Амалдан Наурызға шейін

none

Наурызнама құтты болсын! Қазақтың жаңа жылы – әз-Наурыз дегенді жиі айтамыз, бертінге дейін Ұлыстың ұлы күні жалпыхалықтық сипат алса да оның бірегейлігін ілгерілетуге аса мән бермей келдік. Еліміздің әр өңірі шама-шарқынша Наурыз мейрамын тойлайтын. Сол себепті дәстүрлі концерттер, киіз үй, наурыз көжеден басқа есте қалатын ештеңесі қалмайтын. Ортақ бірізділік жоқ еді.

Былтыр енгізілген Наурызнама тұжырымдамасы бұл қасаң пікірді түбегейлі өзгертуге тиіс. Өйткені оған қажетті бүкіл алғышарттар жасалды. Ұлыстың ұлы күнін тойлау Амал мерекесінен басталып, он күнге созылады. Әр күннің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл тұжырымдама аспаннан алына салған жоқ. Ата-бабамыз кезінде әз-Наурызды он күн тойлағаны тарихтан белгілі. Батыс өңірлерінде Наурыздың басы Амал болған. Басқаша Көрісу күні деп те атайды. Бүгін президент Тоқаев Қазақстан халқын осы Амал мерекесімен құттықтады. «Сіздерді әз-Наурыздың бастауы – Амал күнімен шын жүректен құттықтаймын! Амал келгенде амандық білісу – көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз» депті ол өз құттықтауында.

Қазіргі таңда әлемге танымал мерекелердің кез келгенін алып қарасаңыз, бәріне ортақ дүниелер бар екенін байқау қиын емес. Біріншіден, мейрам белгілі бір тарихи оқиғаға немесе ұлттық құндылықтарға негізделеді. Мысалы, француздар Бастилияның алынған күнін ерекше атап өтеді. Ал біздің жаңарған Наурызнамамыз да ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін тоғыстырып, құндылықтарымыздың насихаты есебінде.

Екіншіден, Амалға мемлекеттік мереке мәртебесі берілуге тиіс. Ал Наурызымыз 2009 жылдан бері мемлекеттік мейрам қатарына кірген. Үшіншіден, мейрамның насихаты кең көлемде жүргізілуге тиіс. Былтырдан бастап Наурызнама елімізде жаппай насихаттала бастады. Бұл да оң ықпалын тигізуге тиіс. Сол секілді символдық белгісі, экономикалық пайдасы болуы қажет. Бұл шарт та жаңарған Наурызнамадан табылып отыр.

Ендігі жерде Наурызнама жәй ғана қазақтардың жаңа жылы ғана емес, ұлттық бірегейлікті нығайту, қоғамдық татулықты арттыру, рухани жаңғыру десек, қателеспейміз. Ұлыстың ұлы күнін біріңғай тойлау мейрамның ұлттық бренд ретінде қалыптасуына, мәнін тереңдетуге үлкен үлес қосады.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 14.03.2025 33

Қатысты мазмұн