«Адал» «күмәнді» кандидаттардан арылды. «Нұр Отан» ше?

none

Бұрын «Бірлік» аталған «Адал» партиясы сиезінде Мәжіліс депутаттығына 20 кандидат ұсынған. Қазіргі тізімде 16 адам қалды.

Кандидаттар тізімінен шығарылғандардың бірі – журналист Қожамқұлов (суретте) - осы жылдың басында ақын Мақпал Мысаның шығармашылық кешін өткізу үшін тендер арқылы 28 млн теңге «ұтып» алған «Арда» компаниясының директоры. Ақын кеші өтіп кеткен соң, бір айдан кейін Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасымен келсімшарт жасасқан компанияның қызметі күмәнді. Баспасөз бен әлеуметтік желіде журналистке де, ақынға да қатты сын айтылды. Себебі екеуі де, бірі «Адалдың», екіншісі «Нұр Отанның» кандидаттар тізіміне еніп кеткен. Елді елеңдеткен электоралды кезеңде мұндай күмәнді оқиға сайлауда халық талқысына түскелі жатқан саяси ұйымға абырой әкелмейтіні анық. Сондықтан «Адал» партиясының басшылығы әбжіл қимылдап, қателігін тез тұзетті.

«Азаттық радиосына» сұхбат берген «Адал» партиясының аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиев журналист Қожамқұловтың тізімнен шығу және партиядан кету туралы шешімді «өз еркімен» қабылдағанын айтады. Ойланып-толғанған Қожамқұлов «менің жеке іскерлік әрекеттерім партияға көлеңке түсірмесін» деген шешімге келген. Ол кандидаттықтан және партияның саяси кеңес мүшелігінен, партияның астаналық филиалының төрағасы қызметінен «өз еркімен» бас тартқан. Партияның аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиевтің айтуынша, журналист Қожамқұлов «Адалдың» мүшесі болып қала береді.

«Адал» партиясының басшылығы Қожамқұловты кандидаттықтан шеттетуде қоғамдағы жағымсыз пікірге ғана құлақ аспаған секілді. Себебі, астаналық Мәдениет басқармасының жетекшісі Нұрлан Сыдықов осы жазда 10 млн теңге пара алды деген айыппен қамауға алынған. Ол параны 2020 жылғы Наурыз мейрамын тойлауды ұйымдастыру үшін 195 млн теңге алған компанияның мүддесіне қызмет еткені үшін алған. Нұрлан Сыдықов бұл қызметке 2019 жылдың тамыз айында келген болатын... Қазір оған және онымен байланыста болған компанияларға қатысты тергеу жүріп жатыр. Сондықтан «Арда» компаниясының директоры Қожамқұловтың «Адал» партиясындағы қызметтен шеттетілуі және кандидаттар тізімінен шығарылуы осы іспен байланысты болуы да мүмкін.

«Адал» партиясының депутаттық кандидаттар тізімінен шығарылған тағы біреу – атыраулық кәсіпкер Халиолла Ақдрашев. Ол – атышулы Ибрагим Ақдрашевтың ұлы. Бұл әулет жөнінде serke.org сайты екі мақала жазды. «Атыраудағы тұрақсыздық «вирусы» (https://serke.org/news/atyraudaghy-turakhsyzdykh-virusy) атты мақалада Ибрагим Ақдрашевтың коронавирус індетіне қарсы күресіп жатқан Қазақстан үкіметінің саясатына әдейі кедергі келтіргені айтылды. «Адольфтің» баласы «Адал» партиясында жүр» (https://serke.org/news/adolfting-balasy-adal-partiyasynda-zhuer) атты мақалада И.Ақдрашевтың фашизмді насихаттап жүргені жазылған және әкесінің әрекеті Мәжіліс депутаттығынан үмітті баласына зиянын тигізетіні, «Адал» партиясына абырой әпермейтіні жазылды. Сондықтан болса керек, Халиолла Ақдрашев партияның кандидатар тізімінен шығып қалды.

text

«Адал» депутаттыққа кандидаттарын електен өткізіп жатқан тұста «Нұр Отан» партияға абырой әпермейтін кандидаттардан арылуды жөн санамады. Мысалы, «Арда» компаниясы 28 млн теңгеге кешін өткізіп берген ақын Мақпал Мыса «Нұр Отанның» Мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізімінде тұр. Партияның Алматы облыстық филиалы атынан ұсынылған оның шын аты-жөні - ТАЖМАГАМБЕТОВА Макпал Мазаковна («Жетісу» газетінің корреспонденті). Ақын Нұр-Сұлтан қаласындағы 28 млн теңге жұмсалған шығармашылық кешке дейін, 2019 жылы қараша айының соңында Талдықорғанда тура сондай сценарий бойынша кеш өткізген. Сол кездегі ақпаратта ақынның шығармашылық кешін Алматы облысы әкімдігі қаржыландарғаны айтылған. Бұл шараға бюджеттің қанша қаржысы шығын болғаны әлі күнге құпия болып тұр.

«Нұр Отан» кандидаттарының тізімінде басы дауға қалған тағы бір адам бар. Ол бір кітап шығаруға бюджеттің 1 млн долларға жуық ақшасын шығындаған Саясат Нұрбек (партияның орталық кеңсесінің квотасы бойынша тізімге қосылған). Қазір ол «BTS Education» ЖШС бас директоры қызметін атқарады. Бұрын Алматы қаласы әкімдігінде ішкі саясат басқармасының жетекшісі болған. Оған қатысты дау тіпті өршіп барады. Соған қарамай, «Нұр Отан» партия сиезінде бекіткен кандидаттарының құрамына өзгеріс жасамай, Орталық сайлау комиссиясына түгел тіркетіп жіберді...

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 04.12.2020 135

Қатысты мазмұн