«Зікіршілерден» жік шықты...

none

Өздерін Ясауи тариқаты санайтын «зікірші» сопылардың ішінен жік шықты. Тариқаттың үшінші деңгейдегі тақсыры Санжар Керімбайдың баласы Шыңғыс Санжарұлы бірінші тақсыр Исматулла пірді «Ресейден Махди шығады, Путин оған қол береді» деп қуып жүрген фанатик» деген сөзімен түйреп тастады. Бұған ызаланған екінші тақсыр Саят Ыбырай «...балаңның әдепсіздігі үшін елдің алдында бір ауыз кешірім сұра» деп Санжар Керімбайға дүрсе тап берді.

Кезінде Маңғыстаудың дүлділ жырауы атанған, кейін Исматулланың мүриді болып, тариқаттың әнін шырқап кеткен Елдос Еміл Шыңғыс Санжарұлын шайтанға теңепті. « Жігіттер, шайтан қақпақты ашып кетті. Себебі жүректен сенім қашып кетті. Қайтайық райдан, қорқайық Құдайдан!» деп бірлікке шақырып жатыр.

Бұрқ ете қалған осы бір дауды тариқаттың тоталитарлық құрылымдық жүйесі мен идеологиясына қанықпаған көп адам түсіне бермейді. Сондықтан қысқаша анықтама бере кетейік.

2010 жылы «зікіршілердің» оншақты басшысы сотталды. Тариқаттың пірі Исматулла мен профессор Саят Ыбырай ұзақ мерзімге сотталды. Екінші тақсыр Нарымбай Разбекқажыұлы қазақ полициясынан қашып жүріп Түркияда жүрек талмасынан қайтыс болды. Сондықтан қазір Саят Ыбырай екінші тақсыр дәрежесіне көтерілді.

«Зікірші» сопылардың басы қылмыстық жауапкершілікке тартылғанда Санжар Керімбай мен сол деңгейдегі (тариқат иерархиясы бойынша) «журналист-тақсырлардың» қылы да қисаймады. Ешбіріне қарсы қылмыстық іс қозғалған жоқ. Тариқатты ішіндегі өсек-аяңда үшінші деңгейлі тақсырлардың күдіктілерге қарсы құпия куәлік беріп, тергеуге септескені айтылған. Исматулла пір түрмеден мерзімінен бұрын шыққан кезде үшінші деңгейлі тақсырлар оның қолын алып, сәлемдесуге бармаған. Сол қылығы үшін Санжардың ұятына, мүридтік парызына күмән келтіріп, сыни пікір де жазылған.

Исматулла пір мен екінші тақсыр Саят Ыбырай түрмеден шартты түрде босап шықты, қазір де олардан бақылау алынбаған секілді. Соған қарамай, Исматулла қасына мұрагер ұлын ертіп алып Татарстан мен Башқұртстанға, одан кейін Түркияға сапарлады. Ол «Махди Ресейден шығады...» деген сөзді осы сапар кезінде айтты. Мұның алдында Путинді «Пөтенжан...» деп еркелетіп, оны әлемдегі әділетті патша санап, бір-екі мәрте Ресей президентіне жағына сөйлеп видео үндеу жасаған. Кейбір болжам бойынша, Исматтула пір Ресейдің «орыс әлемі» саясатының діни идеологиялық саласының насихатына тартылған. Бұл болжамның негізі бар. Ясауи атымен құрылған су жаңа діни идеологиялық жоба да Ресейдің Шешенстандағы «рамзанизация» жобасының соңын ала бере пәрменді әрекетке көшті. Шешенстанда діни қызмет атқарған, кейін муфти болған Ахмат Кадыровты президент етіп «сайлады», қазір елді соның ұлы Рамзан басқарып отыр.

Сол кездегі Қазақстан билігі де Ресейдегі діни идеологиялық жобаға ұқсас «ойынды» тәжірибеден өткізбек болды ма, әлде бұл да «теріскейдің» жобасы ма, әбден құпияланған нәрсені қайдан білеміз, Ясауи атымен тариқат құру үшін 90-шы жылдардың соңында Пешавардан (Пәкістан) Исматулланы алдырған. Бұл операцияға мұрындық болған Ғалым Боқаш екені мәлім.

Секта дейміз бе, басқа дейміз бе, кез келген діннің атын жамылған идеологиялық ағым саяси билікке ұмтылады. Сопылық тариқаттар елдегі саяси билікті қолына алудың сценарийін тәптіштеп жазып тастаған, оны талай мәрте жүзеге асырды да.

Мұндай тариқаттардың қыр-сыры, ұңғыл-шұңғылы көп – айта берсең, сөз таусылмайды. Осы тұста, «зікіршілердің» ішінен жік шыққан кезде Махди (қазақ қисасында Мәді деп аталады) идеясына қысқа тоқтала кетейік. Бұл идеяны қазіргі түсінігіне жеткізген шиғалар. Ислам саяси билік мәселесі бойынша екіге жарылған. Шиғалар «біз өмір бойы сүнниттерден зәбір көріп келе жатырмыз» деген пропаганданы идеологияның желісіне салып алған. Яғни, әлем әділетсіздікке толып, имансызданып бара жатыр. Сондай қиын-қыстау заман шегіне жеткенде жер астынан Мәді шығады да, бәрін орнына қояды, әділдікті қалпына келтіреді. Мәді миссиясын жүзеге асыратын оның көмекшілері, әскері халық ішінен шығады. Олар Мәдіге «қол береді», яғни, Мәдіге имандай сеніп соның артынан ереді-мыс. Исматтула пірдің «Ресейден Мәді шығады, Путин оған қол береді» деп айтуын басқаша да тәпсірлеуге болады. «Қол беру» ерекше қасиетті алу деген де мағына береді. Мұндай жағдайда Мәді мен Путин тұтасады. Исматулла әлемдегі әділет орнататын Мәді деп Путинді меңзеп отырғанын жоққа шығара алмаймыз.

Исматулла айтқан сөздің Шыңғыс Санжарұлының шамына тиюінде де гәп болуы мүмкін. Исматулла шетел сапарында қасына ұлын ертіп жүргенін айттық. Бұл жай жүріс емес. Шиғалық идеология бойынша билік қан арқылы, яғни әкеден баланың қолына берілуі тиіс. Шиғалар мен сүнниттердің арасындағы даудың негізі осы. Исматулла да баласын Ресей мен Түркияның сопыларына бекерге таныстырып жүрген жоқ. Оны ол «зікіршілердің» пірі етіп тастап кетуді ойлайды. Сірә, бұл амбициясы бар Санжар Керімбайды қатты мазалаған секілді. Сондықтан «Ол өзі айта алмайтын сөзді ұлының аузына салды ма?!» деген болжам айтуға болады.

Айдары: Текемет 24.10.2022 113

Қатысты мазмұн