Абай облысындағы өрескел кадр саясаты

none

Ұранхаев өзінен сөгіс алған Аягөздің әкімін облысқа «замәкім» қылды, мұндай шешім Ақордамен «келісілген» дейді. Ал Ақорда не дейді?

2023 жылы қыркүйекте Аягөз ауданына әкім болып тағайындалған Қанат Әділбай 2024-2025 жылғы жылыту маусымына дайындық үшін бөлінетін тендерді кешеуілдеткен. Соның кесірінен Аягөзде 5 қазанда басталуы тиіс жылыту мерзімі 17 қазанда әрең басталды. 22 қазанда Аягөз тұрғындары тағы да жылусыз қалған – орталық қазандықтағы ақаудан Серғазин көшесі бойындағы құбыр жарылыпты. 4 қарашада облыс әкім Н.Ұранхаев Астанадағы коммуникациялар орталығындағы брифингте бұдан былай Аягөзді жылытуда проблема болмайтынына сендірген. Сөйтсе, мұнда гәп бар екен. 2024 жылдың 17 қазанында Нұрлан Ұранхаев Аягөз ауданының әкімі Қанат Әділбайға сөгіс беріпті (тәртіптік жаза: № 244-ж/қ, 17.10.2024). Иә, Қанат Әбілбайды тәртіптік жазаға тартатындай себеп жеткілікті тұғын: 2024 жылдың 26 наурызында Аягөз ауданында болған топансу апаты кезінде екі азамат тракторымен бірге су ортасында қалып кеткен. Олар 10 сағат бойы аудандық 112 қызметінен жанұшара көмек сұрапты. Өкінішке орай, көмек жетпеді, екі бейшараны топансу жұтып қойды...

Облыс әкімінің Астанада тұрып Аягөзді жылытуға байланысты жасаған уәде-мәлімдемесі де бекер екен. 18 қарашада Аягөздегі қазандық маңындағы трансформатордың өртенуі салдарынан қаладағы 57 көппәтерлі тұрғын үй, 56 жеке үй және басқа да 187 нысан жылусыз қалды. Ал 19 желтоқсанда осы ауданды ғана емес, Мақаншы мен Үржар аудандарын электрмен қамтамыз етіп тұрған Аягөздегі трансформатордың өртенуі салдарынан 9900 абонент жарықсыз қалды... Аягөз ауданындағы жұмысты божыратып жіберген әкім Қанат Әділбайды Абай облыс әкім Нұрлан Ұранхаев 2024 жылдың 26 желтоқсанында өзіне орынбасары қылып алды. Жалпы шенеуніктерге арналған тәртіптік жаза регламенті бойынша, сөгіс алған шенеуніктің тәртіптік жазасы 6 айдан соң кешірілуі тиіс. Әрине, осы аралықта ол тағы бірбәле жасап, бірдеңені бүлдірмесе!!! Көріп отырғанымыздай сөгіс алған Қанат Әділбайдың тәртіптік жазасының кешірілу мерзімі өтпей жатып, қызметі өсіп, облысқа «замәкім» болыпты. Жалпыға ортақ құқықтық-нормативке қайшы кадр саясатын облыс әкімдігі Ақордамен «келісілген» дейді. Сонда шенеуніктерге ортақ заңды белшесінен басып отырған Абай облыс әкімі ме, әлде Ақорда ма?.. Айтсаңдаршы, кінәні мойындау да ерлік қой...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 21.01.2025 53

Қатысты мазмұн