Қазақстандағы православие шіркеуінің басшысы «Украина дұшпандарының» тізімінде тұр

none

Еліміздегі Ресей православие шіркеуінің Қазақстан және Астана митрополиті Александрді (Могилев) «Миротворец» сайты «Украина дұшпандары» тізіміне қосыпты. Бұл Қазақстанмен байланысты үшінші адам. Биыл «Миротворец» сайты ОДКБ-ның бұрынғы хатшысы Иманғали Тасмағамбетов пен бизнесмен Гаджи Гаджиевті тізімге қосқан. Оларды не үшін «қара» тізімге қосқанын мынау сілтемеден оқыңыздар - https://www.facebook.com/share/p/1GjLdHJpBG/ Дегенмен, Украинаның күштік құрылымымен астыртын байланысы бар сайт И.Тасмағамбетов пен Г.Гаджиевке қатысты «ликвидация» («көзін жою») деп жазбады. Ал 2010 жылдан бері Қазақстанда митрополит қызметін атқаратын Ресей азаматы Александр Могилевтің тұсына «Миротворец» сайты «ликвидация» деп жазып қойыпты. Сондай-ақ, Украина армиясының Бас барлау басқармасының сайтында да Қазақстан және Астана митрополиті Александр «ликвидация» жасалуы тиіс адамдар тізімінде Ресей Православие шіркеуінің патриархы Кириллмен (Гундяев) бір тізімде қатар тұр. «Миротворец» сайты митрополит Александрді «соғысты пропагандаушы» деп көрсеткен.

Биыл көктемде Украинада соғысып жатқан Ресей армиясының «Терек» атты батальоны Қазақстан және Астана митрополиті Александрге 120 мм минаның корпусына ойып салынған Александр Невскийдің иконасын жіберді. Әрине, мұнда құқық бұзушылық бар. 120 мм мина гильзасын Қазақстан шекарасынан қалай өткенін қауіпсіздіке жауапты органдар тексеруі тиіс және бұл іске құқықтық баға берілуі қажет. Екіншіден, орыстың «Лес рубят — щепки летят» деген мақалы бар. Осы қауіп-қатердің алдын алу үшін Қазақстан билігі елімізде діни қызмет атқарып жүрген Ресей азаматын, митрополит Александр Могилевті басқа біреумен шұғыл алмастыру жөнінде Ресей православие шіркеуіне талап-өтініш жолдауы керек. Себебі, Украинаның құпия барлау қызметі митрополит Александрді «ликвидация» жасауды көздейтін әлдебір операция жасаған жағдайда бейкүнә қазақстандықтар зардап шегуі мүмкін. Үшіншіден, Қазақстандағы православие шіркеуінің басшысы Қазақстан азаматы және талай адамның сорына тышатын соғысқа қарсы дін адамы болғаны жөн. Мысалы, Қазақстанда туып-өскен иеромонах Иаков Воронцов немесе Кенесары ханның ұрпағы иеромонах Серафим әкей (Денис Анатольевич Кенесарин) бар...

Кейбір мәліметте азаматтық қоғам тарапынан қатты сынға ұшыраған Наурызбай Өтпеновтің ҚМДБ төрағасы, бас мүфти болып екінші мерзімге қалуына митрополит Александр Могилевтің ықпалы болғаны айтылады. Мұнда қандай гәп бар: ҚМДБ ұйымы Жарғысы бойынша демократиялық ұйым болып құрылған. Бас мүфти лауазымына бірнеше дін адамы таласып, мұсылмандардың құрылтайында ашық дауыспен сайлануы тиіс. Дегенмен, былтырғы сайлауда Наурызбай Өтпеновтің бәсекелесі болған жоқ. ҚМДБ да Ресей православие шіркеуінің қалыбына (форматына) түскен секілді. Себебі, православие шіркеу басшысы қайтыс болғанда немесе діни лауазымын атқара қалмай қалған жағдайда ғана ауыстырылады. Егер Наурызбай Өтпеновті митрополит Александр қолдап, оны Бас мүфти қылуға әсер етті десек, онда Ресей православие шіркеуінің Қазақстандағы өкілі ҚМДБ ұйымының ішкі ісіне араласып отыр деген тұжырым жасауға болады. Еліміздің заңдары бойынша, ішкі сайлауларға сыртқы күштердің ықпал жасауына болмайды. ҚМДБ-ны түбегейлі реформа жасау күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе, Ал Бас мүфти Наурызбай Өтпенов болып тұрғанда реформа мүмкін емес. Ал ол әлдебір саяси күштердің арқа сүйеп, Бас мүфти лауазымынан кетпей отыр. Мұндай жағдайда ҚМДБ-ны қалай реформалаймыз?!. Эх, бір реформасы кем қу дүние-ай

Айдары: Текемет 10.12.2025 104

Қатысты мазмұн