"Ибраһим келісімін» ойлап тапқан АҚШ па, Израиль ме, бұл маңызды емес. Маңыздысы – «келісімнің» жүзеге аса бастағаны. Інжіли аңыз бойынша, бірқұдайшыл үш діннің (иудаизм, христиан және ислам) бастауында тұрған Ибраһим пайғамбардың бәйбішесі Сарадан туған ұлы Ысқақтан – еврейлер, тоқалы Ажардан туған Исмаилдан арабтар тараған ғой. «Алғашында Ажар Сараның күңі болған», «Сара құрсақ көтермей жүрген соң Ибраһим Ажарды тоқал қылған», «Ибраһим Ажарды ұлы Исмаилмен бірге Меккенің маңынан апарып тастап кетті», «содан кейін Сара Ысқақты туды, яғни Исмаил – Ибраһимнің үлкен ұлы, ал Ысқақ кіші ұл» сияқты аңыздың қосымша тәпсірлері еврейлер мен арабтардың арасына сына қағудың идеологиясына, аумалы-төкпелі тарихи кезеңдерде этносаралық конфронтацияға негіздеме болды.
Христиандардың пайғамбары Иса Мәриямұлы да Ысқақтың ұрпағы саналады. Құранның Фатиха сүресіндегі «адасқандарды» - христиандарға, «қаһарға ұшырағандарды» иудейлерге теңеп тәпсірлеу де ислам әлемінің антагонизмін күшейтті. «Ибраһим - үш діннің де бастауында тұр, Ибраһим – Мұса, Иса және Мұхаммедтің атасы» дегенді негізге алған «Ибраһим келісімінің» концепциясына симайтын христиан әлемі мен мұсылман әлемінде екі бағыт бар – православие және шиизм (шиғалар). Православие - Рим империясына бағынбай кеткен Византияда негізін салды. Ал шиғалар (аш-Шиа -партия) Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғанда «Әбубәкірді емес, Әлиді халиф етіп тағайындау керек» деген ұстанымнан қасарысып қайтпай қалды. Ол кезде бұларды «әлишілер» деп атаған. Әли 4-ші халиф болды ғой, бірақ одан кейін ислам халифатының тізгінін сүниттер ұстады. VII-ғасырдың соңында шиғалар Құсайын Әлиұлын (Мұхаммед пайғамбардың туған жиені) халиф қыламыз деп жанталасты. Оны құрайыш руынан шыққан Язид халифтің әскері Кербала шөліне тықсырып өлтірді. Осыдан кейін шиғалар суниттердің бітіспес оппозициясына айналған. Исламның шиғалық бағыты 1979 жылғы Ирандағы төңкерістен кейін мемлекеттік идеология болды. Ирандағы ең жоғарғы лауазым – Аятолла (Алланың жердегі нышаны). Ол бәріне – өкіметке де, әскерге де, сотқа да өкімін жүргізетін экстра-диктатор.
Иран шиғалық мемлекет болғандықтан АҚШ пен Израиль бастамашы болған «Ибраһим келісіміне» қосылмайды. Аятолла режимі АҚШ-ты - «дәу шайтан», Израильді «кішкентай шайтан» деп атайтын ұстанымынан танбай отыр. Әзірге «Ибраһим келісіміне» Израильді қоса есептегенде 5 ел - БАӘ, Бахрейн, Марокко, Судан қол қойды. Қазақстан президенті Тоқаев - бұл келісімге қосылуға ниет білдірген жалғыз мемлекеттің басшысы. Оның позициясы дұрыс сияқты, себебі Қазақстанда шиғалар жоқ және мұндағы мұсылмандар өздерін сунит санайды.
Қазір әбден ашынған Иран билігінің аймақтағы араб елдерін зымыранмен атқылауы және алыстағы Еуропа елдеріне қарай дрон жіберуі «бәйбіше» мен «тоқалдан» туғандардың ықпалдасу процесін жеделдететін сияқты. Әсіресе, Парсы шығанағы маңайындағы араб елдері Ираннан мұндай сойқан күткен емес. Сондықтан саяси тұрақсыздықтан көз ашпаған аймақтың қауіпсіздігі мен саяси-экономикалық тұрақтылығын күйттеген АҚШ пен Израиль ұсынған «Ибраһим келісіміне» қол қоюға асығатын елдер саны көбейеді.