?

none

Кеше түнде Украинаның телеарналарын көріп отырсам, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты жаппай мақтап жатыр. Ақпаратта «Қазақстан Ресейден теріс айналып кетті», «Қазақстан Ресейге қарсы салынған санкцияларды қолдайды» деген тезис басым. Бұған президент Тоқаевтың Германияға ресми сапармен барғанда сөйлеген сөзі негіз болыпты. Шындығында да, Қ.Тоқаев Ресейге қарсы батыс елдері қойған санкция режимін Қазақстан мүлтіксіз сақтайтынын, Қазақстан санкия режимін сақтау жөнінде тиісті ұйымдармен ұдайы байланыста екенін мәлімдеп, Германия мен Еуроодақ тарапының «санкция режимін айналып өту ықтималдығына қатысты Қазақстанға ешқандай күмәні болмауға тиіс» депті. Президент Тоқаевтың осы сөзін украин арналары бірінен соң бірі қайталап беріп жатты. Әнеу бір жылы Тоқаев Путиннің көзін бақырайтып қойып, ДНР мен ЛНР-ді мойындамайтынын айтқан кезде де Украинаның телеарналары Қазақстан президентін әбден дәріптеген. Сондықтан Украина бұрын да, қазір де Қазақстан президентіне сеніммен қарайтын сияқты.

Осыдан екі-үш ай бұрын Францияда қашып жүрген экс-банкир Мұхтар Әбілязов Ресей-Украин соғысының тақырыбына белсене кіріскен. Ол демократиялық батыс елдерінің Ресейдің басқыншылық соғысын тоқтату үшін салған санкцияларын Орталық Азия елдері сақтамай отырғанын, әсіресе Қырғызстан мен Қазақстан басқа елдерден Ресейге тауар өткізіп беріп астыртын көмектесіп жатқанын айтты. Әбілязов Ресейге түрлі құйтырқы әдіспен жеткізіліп жатқан әскери-экономикалық көмектің жолын кесу үшін Орталық Азия елдеріне санкция салу мәселесін Украина телеарналарында көтерген. Тіпті, ол санкцияны Қырғызстан мен Қазақстанда кімге, қандай компанияға салу қажеттігі бойынша Украина үкіметіне өзінің ақыл-кеңесін беруге дайын екенін мәлімдеді. Оны украин журналистері аузын ашып таңғалып тыңдағанымен, президент Зеленскийдің офисі Әбілязовты кеңесші қызметіне алмады.

Әрине, бұл мәселеде де Әбілязов өзінің мүддесін күйттеп жатыр. Әбілязов Франция сотының шешімі бойынша елден қуылса, ол Еуроодақта да тұрақтай алмайды. Оған қазіргі ең жайлы жер Зеленскийдің офисі болып тұр. «Бір оқпен екі қоянды өлтіріп» үйреніп қалған Әбілязов өзін қуғынға ұшыратқан Қазақстан үкіметіне батыс елдерінің санкциясын салдырып, ежелгі кегін қайтаруды да ойластырып жүр. Әбілязов басқыншылық соғыстан ауыр зардап шегіп жатқан украин халқына «адал» екенін одан әрі дәлелдей түсу үшін соңғы үш-төрт жылда әсіре украиншіл болып, ресми Мәскеуге доқ көрсете дікеңдеп сөйлеп жүрген Арман Шораев секілді қазақтың ұлтшыл патриоттарын да жамандап тастады. Оның айтуынша, Шораевтартың украиншілдігі – өтірік, олар жалған қоғамдық пікір қалыптастырып, жұртты алдап жүр екен...

Дегенмен, қаншама тырысса да, Әбілязов өзінің Украинаға адалдығын дәлелдей алмаған сияқты. Сондықтан ол украиншіл риториканы бәсеңсітті, қазір тіпті үні есітілмейді. «Жағына беріп неғылам, бәрібір мені украиндар керек қылып тұрған жоқ» деп көңілі қалған шығар... Бір жағынан, Украина билігін де түсінуге болады: Тоқаев - президенттік басқару жүйесіндегі республиканың басшысы – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын анықтап отырған лауазымды адам, ал украиндар үшін Әбілязов қаймана қазақ қой...

Ораз Әлімбеков

(Материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Бақ-бақ 29.09.2023 87

Қатысты мазмұн