
Алматы қаласының ауданаралық мамандандырылған соты 26 ақпаннан бері абақтыда отырған тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамайды қамау мерзімін 12 қазанға дейін созу жөніндегі тергеу өтінішін қанағаттандырды. 31 тамызда қабылданған қаулыны қалалық соттың баспасөз қызметі 19 қыркүйекте хабарлады.
Жанболат Мамай Қаңтар оқиғасында қаза болғандарды еске алуға арналған митингіден кейін ұсталып, "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамауға алынған болатын. Одан кейін қылмыстық істе күдікті ретінде тергеу изоляторына ауыстырылған. Оны қамау мерзімі бұған дейін бірнеше рет созылған. Ал маусым айында Жанболат Мамайға Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып таққаны белгілі болған.
Ақорданың жобасы саналатын және соңғы кездегі сәтсіз «қойылымдардан» кейін жұрт арасындағы аз-маз беделінен жұрдай болған Жанболат Мамайдың «романтикалық күрескер» бейнесін сомдау процесі келесі фазасына енгені туралы жазылған болатын.
9 шілдеге дейін күдікті ретінде тергеу изоляторында отыратын ол «жанрдың классикасы» қағидатын ұстанып «абақтыдан хат» жазған еді. Хатында халықты ертең болатын сотқа қатысуға шақырып, онда биліктің жасаған қылмысын ашық айтуға уәде берген.
Бірақ, бір қызығы, содан бері Мамайдың соты туралы еш хабар берілген жоқ. Соттың болған-болмағанын және жалпы тергеудің барысы туралы ешкім білген жоқ. Ал 31 тамызда оны қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданғаны жөнінде 20 күннен кейін хабарланғаны және бұған Мамайдың өзінің де, жақтастарының да тіс жармауы күмән туғызады.
Соған қарағанда, Мамайдың саяси аренадағы ендігі атқаратын рөлі айқындалмай, одан Мандела сомдауға болатын-болмайтыны шешілмейінше «жоба» «паузада тұрады». Қалай болғанда да бәрі 12 қазанда белгілі болар.